Бүгін, 13 қыркүйекте Алматы мен Ақтөбеде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазгидрометтің мәліметінше, мұндай кезде желдің бәсеңдеуі, тұман және температуралық инверсия салдарынан зиянды заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналып қалады.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада, әсіресе көлік көп жүретін жолдар мен ауаны ластайтын нысандардың маңында ұзақ уақыт жүрмеуге кеңес береді.
Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуді шектеу ұсынылады. Ал жүрек-қан тамырлары, өкпе және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүрген жөн.
Сондай-ақ ашық ауадағы дене белсенділігін азайтып, спортпен жабық ғимараттарда айналысуға кеңес беріледі.
