Жиын аясында EPU серіктестерінің жобалары ұсынылған көрме мен жоғары оқу орындарының презентациялық алаңы ұйымдастырылды. Оған Австрияның 22 университеті мен ғылыми ұйымының өкілдері, сондай-ақ шетелдік делегациялар қатысты.
ҚазҰУ-да халықаралық білім беру жобалары аясында EPU және Erasmus+ сарапшылары бас қосты
124
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Eurasia-Pacific Uninet (EPU) желісінің пленарлық отырысы және Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастыққа арналған семинар өтті.

Ауқымды іс-шараға Қазақстан, Австрия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Үндістан жоғары оқу орындарының басшылары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйым өкілдері, белгілі ғалымдар мен білім беру жобаларының үйлестірушілері қатысты.

Алқалы жиында ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын бірінші проректор Самғат Ермекбаев оқып берді.

«Университеттердің жаһандық рөлін арттыруда халықаралық серіктестікті нығайтудың маңызы зор. Eurasia-Pacific Uninet желісі 25 жылдан астам уақыт бойы жоғары оқу орындары, ғалымдар мен оқытушылар арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз етіп келеді. Бұл – академиялық сенімге, білім алмасуға және заманауи сынақтарды бірлесе шешуге бағытталған бірегей платформа. Сондықтан бүгінгі басқосу білім мен ғылымды дамытуда жаңа көкжиектерге жол ашады», – делінген ректордың құттықтау хатында.

Өз кезегінде Eurasia-Pacific Uninet президенті, профессор Джозеф Штробл халықаралық академиялық желілердің жоғары білім мен ғылымды дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді әрі тұрақты байланыстар жаңа ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға, зерттеушілердің өзара ынтымақтастығын арттыруға және озық үлгілерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде біздің басты міндетіміз – қалыптасқан серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын көбейту. Осындай кездесулер ғалымдар мен студенттердің тәжірибе бөлісуіне, халықаралық бастамаларға белсене қатысуына жағдай жасайды», – деді профессор.

Пленарлық отырыстың негізгі тақырыбы Еуропалық одақтың Global Gateway бастамасы және оның Орталық, Шығыс әрі Оңтүстік Азия елдеріне беретін мүмкіндіктеріне арналды. Қатысушылар бұл жобаның экономикалық саясат пен жоғары білім беру саласына тигізер ықпалын талқылады.

Кездесудің маңызды бөлігі Австриямен академиялық байланыстарды тереңдетуге бағытталды. Сарапшылар Erasmus+ бағдарламасы арқылы халықаралық ұтқырлықты арттыру жолдарын қарастырып, Австрия мен өңір елдерінің бірлескен жобаларын жүзеге асыру тәжірибесін таныстырды.

Жиын аясында EPU серіктестерінің жобалары ұсынылған көрме мен жоғары оқу орындарының презентациялық алаңы ұйымдастырылды. Оған Австрияның 22 университеті мен ғылыми ұйымының өкілдері, сондай-ақ шетелдік делегациялар қатысты.

«Осындай халықаралық алаңдардың басты құндылығы – әр елдің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланысты нығайтып, нақты ынтымақтастық бағыттарын айқындауында. Осы тұрғыдан алғанда, Erasmus+ бағдарламасы мен Eurasia-Pacific Uninet желісі университеттеріміздің халықаралық кеңістіктегі байланысын кеңейтуге ықпал етеді. Біз Қазақстанның жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің проректоры Ақылбек Шымыров.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Дана Әбдірашева өз сөзінде еңбек нарығының талаптарын алға тартты.

«Мұндай кездесулердің басты міндеті – болашақ бірлескен жобалар үшін еуропалық және қазақстандық жоғары білім беру жүйелері арасындағы ортақ тоғысу нүктелерін табу. Студенттерді тез өзгеретін еңбек нарығына дайындау мәселесі аса өзекті. Қазақстанда бұл міндетті дуалды оқыту, микроквалификация, өндірістік практика және практиктердің білім беру процесіне қатысуы арқылы шешуге болады. Бұл құралдардың барлығы университет пен еңбек нарығын жақындастыруға, нәтижесінде сұранысқа ие әрі жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған», – деді ол.

Айта кетейік, халықаралық шара 7-9 қазан аралығында өтіп жатыр. Бағдарлама аясында EPU-дың тақырыптық және өңірлік дөңгелек үстелдері, Erasmus+ бағдарламасының жоғары білімді дамытуға ықпалы жөніндегі талқылаулар, EPU Бас ассамблеясының отырысы, Horizon Europe бағдарламасының таныстырылымы және Азиядағы жоғары білім берудің болашағына арналған пікірталастар ұйымдастырылған.