Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду ұлттық команданың оқу-жаттығу жиынын мерзімінен бұрын тастап кеткені үшін алты айға дейін дисквалификация алуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Португалия футбол федерациясының тәртіптік регламентіне сәйкес, ресми шақырту алғаннан кейін дәлелді себепсіз ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалған немесе жаттығуға, матчқа және команданың басқа да іс-шараларына қатыспаған футболшы бір айдан алты айға дейін шеттетілуі мүмкін. Кәсіпқой ойыншыларға бұған қоса 500-ден 1 000 еуроға дейін айыппұл салу қарастырылған.
Бұған дейін Роналду Копенгагенде өтіп жатқан Португалия құрамасының жиынын тастап кеткен еді. Федерация футболшының командадан кеткенін ресми түрде растады. Роналду да бұл шешімін өзі жариялап, оның себебін кейін түсіндіретінін мәлімдеді.
Оқиға Роналдудың Норвегиямен өткен Ұлттар лигасы матчында алаңға шықпай, ойынды қосалқы құрамда өткізуінен кейін болды. Бас бапкер Жорже Жезуш футболшының бұл шешімге көңілі толмағанын мойындағанымен, араларында жанжал болғанын жоққа шығарды.
Португалия және халықаралық БАҚ-та осы жағдайдан кейін 41 жастағы футболшының ұлттық құрамадағы болашағына қатысты түрлі болжам айтыла бастады. Әзірге Роналду да, Португалия футбол федерациясы да оның ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде жариялаған жоқ.
