Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірімнің өліміне әкелген атысқа қатысты алты адамға сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға былтыр қарашада Түлкібас ауданында болған. Бетперде таққан бірнеше адам көшеде тұрған төрт жігітке қарудан оқ атқан. Салдарынан 17 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмып, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қылмыстық іс бойынша жеті адам күдікке ілінген. Олардың біреуі әлі іздеуде, оған қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ұсталған алты адамның ісі сотта қаралды.
Мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, сотталғандардың үшеуі оқиға орнына барып, жәбірленушілерге оқ атқан. Қалған үшеуі шабуылға тікелей қатыспағанымен, қару қолданылатынын алдын ала білген. Бірақ бұл туралы полицияға хабарламаған.
Сот шешімімен негізгі айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза тағайындау кезінде оның бұрын қылмыс жасағаны ескерілген. Тағы екі адам 18 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Қылмысты жасырғаны үшін екі адам үш және екі жылға сотталды. Тағы бір адамның бас бостандығы 2 жыл 8 айға шектелді. Кейін оған рақымшылық жасалып, сот залынан босатылды.
