Ақмола облысында көлден заңсыз ауланған 689 келі тұқы балығы тәркіленді.
689 келі тұқы: Ақмолада заңсыз балық аулағандар ұсталды
253
оқылды

Алдын ала есеп бойынша, табиғатқа келтірілген шығын көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақмола облысында балық ресурстарын заңсыз аулап, тасымалдау фактісі анықталды. Оқиға Зеренді ауданындағы Қызылтаң ауылының маңында орналасқан Мырзакөлсор көлінің аумағында болған.

Заңсыз балық аулау туралы ақпарат Ақмола облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне жедел-іздестіру іс-шаралары барысында түскен.

Жедел уәкілдер көл маңынан Toyota Sienna маркалы автокөлікті байқап, оның қозғалысын бақылауға алған. Полиция қызметкерлерін көрген жүргізуші көлікпен бой тасалауға әрекет жасаған. Осыдан кейін көліктің сипаттамасы патрульдік полиция экипаждарына дереу берілген.

Көп ұзамай патрульдік полиция қызметкерлері аталған автокөлікті Застанционное кентінде тоқтатқан.

- Көлікті тексеру кезінде полицейлер салоннан балық тиелген 26 қапты анықтады. Қаптардың ішінен жалпы салмағы 689 келіге жуық карп шыққан, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз алынған балық ресурстарына келтірілген залал көлемі шамамен 5 миллион теңге деп бағаланып отыр. Алайда нақты шығын мөлшері тергеу барысында анықталмақ.

Полиция мәліметінше, 1993 жылы туған, Көкшетау қаласының тұрғыны көлікті басқарған. Ол балықты өзі ауламағанын, тек оны қалаға жеткізіп беру туралы өтініш болғанын айтқан.

Оқиға кезінде жүргізуші жол қозғалысы ережесін де бұзған. Атап айтқанда, ол көлікпен бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен. Осы факті бойынша оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полиция тәркіленген 689 келі балықтың нақты қайдан шыққанын, оны кім және қандай жағдайда аулағанын, сондай-ақ балықты тасымалдауға қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.

Тергеу барысында заңсыз балық аулауды ұйымдастырған және оған қатысы бар өзге де тұлғалар анықталуы мүмкін. Қазіргі таңда істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ал табиғатқа келтірілген нақты залал көлемі сараптамалар мен тергеу нәтижесінде белгілі болмақ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы