Қазақстанда кейінгі жеті жылда 536 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімінде жүзеге асқан бұл жұмыстар спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді. Қыруар шаруа кезең-кезеңімен ат­қарылған. 2019-2021 жыл­дары негізінен жо­ба­лық-сметалық құжат­тарды әзірлеуге, ертеректе басталған құрылыстарды аяқтауға назар аударылса, басты қарқын 2022-2025 жылдары байқалды. Осы аралықта жылына орта есеппен 80-90 ғимарат ашылып отырған.
Бұқараға бұрылған игілік
113
оқылды

Ең маңыздысы, спорт нысандарын салуға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. 2019 жылға дейінгі онжылдықта қаржының дені облыс ор­талықтарындағы қымбат, ірі жобаларға құйы­лып келсе, соңғы жеті жылда шағын елді мекендерге көбірек көңіл бөлінетін болды. Осы ретте манағы 536 нысанның 60%-дан астамы ауылдарда, аудан орталықтарында, моноқалаларда бой көтергенін атап өту керек. Яғни спорт саясаты сыртқы имиджге икемделген зәулім кешендерден ха­лыққа қолжетімді жергілікті инфрақұрылым құруға қарай бұрылды.

Бұл құрылыстар тек бір ғана бюджет есебінен жүргізілген жоқ. Ауылдық жерлерде салынған денешынықтыру кешендерінің ауқымды бөлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық һәм жергілікті бюджеттерден бірдей қаржыландырылды. Президент тапсыр­масымен заңсыз активтерді қайтару шеңберінде өндірілген қаражат есебінен де өңірлік спорт нысандарын салуға тікелей ақша аударылды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі қолданылып, жер телімдері бөлінді, инженерлік желілер тартылды, кейіннен сауықтыру қызметтеріне мемлекеттік тапсырыс кепілдігі бекітілді. Спорт инфрақұрылымын дамытуға «Самұрық-Қазына» холдингі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар да жұмылдырылды.

Жүзеге асқан жұмыстардың мықты бір мысалы ретінде 2021 жылы Түркістанда ашылған Olympic Center көпфункциялы спорт кешенін айтуға болады. Өңірдегі Олимпиада резервін даярланатын, дүбірлі жарыстар өткізілетін бұл кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, футзал, бокс, күрес залдары, олимпиада стандарттарына сай 25 және 50 метрлік бассейндер бар. Аумағы 15 мың шаршы метрден асатын, 2000-нан астам көрермен еркін сыйдыратын орталықта спортшыларды оңалту, емдеу, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу блоктары бірге орналасқан.

Ал Абай облысы Ақсуат ауданының орта­лығында 2022 жылы ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешені ауыл тұрғындарына жыл он екі ай тегін спорт секцияларын ұсынады. Онда қазақ күресі, дзюдо, бокс, баскетбол, волейбол, тренажер залдары бар. Аумағы 2,2 мың шаршы метрлік қос қабатты кешен жылу жүйесімен, инженерлік инфрақұрылыммен, автономды желдеткішпен, киім ауыстыру бөлмелерімен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынған нысанға қарап отырып, ауыл мен қаланың алшақтығын жою қағидаты орайымен орындалып жатқанын аңғарамыз.

Инфрақұрылым игіліктері халықтың өмір салтына тікелей әсер етті. Жаңа нысандар жалаң статистика болып қалмай, бұқаралық спорттың қозғаушы күшіне айналды.2019 жылы Қазақстанда спортпен тұрақты шұғылданатын жұрттың үлесі 31,5% төңірегінде болса, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 40%-дан асыпты. Демек, елімізде ең кемі 8 миллион адам денешынықтырумен аптасына үш рет айналысады деген сөз. Сондай-ақ 2019 жылы мектеп жасындағы балалардың спорт секцияларымен қамтылуы 32-33% шамасында болса, қазір 50%-дан артық. Ауылдық жерлердегі жаңа спорт кешендерінің арқасында балалардың секцияларға қатысу мүмкіндігі 1,5 есе жақсарған. Одан бөлек, 2019 жылы халықтың жабық спорт залдарымен қамтамасыз етілуі жан басына шаққандағы нормативтік қажеттіліктің 60%-ына да жетпейтін. Жаңа нысандар бұл деңгейді 75%-дан асыруға септігін тигізді.

Бұрын жеткіншектер спортпен шұғылдану үшін аудан немесе облыс орталығына барса, бүгінде спорт нысандары халыққа жақындай түсті. Осылайша, балалардың жол қауіпсіздігі қорғалып, ата-аналардың уақыты мен қаржысы үнемделеді. Екінші өзгеріс, жас ұрпақтың зиянды әдеттерге әуестігі азайды. Ішкі іс­тер және Оқу-ағарту министрліктерінің тал­дауларына сүйенсек, жаңа спорт кешендері жұ­мыс істейтін аудандарда жасөспірімдер ара­сындағы құқықбұзушылық көрсеткіші 12-15% төмендеген.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ