Президентке мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелері таныстырылды.
Президентке Қорғаныс министрлігіндегі жоспардан тыс аудиттің барысы туралы баяндалды
315
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласы сарапшыларынан арнайы топ жасақталды.  

Аудит аясында Қарулы Күштер қызметінің барлық негізгі бағытындағы ахуалға баға беріледі. Атап айтқанда, әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруы, цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуі түгел тексерілмек.  

Президентке мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелері таныстырылды. Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдады.  

Сонымен қатар Мемлекет басшысына экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерістің барысы баяндалды.  

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы туралы айтты. Жиынға 19 елдің өкілі қатысқан. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.  

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге және тұтас мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.