– Қадірлі отандастар! Құрметті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері! Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде, тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ. Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық. Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер.
Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды. Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты, – деді Президент.
Конституция – халық темірқазығы
Мемлекет басшысы биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжат – Конституциямыз қабылданғанын тілге тиек етті.
– Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүниежүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын, шын мәнінде, бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда.
Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы тұста соңғы 7 жылда ішкі жалпы өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жеткенін айтты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 мил-лиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1 200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүргенін жеткізді.
– Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі, бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алайда Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емесін баса айтты.
– Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет. Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сабақтастықты сақтау – басты міндет
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуда алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталды.
– Бірінші. Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін.
Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен екенін айтты.
– Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Сіздер мұны көріп, біліп жүрсіздер.
Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір-ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – мәжбүрлеуге емес, толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі. Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев атаған Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау.
– Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз. Қоғамда «Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?» деген сұрақ болуы мүмкін. Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады.
– Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда, қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Халық Кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет. Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы тұста аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән берілетінін айтып, жол саласындағы ахуалға тоқталды.
– «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ. Қазір еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады. Астанада жүзеге асырылып жатқан Joltap жобасын айрықша атап өткім келеді. Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет, – деді Президент.
Азаматтық қоғамның алғышарты
Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші маңызды міндет ретінде азаматтық қоғам институтын дамыту жайын айтты.
– Азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру – елді жаңғыртудың бір жолы. Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды. Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді, – деп сын айтты Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, «үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.
– «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес. Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл тұста Президент Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт екенін сөз етті.
– Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ. Сіздер қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын игі істердің бастауында боласыздар. Әрине жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайтынын, бюджетті бекітіп, басқа да міндеттерді орындайтынын айтты. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады.
– Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін, – деді Президент.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енгенін баяндады.
– Бүгін біз алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап алдық. Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр. Өздеріңізге жүктелген тарихи миссияның мән-маңызын терең түсініп, мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етесіздер деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін! – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
