Алматы бүгінде өзінің тарихи болмысын сақтай отырып, жаңа экономикалық және технологиялық кезеңге қадам басып келеді. Қаланың даму қарқыны оның инфрақұрылымынан ғана емес, білім, ғылым, туризм, мәдениет, креативті индустрия және жаңа технологиялар бағытындағы өзгерістерінен де байқалады. Ең бастысы – бұл процестердің барлығы қаланың басты құндылығы саналатын адамға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы инвестиция мен бизнестің ірі орталығына айналды
Қазақстанның ірі экономикалық орталығы саналатын Алматының экономикасы 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Елге тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы қалаға тиесілі. Мыңдаған шетелдік компания мен ірі халықаралық корпорациялардың өңірлік кеңселерінің осында орналасуы да шаһардың іскерлік әлеуетін көрсетеді. Қала еліміздің жалпы өнімінің төрттен біріне жуығын қалыптастырып, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен біріне үлес қосып отыр.
Мұндай экономикалық мүмкіндіктер қаланың алдағы даму кезеңіне берік негіз қалыптастырады. Алматы енді тек инвестиция тартатын орталық емес, жаңа өндірістер, технологиялық жобалар мен кәсіпкерлік бастамалар үшін мүмкіндік қалыптастыратын қала болуға бағыт алып отыр.
Қаланың ерекшелігі – экономика мен табиғи ортаның сабақтастығы. Таулардың қалаға жақын орналасуы Алматының туристік әлеуетін барынша арттырады. Тау кластерін дамыту арқылы Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа да туристік нысандарды біртұтас жүйеге біріктіру жоспарланған. Оның ерекшелігі – туризмді тек қысқы маусыммен шектемей, жыл бойы жұмыс істейтін бағытқа айналдыру.
2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген, оның 750 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Ендігі мақсат келушілер санын арттырумен қатар, олардың қалада көбірек уақыт өткізуіне жағдай жасау. Бұл ретте тарихи мұраның маңызы зор. Боралдай мен Есік өңіріндегі сақ қорғандары, Ұлы Жібек жолының ізі, тарихи сәулет нысандары Алматының туристік келбетін толықтыратын маңызды құндылықтарға айнала алады.
Мегаполистің көлік және инженерлік инфрақұрылымы жаңаруда
Қаланың ішкі дамуы да жаңа сипат алып келеді. Алматының болашақ келбетін қалыптастыруда полицентрлік модельге басымдық берілуде. Оның мақсаты – жұмыс орындары, білім беру, медицина, мәдениет, сауда және демалыс орындарын қаланың әр бөлігінде дамыту. Осылайша, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін бір ғана орталыққа тәуелді етпей, қаланың түрлі аудандарында толыққанды өмір сүруге мүмкіндік жасау көзделген.
Бұл тәсіл «15 минуттық қала» қағидатымен де сабақтас. Яғни, тұрғын үй, жұмыс, мектеп, емхана, дүкен және қоғамдық кеңістіктер бір-біріне барынша жақын орналасуы керек. Мұндай орта ең алдымен адамның уақытын үнемдеуге бағытталған.
Көлік жүйесін дамыту да осы міндетпен тығыз байланысты. Метро желісін батыс және шығыс бағыттарда ұзарту, ЛРТ жүйесін енгізу, сондай-ақ Sky Train жобасын қарастыру – қоғамдық көліктің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар. Көлік инфрақұрылымының жаңаруы қаланың әр бөлігін өзара байланыстырып, тұрғындардың қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Алматының жайлылығы оның инженерлік инфрақұрылымына да байланысты. Су, жылу және электр желілерін жаңғырту, коммуникацияларды кезең-кезеңімен жерастына көшіру, су ресурстарын тиімді пайдалану – ұзақмерзімді дамудың маңызды бағыттары. Сонымен қатар жауын-шашын мен қар суын қаланың экологиялық жүйесіне тиімді енгізуге бағытталған «Қала-Сорғыш» тұжырымдамасын қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.
Экологиялық ахуалды жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жылу көздерінен шығатын зиянды шығарындыларды 90 пайыздан астам азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Электр көлігін дамыту, зарядтау инфрақұрылымын қалыптастыру және көлік қозғалысының экологиялық талаптарын күшейту де осы мақсатқа бағытталған.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алматы үшін сейсмикалық қауіп маңызды фактор болғандықтан, құрылыс нысандарының беріктігіне қойылатын талаптар күшейтіліп, ғимараттардың техникалық және сейсмикалық жағдайын бағалау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығының жұмысы осы бағыттағы ғылыми негізді күшейтуге мүмкіндік береді.
Білім мен инновация қатар дамытып келеді
Қаланың ең үлкен капиталы – адам. Алматының білім мен ғылым орталығы ретіндегі әлеуеті де жоғары. Мұнда 36 жоғары оқу орны, еліміздегі ғылыми ұйымдардың үштен бірі және Қазақстан ғалымдарының 40 пайызы шоғырланған. Қала QS Best Student Cities рейтингі бойынша әлемдегі студенттер үшін үздік 100 қаланың қатарына енген.
Білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Биыл 8 жаңа мектеп іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 2 мектеп ашу жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін 69 жаңа мектеп салу көзделуде. «Келешек мектептері» жобасы аясында 34 800 орынға арналған 21 мектептің іске қосылуы да осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын көрсетеді.
Алдағы кезеңде Алматының цифрлық негізін қалыптастыру, жасанды интеллектіні қаланы басқару мен түрлі салаларға енгізу жоспарлары технологиялық дамуға жаңа серпін бере алады. Білім, ғылым, бизнес және креативті индустриялардың бір ортада тоғысуы қаланың жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Туризм мен креативті индустрия жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Алматы мәдениет пен шығармашылық үшін де маңызды алаң болып отыр. «Целинный», Almaty Museum of Arts секілді жаңа мәдени жобалар қаланың шығармашылық ортасын кеңейтсе, дәстүрлі театрлар мен мәдени нысандардың жаңғыртылуы тарихи сабақтастықты сақтауға мүмкіндік береді.
Креативті индустрияның әлеуеті де айқын. Қалада осы салаларда 144 мыңға жуық маман еңбек етеді, 46 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жасанды интеллектінің дамуы бұл бағытқа жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алматыда 2023 жылы құрылған Higgsfield AI компаниясының халықаралық деңгейдегі жетістігі де қаладағы технологиялық ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Осы өзгерістердің барлығы Алматының даму бағытының біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Қала үшін ендігі маңызды міндет – экономикалық өсімді адамның күнделікті өміріндегі нақты жайлылықпен ұштастыру.
Алматының жаңа келбеті биік ғимараттармен ғана өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – қауіпсіз орта, сапалы білім, қолжетімді медицина, заманауи көлік, таза ауа, дамыған қоғамдық кеңістік және жаңа мүмкіндіктер.
Өткен тарихы мен бүгінгі әлеуетін ұштастырған Алматы алдағы кезеңде білім, технология, туризм, мәдениет пен шығармашылық тоғысқан заманауи мегаполис ретінде дамуға бағыт алып отыр. Қаланың басты артықшылығы да осында: оның табиғи мүмкіндігі, адами капиталы және жаңа идеяларға ашық ортасы бір арнаға тоғысады.
