Осы тұрғыда Шымкент қаласында отбасы институтын нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға ерекше мән берілуде. Қаладағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандырумен қатар, тұрғындардың бірге уақыт өткізуіне, балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретін орындар қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
Отбасы күні қарсаңында қалада ашылған «Бақытты жанұя» аллеясы – осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі. Жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, атқарылған жұмыстармен танысты. Жаңа жобаның бой көтеруіне меценат, «Әділет» партиясы әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Әйелдер қанатының» төрағасы Наргиза Керимбаева демеушілік жасаған. Бұл мемлекеттік және қоғамдық бастамалардың өзара сабақтастығының бір көрінісі.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аллеяның абаттандырылуына оң баға беріп, мұндай қоғамдық орындардың тұрғындар үшін маңыздылығына назар аударды. Себебі заманауи қала тек инфрақұрылымы дамыған орталық қана емес, ең алдымен, тұрғындарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік беретін орта болуы қажет. Ал отбасы мүшелерінің бірге демалып, балаларымен уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасау – осындай ортаның маңызды бөлігі. «Бақытты жанұя» аллеясы осы талаптарға сай жасақталған. Аумағы толық көгалдандырылып, автоматты суару жүйесі орнатылған. Жаяу жүргіншілерге арналған арнайы төсемдер төселіп, орындықтар қойылған. Субұрқақ пен заманауи LED жарықтандыру жүйесі де қоғамдық кеңістіктің жайлылығын арттыра түседі.
Аллеядағы ата-ана мен баланың байланысын бейнелейтін отбасылық композиция ерекше мәнге ие. Бұл мүсін сәулеттік нысан ғана емес, отбасы бірлігінің, ата-ана мейірімі мен ұрпақ сабақтастығының символы ретінде қабылданады.
Отбасы құндылығын нығайту тек жайлы орта қалыптастырумен шектелмейді. Бұл бағытта Шымкентте жастармен жұмыс істеу, оларды отбасылық өмірге дайындау, ата-ана жауапкершілігін түсіндіру де маңызды. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде «Отбасы – бақыттың бастауы» атты тағылымды кездесу өтті. Жастармен жүздесуде отбасының қоғамдағы орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ұлттық құндылықтардың маңызы және болашақ отбасына дайындық мәселелері талқыланды. Жиынға Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Баян Жандосова, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов, сонымен бірге «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов қатысып, жастарға отбасы құндылығының маңызын түсіндірудің қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар кездесуде көпбалалы аналардың қоғамдағы орнына да ерекше назар аударды. Шымкент қаласында 58 мың көпбалалы ана бар. Оның ішінде 10 мыңы – «Күміс алқа», 4 мыңы – «Алтын алқа» иегері. Бұл көрсеткіш Шымкенттегі отбасы институтының әлеуметтік маңызын айқын аңғартады. Көпбалалы аналардың еңбегі өз отбасына ғана емес, қаланың демографиялық және тәрбиелік әлеуетіне қосылған маңызды үлес.
Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қаланың қоғамдық кеңістіктерінен де, жастармен жүргізіліп жатқан тәрбиелік кездесулерден де көрініс табуда. Қала басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан осындай бастамалар тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды күнделікті өмір салтының бір бөлігіне айналдыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстар қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, оның ертеңгі келбетіне салынған маңызды инвестиция деуге болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
