Жаңа жол транзиттік және ауыр жүк көліктерінің қалаға кірмей өтуіне мүмкіндік беріп, оңтүстік өңір үшін жаңа көлік бағытын қалыптастырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жобаны BI Engineering & Construction құрамына кіретін «Казахдорстрой» және «АБК-Автодор» компанияларының консорциумы жүзеге асырады.

Шымкент Қытай мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын ірі көлік бағыттарының, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан. Қаланы толық айналып өтетін жолдың болмауына байланысты транзиттік көліктің бір бөлігі қазір Шымкент арқылы жүруге мәжбүр.

Жаңа айналма жол транзиттік көліктердің Шымкентке кірмей, өз бағытымен жүруіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қаланың жол желісі мен негізгі кіреберістеріне түсетін жүктеме азайып, қала аумағындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысы қысқарады.
– Айналма жол Шымкент үшін ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің көлік жүйесі үшін маңызды. Жаңа бағыт негізгі көлік бағыттары арасындағы байланысты жақсартып, логистика, өндіріс және жол бойындағы қызмет көрсету салаларын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Мердігер ретінде біздің міндетіміз – осы ауқымды инфрақұрылымдық жобаны толық көлемде жүзеге асыру, – деді жоба жетекшісі Қуаныш Әлмұхамбетов.

Жоба EPC-келісімшарты (Engineering, Procurement and Construction) бойынша жүзеге асырылады. Бұл – мердігер жобалауға, қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге және дайын нысанды тапсырыс берушіге өткізуге жауап беретін «кілт тапсыру» форматы.

Жаңа жол оған іргелес аумақтарды дамытуға да жағдай жасайды. Жол бойында логистикалық және өндірістік алаңдар, қоймалар, терминалдар мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бой көтеруі мүмкін. Жоба «ШИХО» халықаралық логистикалық және трансшекаралық орталығын дамыту жоспарымен де байланысты.

Жобаның экономикалық әсері құрылыс кезеңінен-ақ байқалады. Құрылыс материалдарына, арнайы техника мен көлік қызметтеріне сұраныс артып, инженерлік-техникалық мамандар мен жұмысшылар жұмыспен қамтылады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін логистика, сауда, өндіріс және жол бойындағы қызмет көрсету салаларын дамытуға қосымша мүмкіндік туады.
