Кейінгі жылдары әлемдік премьералар қазақ тілінде сөйлей бастады. Отандық киноөндірістегі осындай игі бастаманың бел ортасында жүрген кәсіби мамандардың бірі – Шах-Мұрат Ордабаев. Он жылдан астам уақыттан бері дубляж саласымен айналысып келе жатқан ол 50-ге жуық фильмге режиссерлік етіп, ондаған кейіпкерді өзі дыбыстаған. Жақында режиссермен қазақ дубляжының бүгінгі деңгейі, көрермен талғамы, прайм-тайм мәселесі, дубляждағы локализация ерекшелігі және саланың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры туралы AIQYN тілшісі сұхбаттасты.
AIQYN тілшісі Бір сұхбатыңызда «Біздің басты трагедиямыз – өз тілімізге, Қазақстанда жасалған деген өнімге әлі де сенбейтініміз» деп айтып қалдыңыз. Бұл қайдан қалыптасқан сенімсіздік?
Шах-Мұрат Ордабаев: Бұл – мен бұрыннан айтып жүрген мәселе. Егер нақты дубляж бен медиа саласы төңірегінде айтсақ, оның түп-төркіні адамның ана тілімен тікелей байланысты. Егер баланың ана тілі қазақ тілі болса, отбасында әке-шешесі, ата-әжесі, бауырлары қазақша сөйлесе, онда қазақ тіліндегі контент оған жат көрінбейді. Ол сыртта, мектепте немесе университетте өзге тілде сөйлесе де, үйдегі негізгі тіл қазақша болса, екі тілді қатар меңгерген адам ретінде қазақша фильмді де, ақпаратты да, кітапты да оңай қабылдайды. Өйткені бұл – оның санасына ең алғаш сіңген, түйсігінде орныққан тіл. Ал кейін меңгерген тілдер көбіне қарым-қатынас құралына айналады. Адамның ойлау жүйесінде әуелі ана тіліндегі ұғым қалыптасады.
Керісінше, егер баланың тілі орысша шығып, қазақ тілі кейіннен меңгерген екінші тілге айналса, қазақша ақпаратты қабылдау ол үшін салмақ салуы мүмкін. Өйткені ол қазақ тілін табиғи тіл ретінде емес, кейіннен игерген құрал ретінде қолданады. Ал қазақтілді контентті агрессивті түрде қабылдамауға көп жағдайда контенттің түсініксіз немесе сапасыз болуы себеп болады. Кейде қазақ тіліндегі фильмдер көрерменге ауыр, түсініксіз немесе жасанды естілуі мүмкін. Оның себебі – үйде еститін күнделікті қазақ тілі мен телеарнадан, көркем әдебиеттен немесе күрделі фильмдерде қолданылатын қазақ тілінің бір-бірінен алшақтығы. Біз күнделікті өмірде көркем әдебиеттегідей бай тілмен сөйлей бермейміз.
Балаларымызбен бірге отырғанда сол деңгейде ой қозғап, ой өрбіте алмаймыз. Өкінішке қарай, бұл қоғамда білім мен тілдік мәдениетке қатысты жиі кездесетін трагедиялардың бірі. Егер бала көркем әдебиетке қанып өссе, оған қазақ тіліндегі дубляжды қабылдау қиынға соқпас еді. Әрине дубляж көрерменнен арнайы тілдік дайындықты талап етпеуге тиіс. Бірақ әлемнің көптеген елінде сапалы әдеби тілдегі дубляж қалыпты құбылыс саналады. Біз де сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Қазақ тіліндегі контентке жатсына қараудың астарында адамның тілдік ортасында өзге тілдің үстемдік етуі жатыр деп білемін.
Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыз
