Барлық көлік құралы коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды.
Астанада кортеж ұйымдастырып, жол ережесін бұзғандар қамауға алынды
104
оқылды

Астанада полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежін анықтады. Тексеру барысында бес автокөлік анықталды. Көлік жүргізушілеріне авариялық жағдай туғызу, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Барлық көлік құралы коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қозғалыс кезінде көліктен денелерін шығарып, шу көтеріп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне кедергі келтірген 21 жастағы үш жолаушыны анықтады.

Жастарға жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қозғалыс қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Үшеуі де уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.

Сот шешімімен олардың әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Полиция еске салады: мерекелік іс-шараға қатысу жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген талаптарды сақтаудан босатпайды. Жүргізушілердің, жолаушылардың және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекет заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.