Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және беделін күшейтуді мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде айқындап келе жатқанын атап өтті.
Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек – Дана Медеуова
136
оқылды

«Әділет» фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Дана Медеуова медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктерін жеке заңмен бекітуді ұсынды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол депутаттық сауалын «Әділет» партиясы фракциясының депутаттар тобының атынан Денсаулық сақтау министрлігіне жолдап, дәрігерлердің еңбекақысы, құқықтық қорғалуы мен кадр тапшылығы мәселелерін көтерді.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және беделін күшейтуді мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде айқындап келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсетті.

– Ең бастысы, бұл – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Басты міндеттің бірі – дәрігерлердің мәртебесін көтеру және мамандықтың беделін нығайту. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң бақылау – біздің айрықша назарымызда, – деді Дана Медеуова.

Осы ретте депутат шешуді қажет ететін төрт мәселені атады.

– Бірінші. Еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуы тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек, – деді ол.

Екінші мәселе дәрігердің құқықтық мәртебесіне қатысты.

– Екінші. «Дәрігер» заңмен қорғалуы тиіс. Бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек, – деді депутат.

Дана Медеуова денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығына да объективті баға беру қажеттігін айтты.

– Үшінші. Кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, қазір жүйеде еңбек етіп жүрген мамандарды ұстап қалу да маңызды, – деді ол.

Төртінші мәселе төтенше жағдайда медицина қызметкерлерінің дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне қатысты болды.

– Төртінші. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет, – деді Дана Медеуова.

Осы мәселелерді жүйелі шешу үшін депутат жеке заң қабылдауды ұсынды.

– Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін, – деді ол.

Құрылтай депутаты пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі айқын көрінгенін атап өтті.

– Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге де болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды. Білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет. Ал әлсіз жүйе кәсіби маманнан бір күнде айырылып қалуы мүмкін, – деді депутат.

Оның айтуынша, дәрігерлерді денсаулық сақтау жүйесінде ұстап қалу үшін олардың еңбегін лайықты бағалау қажет.

– Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек, – деді Дана Медеуова.