Депутат ғылыми кадрлардың кәсіби дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, жас ғалымдарды өңірлерге тарту үшін ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті арттырып, қосымша ынталандыру шараларын енгізу маңызды.
«Әділет» партиясының депутаты өңірлік университеттердің әлеуетін арттыруды ұсынды
227
оқылды

Құрылтайда Қазақстанда жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытуда өңірлік университеттердің рөлін күшейту, олардың ғылыми әлеуетін арттыру және мемлекеттік жоғары оқу орындарының дербестігін кеңейту мәселесі көтерілді. Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Дулатбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдаған депутаттық сауалында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың пікірінше, жаһандық бәсекелестік жағдайында елдің экономикалық және технологиялық дамуы тікелей адами капиталдың сапасына байланысты. 

«Жаһандық бәсекелестік жағдайында адами капитал мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы болып отыр. Азаматтардың білімі, кәсіби біліктілігі мен ғылыми әлеуеті елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайды», – деді Нұрлан Дулатбеков.

Депутат жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі заңнамада бекітілгенімен, мемлекеттік университеттердің басқару және қаржылық мәселелерде орталықтандырылған жүйеге тәуелділігі сақталып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты корпоративтік басқару тетіктерін одан әрі дамыту және университеттердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды.

Сонымен қатар депутат өңірлік жоғары оқу орындарының жағдайына да назар аударды. Нұрлан Дулатбеков ғылыми әлеует пен қаржыландырудың ірі қалаларда көбірек шоғырлануы өңірлердегі университеттердің мүмкіндігін толық пайдалануға кедергі келтіретінін айтты.

«Өңірлік университеттерді дамыту мәселесі өзекті. Ғылыми әлеует пен қаржыландырудың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Өңірлік жоғары оқу орындары кадр даярлау ғана емес, ғылым мен инновацияның өңірлік орталықтарына айналуы тиіс. Жастар саны қарқынды өсіп отырған өңірлерде жаңа университеттік орталықтар құру мүмкіндігін де қарастыру қажет», – деді Нұрлан Дулатбеков.

Осы мақсатта өңірлік университеттерді қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар жастар саны өсіп келе жатқан аймақтарда жаңа университеттік орталықтар құру мүмкіндігін қарастыру қажеттігі айтылды.

Депутат ғылыми кадрлардың кәсіби дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, жас ғалымдарды өңірлерге тарту үшін ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті арттырып, қосымша ынталандыру шараларын енгізу маңызды.

Нұрлан Дулатбеков сауалында мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту, өңірлік жоғары оқу орындарын ғылым мен инновация орталықтары ретінде дамыту, ғылыми мансаптың тұрақты жүйесін қалыптастыру және жас ғалымдарды өңірлерге тарту тетіктерін қарастыруды ұсынды.