Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтарды мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.
Ұстазды ұлықтау – өркениетті қоғамның болмысы
129
оқылды

– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерек­­ше орын алатын тұлға. Бұған еш­кім­нің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлық­тау өркениетті қоғамның бол­мы­сын айқындайтын аса маңызды қасиет са­налады. Ұлт ойшылы Абай адамның адам­дығы жақсы ұстаздан болатынын айт­қан. Халқымыздың заңғар жазу­шы­сы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт бо­ла­шағы үшін атқарып жатқан т­а­бан­ды ең­бегіне алғыс айту – баршамызға ор­тақ парыз. Әсіресе қазіргідей ақ­па­рат­тар ағыны күшейіп, озық технология қар­қынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет бас­шысы ретінде ұстаздарды жан-жақ­ты қолдау жұмысына айрықша мән бе­ре­тінін жеткізді.

– Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәр­тебесі туралы» арнайы заң қабыл­да­дық. Мемлекеттік марапаттар тізі­мі­не «Қазақстанның еңбек сіңірген ұс­та­зы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұ­ғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қа­зақ­станның Еңбек Ері» атағына ие бол­ды. 5 қазан күні Ұстаздардың кә­сі­би мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мей­рам­ды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақ­та әкімдер мұғалімдер қауымын мара­пат­тап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жа­тыр. Ұстаздарды дәл осылай жал­пыұлт­тық деңгейде ұлықтау ісі жалға­сын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет, – деді Пре­зидент.

Озық елдің қуаты – адам капиталы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайым­дауын­ша, жас ұрпақ дамыған мемле­кет­те, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек. Қазір Қазақстанда 4 мил­лионнан астам оқушы бар, яғни елі­міздің әрбір бесінші азаматы мек­теп­те білім алып жатыр.

– Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүм­кіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза жә­не Озық Қазақстанды құру ісін қолға ал­дық, ауқымды реформаларды жүзеге асыр­дық. Халқымыздың темірқазығы, елі­мізді тарихи өрлеу дәуіріне бастаған не­гізгі құжат – Конституцияны қабыл­да­дық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағар­ту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақ­ты нормалар көрініс тапты. Атап айт­қанда, адам капиталын, білім-ғы­лымды және инновацияны дамыту мем­лекеттің міндеті, стратегиялық ба­ғыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы. Сонымен қатар біз билік жүйесін түбегейлі жаңғырттық. Елі­мізде бір палаталы Құрылтайдың ал­ғашқы сайлауы өтті. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Вице-Президент та­ғайындалды. Жаңа мемлекеттік ор-ган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрыл­ды. Жақында Қазақстан Халық Кеңе­сі өз жұмысын бастады. Осылайша, біз бір ұлт болып еліміздің даму бағдарын ай­қындаған маңызды әрі іргелі жұмысты табысты атқардық, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президенттің пікірінше, өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи бай­лы­ғымен емес, ең алдымен, адам ка­пи­та­­­лының сапасымен өлшенеді. Мем­ле­кеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылым­ның деңгейіне тәуелді.

– Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағыт­та нақты шаралар қабылдап, белсенді жұ­мыс істеп жатырмыз. Мәселен, соңғы же­ті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқу­шыға арналған 1 342 мектеп са­лын­ды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жа­тыр. «Келешек мектептері» ұлттық жо­басы аясында білім беру меке­ме­лері­нің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, да­муына барлық жағдай жасалған оқу ор­далары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқу­шыға арналған осындай 217 мектеп са­лынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде ор­наласқан. Мен өз сөздерімде әрдайым ай­тып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мек­тебі де балаларға бірдей сапалы білім бе­ретін заманауи оқу мекемесі болуы ке­рек. Қазір мемлекет Жасанды интел­лект жүйесіне негізделген арнайы са­бақ­­тарды орта мектептерге жаппай ен­гі­зу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге ба­са мән беруге тиіс. Жалпы, аймақтарда мек­теп тапшылығы мәселесі болмауы ке­рек. Өйткені тағы да қайталап айта­мын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде педагог маман­ды­ғын таңдаған жастардың қатары ар­тып келе жатқанын жақсы үрдіске ба­ла­ды.

– Биыл 12 мыңнан астам түлек, со­ның ішінде екі мыңнан аса «Алтын бел­гі» иегері педагогика мамандығы бойын­ша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған сту­дент­тердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қа­был­данды. Олардың жартысына жуығы – жас ма­мандар. Бұл – мектептерге білімді, жі­герлі, ұшқыр ойлы мұғалім­дердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұс­таздыққа енді қадам басқан жас ма­ман­дарға аға буын көп көмек көр­сетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері бо­лып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби са­бақтастық дәстүрі пайда болады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз ке­рек. Білікті мұғалімді мықты мемлекет­тің тұғыры деп айтсақ, ар­тық болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, елі­міздің жоғары оқу орындары ай­рықша рөл атқарады. Себебі университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады. Бұдан бөлек, білім-ғылым саласындағы ха­лықаралық ынтымақтастықты кү­шей­туге баса мән беру маңызды. Шет мем­лекеттерге сапарларым кезінде мен әлем­нің озық оқу орындарымен бай­ланыс орнату, ықпалдастықты нығайту мә­селесіне айрықша назар аударамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім берудегі жаңа үдеріс

Президент алдымызда ауқымды мін­дет тұрғанына назар аударды. Бұл – жаһан­да цифрлық өркениет пен білім эко­номикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналыса­тын азаматтар буынын тәрбиелеп шы­ғару.

– Сондықтан менің тапсырмаммен Жа­санды интеллектіні орта білім беру жүй­есіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды. Дұрыс пайдалана білсе, жаңа тех­нология мұғалімдердің қызметін әл­деқайда жеңілдетеді, оларды артық жұ­мыстан босататын сенімді құралға ай­на­лады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқу­­­шы­лармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұс­таздардың уақыты болуға тиіс. Бұл ба­ғытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыр­күйек айында Оқу-ағарту министр­лігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бе­кіт­ті. Қалада немесе шалғай ауылда ор­на­лас­қанына қарамастан, еліміздегі бар­лық мектеп озық әдістеме мен цифрлық плат­формаға қол жеткізеді. Бастама жақ­сы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жа­тыр. Ха­лық­­­­аралық PISA-2025 зерт­теуі­нің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифр­лық дайындық деңгейі Экономи­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­на мүше мемлекеттердің орташа көр­сет­кішінен асты. Оқушылардың ког­нитивті бейім­делу индексі орташадан жо­ғары­лады. Алайда бұл жолдың басы ға­на, тоқ­мейілсуге себеп емес. Алда ау­қым­­ды жұ­мыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқ­тап қалу­ға болмайды, – деді Мемле­кет басшы­сы.

Президент өткен аптада Астанада жа­санды интеллект тақырыбына арнал­ған ауқымды іс-шаралар өткеніне тоқталды.

– AI & Digital Bridge – 2026 форумы, сон­­дай-ақ белгілі мамандар мен сарап­шылардың қатысуымен Жасанды ин­тел­лектіні дамыту жөніндегі кеңестің оты­рысы болды. Осы отырыста Қазақ­станның аса маңызды салада мол табыс­қа жеткені аталып өтті. Бірақ бұл жай­бара­қат отыруға болады деген сөз емес. Себебі жасанды интеллект пен жаңа тех­нологиялар өте жоғары қарқынмен да­мып жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бұдан бөлек, елордамызда тұңғыш рет Astana AI Film фестивалі өтті. Шын мәнінде, бұл – нағыз озық инновация­лық іс-шара деп айтуға болады. Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара ая­сында Астана қаласында әлемде ал­ғаш рет жасанды интеллектінің кино өне­ріндегі көрінісі пайда болды. Бас­қа­ша айтсақ, аталған фестиваль бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі кино өндірісінің өзектілігі азая бастағанын көрсетті. Енді фильм түсірумен айналысатын маман­дар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді бол­май, өз бетімен толыққанды кино туын­дысын шығара алады. Сондықтан Ас­танада өткен бұл нағыз жаһандық ау­қымдағы фильм фестиваліне әлем жұрт­шылығы айрықша назар аударды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кітап оқудың маңызы арта бермек

Алайда Президент озық технология дәуірінде кітап оқудың да мән-маңызын арттыруымыз қажет санайды. Бұл ретте Мем­лекет басшысы өскелең ұрпаққа осы құндылықты сіңіруге тұтас қоғам ат­салысуы қажет екенін айтты.

– Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекіл­баевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жа­нашырлыққа, парасаттылыққа, ең­бек­қорлыққа баулиды. Кітап оқу – аза­мат­тарды, әсіресе жастарды үстірт ой­лаудан және ақпарат тасқынына жұ­тылып кетуден сақтап қалатын рухани қал­қан. Сондықтан мен биыл мамыр айы­н­да «Кітап оқу мәдениетін дамыту жә­­не зерделі ұлт қалыптастыру жөнінде­гі шаралар туралы» Жарлыққа қол қой­дым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкі­­мет жыл соңына дейін тиісті тұжы­рым­­дама қабылдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.

– Біз балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеруге, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғауға міндеттіміз. Ең бастысы – өс­келең ұрпаққа аса қажетті дүниемен, атап айтқанда, жарқын келешекпен, нақты мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, оларға есейгенде мақсат-мұратына же­туге ынталандыратындай жағдай жа­сау. Еңбексіз ешқандай табыс та, же­тіс­тік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұр­ған патша, бұл – өмірдің ар­қауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы си­қыр­лы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақ­ты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңыз­­ды. Стратегиялық мақсаты­мыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсе­кеден тай­салмайтын жасампаз ұрпақ тәрбие­леу. Қазақстанның өсіп-өркен­деуі әр­қай­сымыздың қаншалықты үлес қоса­ты­­нымызға байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін түйіндей келе, қазір халқымыздың дүниетанымы өзгеріп, қоғамымызда жаңа этика қалыптасып келе жатқанына назар аударды.

– Тазалық, еңбекқорлық, адалдық, өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағ­дымызға айналып жатыр. «Таза Қа­зақ­стан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бас­тысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалып­тас­тыру мемлекетіміздің конституция­лық міндеті саналады. Осындай елдік маңы­зы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауы­мы мол үлес қосып жатсыздар. Се­бебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заң­ға бағынатын адал азаматтар ең ал­ды­мен мектептегі мұғалімнен тәлім ала­ды. Сондықтан мен еліміздегі барша ұс­тазға шынайы ризашылығымды біл­діремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп са­най­мын,– деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Рес­­публикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.

М.ТӨЛЕУ