BBC Future материалына сүйенген Aikyn.kz интернеттегі жағымсыз мінез-құлықты мейірімділікке қалай бұруға болатынын, бұндай қолдаудың адам өміріне нақты әсерін түсіндіреді.
Нью-Йоркте тұратын Лора Тигелейро TikTok-та салауатты тағам рецептілерімен бөлісіп, жаңа таныстар тапқысы келеді. Бірақ склероз салдарынан бір көзі қисайып қалған әйел үнемі келемеж бен қорлауға тап болады.
2025 жылдың наурызында жағдай күтпеген жерден өзгереді. Оның бір видеосына кенеттен 15 мыңнан астам жылы пікір жазылады. Кейін Тигелейро өзін Тайлер Брикли құрған Kindness Mob – «Мейірім тобы» қолдағанын біледі. Брикли бұл жобаны 2023 жылы бастаған. Күн сайын ол жазылушыларына интернетте қорлық көріп жүрген немесе назардан тыс қалған бір адамның парақшасын көрсетіп, оған жақсы пікір қалдыруға шақырады.
«Біз онлайн буллингтің үйлесімді әрекет пен анонимділік механизмдерін қолданып, оларды жақсы мақсатқа пайдаланамыз. Және бұл шынымен жұмыс істейді», – дейді ол.
Бриклидің есебінше, осы уақытқа дейін шамамен 350 осындай акция ұйымдастырылған. Әдетте бір видеоға мыңға жуық пікір түссе, кейбір сәтті науқандар ондаған мың пікір мен миллиондаған қаралым жинайды. Кейде қолдау білдіруге танымал адамдар да қосылады.
Нәтиже тек жылы сөзбен шектелмейді. Тигелейроның жазылушылары көбейіп, TikTok оған контент үшін ақша төлей бастаған. Ол тапқан табысына отбасына қажет жаңа көлік сатып алған. Ал АҚШ-тағы музыкант Nocturne жаңа жанкүйерлерінің арқасында гастрольге шығуды жоспарлап отыр.
Йель университетінің профессоры Николас Кристакис бұны әлеуметтік жұғу теориясымен түсіндіреді. Ол зерттеулерінде мінез-құлықтың адамнан адамға қалай таралатынын талдаған. Біреуге жасалған жақсылық келесі адамның үшінші адамға ізгілік таныту ықтималдығын арттыра алады.Ғалымның пікірінше, әлеуметтік желілер адамның тек агрессивті табиғатын көрсетпейді. Керісінше, анонимділік пен жанжалға басымдық беретін алгоритмдер жағымсыз мінез-құлықты күшейтуі мүмкін. Ал позитивті әрекеттерді жаппай ұйымдастыру сол механизмді кері бағытта қолданады. Дегенмен мейірімділікті ұйымдастырудың өзі эмоционалдық тұрғыдан ауыр. Бриклиге күн сайын қолдау сұрап 20-дан 100-ге дейін өтініш келеді екен. Бірақ ол күніне бір адамды ғана таңдайды. Бір кездері бұл жүктеме соншалықты ауырлап, ол бірнеше ай үзіліс алуға мәжбүр болған.
Data & Society Research Institute зерттеушісі Элис Марвик бұндай бастамалардың ұзақ өмір сүрмеуі мүмкін екенін ескертеді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер пайдаланушылардың әрекетіне үлкен ықпал етеді, бірақ мәселені тек алгоритмдерден іздеу жеткіліксіз.
«Интернетте адамдарға қалай қарайтынымызға қатысты әлеуметтік нормаларды кеңірек өзгертуіміз қажет», – дейді ол.
Брикли үшін жоба ақырында жеке миссияға айналған. Ауыр операциядан кейін өзінің де мыңға жуық жылы пікір алғанын көргенде, ол бұл тәсілдің әсерін алғаш рет өзі сезінген.
«Бұл бір шақыру секілді. «Мейірім тобы» – тек алғашқы қадам. Мейірімді болуға жасалған алғаш қадам – үлкен жақсылықтың бастауы», – дейді ол.
