Қазақстандық таеквондошы Тамирлан Тілеулес Аичи-Нагояда (Жапония) өткен ХХ жазғы Азия ойындарында тарихи жетістікке қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріліп, Қазақстанға таеквондодан Азия ойындарының алғашқы алтын медалін сыйлады. Отандасымыз дүбірлі додадан кейін Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, жарыста есте қалған сәттермен бөлісіп, алға қойған басты мақсаттары жайлы айтып берді.
- Тамирлан тарихи алтын медаліңіз құтты болсын! Даянгқа көтерілмес бұрын, бойыңызда қорқыныш сезімі болды ма, әлде тек «алтын аламын» деген сеніммен шықтыңыз ба?
- Әрине, кез келген жарыс алдында толқу болады. Бірақ оны қорқыныш деп айтуға келмейді. Керісінше, бұл – жағымды эмоция. Сонымен қатар «алтынды міндетті түрде аламын» деп толық сенімді болу да дұрыс емес. Спортта бәрі болуы мүмкін. Даянгқа шыққанда, әрине, жеңіп, бірінші орын алуды ойлайсың. Бірақ нәтиженің қандай боларын ешкім алдын ала білмейді. Сондықтан сен тек өз міндетіңді орындап, бар күшіңді саласың және чемпион атанатыныңа сенесің.

- Ел қоржынына алғашқы алтынды салғаныңызды түсінген сәтте ең бірінші нені ойладыңыз?
- Финалда қарсыласымды жеңген сәтте ең алдымен таеквондо тарихында өз атымды қалдырғанымды ойладым. Маған сенім артып, әрдайым қолдау көрсеткен жандардың үмітін ақтап, Азия ойындарының чемпионы атанғаныма қатты қуандым. Сондай-ақ осындай ірі жарыста жеңіске жеткеніме ерекше қуаныштымын. Өйткені соңғы кездері ірі жарыстарда жеңіске жете алмай жүрген едім. Сондықтан бұл жеңіс мен үшін өте маңызды.

- Жеңіс тұғырында Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, көк туымыз көкке көтерілгенде қандай сезімде болдыңыз?
- Әрине, осындай ірі жарыста марапаттау рәсімінде тұрып, өз еліңнің Әнұраны шырқалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қуанышымда шек болмады. Сол сәтте көзіме жас келіп, жылап жіберсем бе, жоқ па деп ойланып тұрдым. Әрине, жылағым келген жоқ, бірақ бұл ғажап сезім еді…
Шынымды айтсам, сол сәтке қайта оралып, дәл сол сезімді тағы бір рет бастан өткергім келеді. Бұл - менің мәңгі есімде қалатын, ұмытылмас сәт болды.

- Бұл медаль сіз үшін нені білдіреді?
- Бұл медальдің мен үшін маңызы өте зор. Өйткені, оның артында қаншама жаттығу, қаншама еңбек және талай жылғы ізденіс жатыр. 2025 жылы бірнеше рет жеңілістің ащы дәмін таттым. Кейде жекпе-жектің соңғы секундтарында есе жіберіп, екінші, үшінші орындармен шектелген кездерім де болды. Қанша тырыссам да, бірінші орынға жете алмай жүрдім.
Бұл жолы барлығы ойдағыдай болып, көптен күткен жеңісіме қол жеткіздім. Бұған өте қуаныштымын. Бұл медаль мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін де үлкен маңызға ие деп ойлаймын.

- Жарыс барысында кездескен ең қиын қарсыласыңыз жайлы айтсаңыз?
- Бұл жарыстағы қарсыластарымның бәрі мықты болды. Дегенмен, солардың ішінен екі спортшыны ерекше атап өтер едім. Ширек финалда үш дүркін әлем чемпионы атанған ирандық спортшымен кездестім. Ал жартылай финалда кореялық спортшымен жолықтым. Осы екі жекпе-жек те өте ауыр өтті.
Егер біреуін ғана таңдау керек болса, кореялық спортшыны атар едім. Себебі жекпе-жектің соңына дейін кімнің жеңетіні белгісіз болды. Бәрі соңғы секундтарда шешілді. Үшінші раундта есепте артта келе жатып, камбэк жасап, таразы басын өз пайдама бұра алдым.

- Қазақ жанкүйерлерінің қолдауын сезіндіңіз бе?
- Әрине, бүкіл Қазақстанның қолдауын сезіндім. Құрамадағы жігіттер мен қыздар да әрдайым жанымнан табылып, демеу болды. Біз бір отбасы секілдіміз десем болады. Біріміз жарысқа шықсақ, қалғанымыз соған алаңдап, барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Жаттықтырушыларымыз, федерация өкілдері, бас хатшы да бізге үлкен қолдау көрсетті.
Маған артылған жауапкершілікті сезіндім. «Осындай қолдау барда, неге жеңбеске?» деп өзіме жігер бердім. Мен тек өзім үшін емес, бүкіл әлемге Қазақстанның таеквондодан мықты ел екенін, біздің спортшыларымыз да биік белестерді бағындыра алатынын көрсеткім келді.
Тіпті, жарысқа келмегендер де бәсекеге дейін маған хабарласып, «Біз саған сенеміз, сен тарихта қалуың керек» деп жігерлендіріп отырды. Осындай сөздердің өзі маған үлкен күш берді. Маған және біздің құрамаға қолдау көрсеткен барша жанға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге көп рақмет!

- Осы жарыста ең қызықты әрі есте қалған сәтті айта аласыз ба?
- Мен бірнеше сәтті ерекше атап өтер едім. Соның ішінде жартылай финалда кореялық спортшымен болған жекпе-жек айрықша есте қалды. Соңғы секундтарда жеңісті жұлып алдым. Бұл - мен үшін ең маңызды әрі ұмытылмас жекпе-жектердің бірі болды.

Үшінші раундта 3:0 есебімен жеңіліп жатып, кездесудің аяқталуына небәрі 8 секунд қалғанда есепті 3:3-ке жеткіздім. Содан кейін тартыс одан әрі қыза түсті. Айқасып жатқанда, қарсыласымның соққысы тиіп, есеп 5:3 болды. Оны қуып жетуім керек еді, ал кездесудің аяқталуына бар болғаны 3 секунд қалған. Сол сәтте шабуылдап жүріп, қарсыласым арқасын ашық қалдырғанын байқап қалдым. Бәрі көз алдымда баяу өтіп жатқандай сезілді. Сәл қимылымды өзгертіп, жақын қашықтықтан соққы жасадым. Бірден таблоға қарасам, жекпе-жектің аяқталуына небәрі 20 миллисекунд қалыпты. Соққымның есепке алынғанын көріп, таблода өз есімімді байқадым.
Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Жеңіске жеткенімді түсінгенде қандай сезімде болғанымды сипаттау мүмкін емес.

Әрине, финалдағы жеңісім де ерекше есте қалды. Одан кейінгі марапаттау рәсімі, көк туымыздың көкке көтерілуі, сол сәтте ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырында Әнұранды бірге айту мен үшін өмірімдегі ең қымбат әрі ұмытылмас сәттердің бірі болды.

- Азия ойындарының чемпионы ретінде алға қандай мақсат қойып отырсыз?
- Алда бағындырар белестеріміз көп. Әлі талай маңызды жарыс бар. Қараша айының соңында Астанада Гран-при финалы өтеді. Келер жылы да елордада әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Ал ең басты мақсатымыз - Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары.
Сондықтан дайындықты жалғастыра береміз. Алда жарыс көп, босаңсуға уақыт жоқ. Керісінше, осындай жеңістен кейін бұрынғыдан да көп еңбектеніп, жаттығуды күшейту керек. Алдағы уақытта біздің құрама бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін.
