Қазіргі таңда елімізде бұл мәселе Аграрлық несие корпорациясы арқылы шешілуде. Қарағанды облысында соңғы бес жыл ішінде агробизнесті дамытуға 104 миллиард теңге берілді.
– Аграрлық несие корпорациясының мақсаты – қолжетімді және тиімді қаржыландыру жүйесін құру арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына жәрдемдесу. Аграрлық несие корпорациясы түрлі несие бағдарламасын ұсынуда. Мәселен, Кең дала, Кең дала 2, Іскер, Агробизнес деген бағдарламаларымыз бар.
Бүгінгі күні Қарағанды облысы бойынша филиалы аймағымыздағы 3 мыңдай шаруа қожалығына өз қызметін көрсетуде.
Соңғы бес жыл ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қарағанды филиалы арқылы Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешеніне 104 миллиард теңгеден астам қаржы берілді. Оның үштен бірінен астамы – 41,25 миллиард теңге – өткен жылы және 2026 жылдың алғашқы алты айында игеріліп, өңірдегі 600-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілді, – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Мусреп Хасенов.
Оның айтуынша «Кең дала 2» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыру жұмыстары мерзімінен бұрын жүзеге асырылған.
Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала 2» бағдарламасы аясындағы төмен пайызбен берілетін жеңілдетілген қаржыландыру жергілікті шаруа қожалықтарының көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуді айтарлықтай жеңілдеткен.
Өтінімдерді жедел қарау маусымға алдын ала қамдануға мүмкіндік берсе, өнім жиналғаннан кейін қаражатты қайтарудың қолайлы кестесі келесі жылдың жұмысын тиімді жоспарлауға жол ашқан.
Яғни, осы бағдарлама аясында өңірдегі 175 шаруашылық жаппай дала жұмыстары басталғанға дейін 15,48 миллиард теңге алды.
– Агробизнес үшін мұндай қарқынның маңызы зор. Жылдық 5% мөлшерлемемен берілетін қолжетімді несиелер фермерлерге техника алқапқа шыққанға дейін тұқым, дизель отыны және қосалқы бөлшектер қорын алдын ала дайындауға мүмкіндік берді, – дейді Мусреп Хасенов.
Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың толық қорытындысы бойынша филиал аграршыларға 25,78 миллиард теңге несие берген.
Сонымен қатар, 2026 жылы негізгі басымдық қайта өңдеу саласы мен мал шаруашылығына берілді. Азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау бағдарламасы аясында облыстың оннан астам тамақ өнеркәсібі кәсіпорны 4 миллиард теңгеден астам қаржы алды. Олардың қатарында өңір тұрғындарына жақсы таныс «Нәтиже сүт фабрикасы», «Ақнар», «Волынский » және «Дамир АА» брендтері бар.
Айта кету керек, «Аграрлық несие корпорациясының» қолдауы нәтижесінде айналым қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты өндірістік қуаттары толық пайдаланылмаған қайта өңдеу кәсіпорындары өндіріс көлемін 80-100%-ға дейін арттырды. Осының арқасында зауыттар қажетті шикізатпен қамтамасыз етілсе, фермерлер тұрақты өткізу нарығына ие болды.
Бұл тетіктердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін Осакаров ауданындағы шаруашылықтардың мысалынан көруге болады.

Өзінің элеватор кешені мен автопаркі бар «Батаева» астық өндіруші ЖШС «Кең Дала-2» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру мен жаңа технологиялардың арқасында егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайтып келеді.
– Біздің қожалық астық шаруашылығымен айналысады, 2500 гектардай жерге дәнді-дақыл егеміз. 2019 жылдан бері «Аграрлық несие корпорациясының» қолдауын көріп келеміз. Осы уақыт аралығында біз екі «Кировец», «Ютонг» тракторын, Акрос, Вектор комбайндарын алдық. Негізінде өз қаражатымызға да осы техникаларды ала алар едік. Бірақ, мемлекеттің қолдауы, субсидияның арқасында біздің шаруалық жылдам жетістікке жетіп, іргелі шаруа қожалықтың біріне айналады деген сенімдемін, – дейді «Батаева» астық өндіруші ЖШС басшысы Ризван Батаев.
Ал Осакаров ауданы Садовый ауылында тұратын Қаймақовтар әулеті ауыл шаруашылығымен айналысады және қайырымдылық істерімен танымал. «Жасұлан» шаруа қожалығының басшысы Медеубай Сайлауұлы өз қаражатымен туған ауылына жаңа мешіт салдырғанымен де белгілі.
Медеубай Қаймақов басқарып отырған қожалықта 1000 жылқы, 300 сиыр, 200 қой да бар. Олар сүт фермасын ашқан және ауылдың 14 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Шаруашылықты 2025 жылдан бастап, басқарып келемін. Қазір екі ұлым өсіп қолғанат болып отыр. Біздің «Жасұлан» шаруа қожалығы Аграрлық несие корпорациясынан жүйелі түрде қаржыландырылуда. 2024 жылы шаруашылық «Агробизнес» бағдарламасына қатыссақ, 2026 жылы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі кідіріссіз жүргізу үшін «Кең Дала» бағдарламасына қосылдық.
Техникалық базамызды жаңарттық. Аграрлық несие корпорациясының қаражатына төрт комбайн, бюлер комплексін және де басқа арнайы техникалар алдық. Ауылды көтеруге еңбек етіп жатқан оларға тек алғыс айтамыз, – дейді «Жасұлан» шаруа қожалығының басшысы Медеубай Сайлауұлы.
25 жыл бойы ауыл шаруашылығын шаруа қожалықтарымен, ауыл еңбеккерлерімен бірге дамытып келе жатқан Аграрлық несие корпорациясы осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығына 6,1 трлн теңге инвестиция жасады, 189 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды, 994 инвестициялық жоба іске асты, оның 955-і бүгінде табысты жұмыс істеп тұр.
Бұл сандардың негізінде жаңа ферма, заманауи қайта өңдеу кәсіпорындары, мыңдаған жұмыс орны, игерілген миллиондаған гектар жер және қазақстандықтардың дастарханына күн сайын жететін сапалы өнімдер тұр.
