Бір ауданда он шақты жазушы тұрады. Бірі поэма тербейді, бірі повесть сүйретеді, енді бірі мақала тықпалап, редактордың миын жейді. Соңғы кездері ұялы теле­фон­мен өлең жазатын жастар қо­сылды. Сөйлемді қысқартып «сөйлейтін» буындар келді.
Әйел бақша
116
оқылды

Тату-тәтті тірлік. Қаламгер атаулы бір қауым елге айналып, бір-бірінің кітаптарын оқымаса да, қол қою рәсіміне барып, фо­тоға түсіп жүр.

Бәрі жақсы еді, ауданның тыныштығын таң атпай Қауғабай шал бұзды.

Қауғабай дегенің – ата сақалы аузына түскенімен, қаламы әлі қарулы. Сатираның серісі. Жай күлдірмейді тұздап күлтек қылады.

Сол сықақшы бүгін үйден аты­нып шықты. Екі қолы қалтасында кек сақтап тұр. Әкімнің кеңсесіне жетіп барды да, есікті емес, жүй­кесін тепті.

– Әй, Талтаңбай! – деді. – Сен неге бізді алалайсың?!

– Қашан? – деп ұйқылы-ояу әкім есігін әрең ашты.

– Көшеге өңкей ақындардың портретін жарқыратып іліп қо­йып­сың. Немене, біз тоқалдан тудық па? Әлде әдебиеттің өгей баласымыз ба?!

– Олар ұлы ақындар ғой... Қа­рашы, көздерінде терең тұңғиық жатыр, – деді әкім терін сүртіп. Бірақ маңдайы емес, борбайы суланып кетті.

Қауғабайдың тілі ащы. Қадал­ған жерінен қан алады, ал тілі тиген жерде әкім домалап ау­найды.

– Сонда біздің көзіміз не? Тар­тылып қалған көлшік пе?! Сен­дерге тереңдік керек болса, менде қарақұрттың уындай шындық бар!

– Қарағым, сатира қауіп төндіре ме? Мына ақындардың кейбірі бір-біріне өлең арнаудан аспағандар. Ал біз әкімдердің жұмысын сынап, қоғамның қанын сорғандарды әшкерелеп жүрміз!

Әкім үндемеді. Тек танауы таң­қиып, салы суға кеткен адамдай мелшиіп қалды.

– Шырағым, шыныңды айт­шы, көшеге сықақшының сөзін ілсең, тақияңа тар келе ме?

Әкім әдеттегідей:

– Аға, турасын айтсам, яғни сізді ілсек, сөзіңізге жұрт күліп, көлік жүргізіп келе жатқан адам жол апатына ұшырауы мүмкін. Егер ол қатты жылдамдықпен жүрсе, адам шығыны болады. Сондықтан әкімшілік комиссия солай шешті…

Қауғабай шал сәл үнсіз қалды. Жұрт оны жәй ашулы деседі, бірақ бұл үнсіздік боран алдындағы тыныштық сияқты.

– Әй, бүйткен шешімдеріңді ұрайын! – деді ол ең соңында ашуланып.

– Ақындар қабырғада, сати­рик­тер табалдырықта десейші!

Әкім ештеңе демеді. Қарсы сөйлесе, үстелді теуіп кететін сияқ­ты. Қауғабай артына бұры­лып, дүрсеңдеп кабинетті тастап шықты.

Келесі аптада аудан орта­лығындағы көшенің қиылысында бір жаңа баннер пайда болды. 

Үстінде жазу:

«Ақын – жүректің үні,

Ал сатира – халықтың тілі.

Жылап айтсаң, өлең,

Күліп айтсаң, шындық».

Төмен жағында Қауғабайдың сыңғырлаған «свежий» фотосы ілініпті. 

Астына:

«Қауіп төндірген күлімсіреу иесі – Қауғабай Қарсыбеков. Сықақшы, сілкіп-сілкіп сөйлейтін сөз ұстасы».

Жанына бір бағдаршам орна­тып қойыпты. Түсінікті болсын деп, үстіне былай деп жазған:

«Мұнда күліп тұруға болады, бірақ сақ болыңыз! Шындық соқ­қы­сыз келмейді»

Сүйтіп, көшедегі сурет дауы осылай шешілді…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН