Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында Qarmet акционерлік қоғамының ұжымымен және кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кеншілер мекені – еңбек адамдарының киелі бесігі
156
оқылды

Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамда­ры­­ның киелі бесігі десек, артық болмайды. Қа­зір облыс экономикасы қарқынды дамып ке­ле жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсі­ресе аймақтағы шикізаттық емес өнім экс­порты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнер­кәсіп саласында жалпы құны 4,2 трил­лион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік. Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қа­зақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалады. Бұл – Ор­талық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өң­деу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үле­сі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан хал­қының табанды еңбегінің, ауқымды жұ­мы­сының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, әсі­ресе облыстың өсіп-өркендеуіне Qarmet зауы­ты мол үлес қосып отырғанын атап өткім ке­леді. Қарағанды металлургия зауыты отан­дық металлургияның қара шаңырағы, тұтас ай­мақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуе­тін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік жауапкершілік көрсеткіші

Президент Qarmet компаниясының бұған дейінгі жай-күйі күрделі болғанына назар аударды.

– Қабылданған батыл шешімдер жағдайды өз­гертіп, осы бірегей комбинаттың дамуына тың серпін берді. Шығыстарды оңтайландыру және инвестиция тарту арқылы компания мил­лиардтаған шығыннан арылып, қиын ке­зең­ді еңсерді. Осының нәтижесінде былтыр Qarmet 1,1 триллион теңге түсіммен таза пай­даға шықты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағ­дарламасы қолға алынды. Оны іске асыру­ға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар қар­­жы жұмсалады. Өндіріске озық техно­ло­гиялар мен цифрлық шешімдер енгізуге ай­рық­ша мән берілуде. Жұмысты ұйымдастыру жә­не еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше ба­қы­лауға алынды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бү­гінде Qarmet бизнестің жоғары деңгейдегі әлеу­меттік жауапкершілігі қандай болатынын көрсетіп отыр.

– Мәселен, кәсіпорын өз есебінен Темір­тау­дағы трамвай қозғалысын толық қалпына келтірді. Мен әлгінде ғана трамваймен жүріп кө­ріп, аталған бастаманы құптадым. Теміртау тұр­ғындарына тамаша тарту болды деп ой­лаймын. Компания жас мамандарды оқытуға жә­не жұмыспен қамтуға арналған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Бірінші кезеңде еліміздің әр аймағынан 500-ге жуық адам қамтылады. Білікті мамандарға, әсіре­се жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Бағдарлама, ең алдымен, осы үде­ден шығады. Бұл бастамаға басқа да ірі кә­сіпорындар қосылады деп үміттенемін, – де­ді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Ме­тал­лур­гия комбинатының жетістіктері елі­міз­дегі ауқымды өзгерістермен тығыз байла­ныс­ты. Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қа­дам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқ­мейілсуге болмайды. Алдымызда атқара­тын шаруа көп.

– Еліміздің саяси жүйесінің берік құры­лы­мы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алды­мен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жа­салып жатыр. Әлемдік саясат пен эко­но­ми­када мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үл­гермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұ­ның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қо­са кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төн­діретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жа­ңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тың­ғы­лықты дайындалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз тарихымызда бұрын-соң­­ды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бү­­кіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыра­ты­нын жеткізді.

– Келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқым­ды құрылыс жылы» деп жарияладым. Осы ора­сан жұмысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берілді. Жолдауда атап өткенімдей, атал­ған ғаламат жобаға шамамен 6,5 триллион тең­ге бөлінеді. Бұл – орынды шешім. Өйткені «Ха­лықтық құрылыс» аясында ел-жұртымыз ба­рынша мұқтаж боп отырған жобалар іске асы­рылады. Ең маңыздысы, «Халықтық құры­лыс» тұтас елді, барлық қала мен ауданды қам­тиды. Шын мәнінде, біз баянды бола­шақ­тың сенімді іргетасын қалап жатырмыз. Өйт­кені жаңа әрі жөнделген жолдарды, әуе­жай­ларды, вокзалдарды, электр станцияларын, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, ерекше балаларды оңалту орталықтарын, ба­лалар мен жасөспірімдерге арналған шы­ғар­машылық үйлерін, спорт нысандарын, бір сөз­бен айтқанда, барлық азаматтық инфра­құры­лымды бірнеше буын пайдаланып, игілі­гін көреді. Жалпы, «Халықтық құрылыстың» бүкіл мән-мағынасын «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бірауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келе­шек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжы­рым­дар­ды емес (бірақ бұл да өте маңызды), біз олар­ға материалдық құндылықтарды, ең ал­ды­мен, әлеуметтік инфрақұрылым нысанда­рын аманат етіп қалдыруымыз керек. Хал­қы­мыз­дың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өр­кениетті заманның барлық игілігін көруге ха­қы бар. Әділетті Қазақстанды құру страте­гия­сының басты мақсаты да – осы, – деді Мем­лекет басшысы.

Толайым табысқа бастар жол

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің этносаралық және дінаралық ке­лісім сая­сатына және «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына бейіл екенін мә­лімдеді.

– Халық мүддесі жолындағы рефор­ма­лар­ды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бей­бітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қа­зақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез кел­­­ген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай бо­лады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан – бей­біт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіп­сіз­дік­ті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мем­­­лекеттермен, сон­дай-ақ осыған мүдделі әлем­­дегі ірі не­месе шағын елдердің барлы­ғы­мен ын­ты­мақ­тастықты нығайта береміз, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet ком­па­ния­сының мықты өндірістік базасы «Ха­лық­­тық құ­рылыста» зор рөл атқаратынына се­нім біл­дірді.

– Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құры­­лыста және өнеркәсіпте кеңінен қол­да­нылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жо­лау­шы­лар автобусын шығаруға пай­да­ланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұн­да келешекте болаттың мұнай, атом және ма­шина жасау өнер­кәсі­бін­де сұранысқа ие өте са­палы түрлері шы­ғарылады, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Qarmet ком­паниясының ұйымшыл ұжымы то­лайым та­бысқа табанды еңбектің ар­қа­сын­да жет­кеніне тоқталды. Ол Qarmet жұ­мысшы­лары­ның ерен еңбегі, кәсібилігі мен өз ісіне адал­дығы компанияны өрге же­телейтінін айрықша атап өтті.

– Осы жиынға былтыр ең жоғары ерек­ше­лік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» ата­ғы­на ие болған Сергей Петрович Чер­но­бай қа­тысып отыр. Сіздердің ара­ла­рыңыз­да Qarmet компаниясының бұ­рын­ғы даңқын қайта оралту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Жемісті жұ­мыстарыңыз зор құрметке лайық. Мем­лекеттің саясаты озат жұмысшылар мен ма­мандарды ынта­лан­дыруға бағытталған. Был­тыр сіздердей еңбек­қор жандарға ілтипат көрсеттік. Бірақ мем­ле­кеттің сіздерге, яғни өндіріс жұмысшыларына және ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне де­ген ізет-құрметі өзгермейді. Біз сіздерді әр­­дайым қолдаймыз. Сондықтан мен елі­міз­дің индустриясы мен өнеркәсібін да­мытуға елеу­лі үлес қосқан бір топ азаматты мем­ле­кеттік наградалармен марапаттау тура­лы Жар­лыққа қол қойдым. Бұл – Ота­нымыздың игі­лігі үшін жасаған еселі ең­бектеріңізге бе­ріл­­ген лайықты баға, – деді Мемлекет бас­шысы.

Сондай-ақ Президент бизнеске жан-жақ­ты қолдау көрсету қажеттігін мәлім­де­ді.

– Жолдауымда мемлекет шағын биз­нес­­ті қолдау үшін бірқатар шара қабыл­дай­тынын, соның ішінде алдағы үш жылда тек­­серістен босататынын айтқанымды бі­ле­­сіздер. Шағын бизнес жаңа салық шарт­та­рына ойдағыдай бейімделуі үшін оған қа­зір қол ұшын созу керек деп ой­лай­мын. Кре­дитті арзандату мақсатында кә­сіпо­рын­дарды қаржыландыру мәселесін де пы­сық­таған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиын соңында елдің өндірістік және индустриялық да­муына қосқан елеулі үлесі үшін Qarmet ак­ционерлік қоғамының бір топ қызмет­ке­рін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Салтанатты іс-шарадан соң Президент кәсіпорын жұмысшыларымен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құю-илемдеу кешенінің құрылысы басталуына орай орнатылған ескерткіш тақтаға қол қойды.

Өркендеген өндіріс

Теміртауға жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртаудағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңар­тыл­ған көлік инфрақұрылымының пайда­лану­ға толығымен әзір екенін көрді.

Qarmet компаниясы трамвайды қала халқының игілігіне екі жыл бұрын берген бо­латын. Содан бері аталған қоғамдық кө­лік қатынасы 1 миллионнан аса жолау­шы­ны тасымалдаған. Қалада трамвайға ар­налған 30 шақырым шойын жол қал­пына келтіріліп, ауыстырылды, жаңадан за­ма­науи 8 вагон сатып алынды. Бұл трам­в­айдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүм­кіндік берді. Рельсті көлікте жолау­шы­ларға ыңғайлы болуы үшін электронды тө­лем жүйесі орнатылған, ал Qarmet кә­сіпорнының жұмыскерлері мен ардагер­лері тегін жүреді.

Президент Qarmet АҚ басшылығымен әң­гімелесу барысында металлургтер қала­сын­дағы трамвай қатынасын қалпына кел­тірудің маңызын атап өтті.

– Шын мәнінде, Теміртау үшін трам-вай – заманаларды байланыстыратын дә­некер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қа­­тынасын қалпына келтіру туралы тала­бын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Ком­­­­бинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қа­ласын абаттандырумен міндетті түрде ай­налысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қа­ла күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де ат­қа­рылатын жұмыс көп, дегенмен бастама­сы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, ха­лықтың көңіл күйі көтеріңкі. Өйткені адам­дар айналадағы оң өзгерістерді бай­қап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжы­мы­ның да көңіл күйі айтарлықтай жақсарғаны бай­қалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прог­ресс пен табыстың символына айналдыра­мыз, тіпті оны өркендетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Qar­met конвертер цехының жұмысымен та­нысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qarmet бо­лат балқыту өндірісінің негізгі буыны са­налатын конвертер цехы жөнінде баян­далды.

Президентке домна пешінде балқы­тыл­ған шойынның қалай құрышқа айна­ла­тыны, содан кейін үздіксіз құю қон­дыр­ғы­сына және одан әрі илемдеуге жібері­ле­тіні көрсетілді. Qarmet компаниясы 2024 жы­лы №1 және №2 конвертерлерде кү­р­делі жөндеу жүргізіп, корпустарды толық ауыс­тырды және анағұрлым заманауи конструкциялар орнатты. Жаңғырту жұ­мыс­тары шығарылатын өнім түрлерін кө­бейтіп, қорытылған болат көлемін ұл­ғай­туға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қа­тар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру ісі жалғасып жатыр.

Qarmet директорлар кеңесінің төраға­сы Андрей Лаврентьев Мемлекет басшы­сы­на өндірістік көрсеткіштер өсімі және ин­вестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді. 2026 жыл­дың қорытындысы бойынша 4 мил­лион тонна болат, 3,6 миллион тонна кө­мір және 3,9 миллион тонна темір рудасы кон­центратын өндіру жоспарланып отыр. Ком­пания жұмысы басталғаннан бері ин­вестиция көлемі 2,7 миллиардтан аса дол­ларды құрады. Бұл қаражат өндіріс қуатын жаң­ғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысан салуға бағытталды.

Qarmet – еліміздегі толық өндірістік цикл­ге ие ең ірі тау-кен-металлургиялық ком­паниясы. Орталық Азиядағы өзінің кө­мір, темір рудасы кеніштері және энер­ге­­­­тикалық базасы бар, интеграцияланған тау-кен-металлургиялық кешен. Ком­па­ния­да шамамен 35 мың еңбеккер, соның ішін­де 14 мыңнан астам адам Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысына Qar­met металлургия комбинатын аралау ба­рысында №8 және №9 жаңа кокс батарея­ларының құрылысы жөнінде баяндал­ды.

Президентке аталған жоба Qarmet ком­­паниясының ірі инвестициялық бас­та­маларының қатарына енетіні айтылды. Оның аясында жаңа кокс өндірісі қуатын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Мұндай ауқымдағы құрылыс комбинатта соңғы бір­неше онжылдықта болмаған. Бас тех­но­логиялық серіктесі – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясы.

Екі батареяның жалпы жобалық қуаты жы­лына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өн­діруге жетеді. Әр батереяда камерасы­ның биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пеші жұ­мыс істейді. Жаңа агрегаттар домна пе­шін осында өндірілетін кокспен тұрақты түр­де қамтамасыз етуге, оның сапасын ұдайы сақтауға және экологиялық қауіп­сіздіктің анағұрлым жоғары деңгейде болуы­на мүмкіндік береді.

1960-1970 жылдары пайдалануға бе­ріл­ген өндіріс қуатын алмастыратын ба­та­реяларды келесі жылы іске қосу жоспар­ла­нып отыр. Осылайша, Қазақстанда кокс­теу өнімдерін терең өңдейтін алғашқы кө­мір химиясы кешені құрылады.

Сапар аясында Президент Qarmet ком­паниясының жаңа сұрыпты прокат ке­ше­нінің құрылыс алаңында болды. Өндіріс ке­шені іске қосылғанда жылына 540 мың тон­надан астам дайын өнім шығарады. Жо­баның технологиялық серіктесі – қы­тай­лық CERI инжиниринг компаниясы.

Мемлекет басшысына баяндалғандай, жаңа цех беріктігі жоғары, А600 және А1000 санатты болат арматура шығаруға, сон­дай-ақ бұрыштар, швеллерлер және басқа да сұранысқа ие металл өнімдерінің түрл­ерін көбейтуге мүмкіндік береді. Ке­шен­де сағатына 100 тоннаға дейін металл өткізе алатын, өнімділігі жоғары қыздыру пеші бар. 

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Qarmet сұрыпты прокатты шығару көлемін ұл­ғайтады. Ал бұл ішкі нарықтың импортқа тәуел­ділігін азайтып, кәсіпорынның құ­ры­лыс сегментіндегі, соның ішінде АЭС құрылысындағы әлеуетін кеңейтеді. Қазір ны­санда негізгі технологиялық жаб­дық­тарды монтаждау және қажетті инф­ра­құры­лымды салу жұмыстары жүргізілуде. Сұрып­ты прокат цехын жыл соңына дейін пай­далануға беру жоспарланып отыр. Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 миллиард долларды құрайды. Металлургия комбинатында 4 жаңа жоба, атап айтқанда, №8, 9 кокс ба­тарея­лары, сұрыпты прокат кешені, мы­рыш­тау және полимерлі жабын желісі, құю-илемдеу кешенінің құрылысы іске асы­рылып жатыр.

Компанияның стратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай  жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 мил­лион тонна темір рудалы концентрат өн­діретін деңгейге жету. Бұдан бөлек, өнім­нің өзіндік құнын төмендетіп, эко­логиялық көрсеткіштерді арттыру және отан­дық металл өнімдерінің бәсекеге қабі­лет­тілігін күшейту міндеті тұр. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қа­рағанды облысының негізгі әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіштері, ин­вестициялық жобалардың жүзеге асы­рылуы және өңірді одан әрі жаңғырту жос­­­­пары туралы ақпарат ұсынылды.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9 пайызға артып, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға ұлғайды. Айтарлықтай қарқын машина жасау сала­сын­да байқалды, өсім – 26,2 пайыз. Өңір­дің 2032 жылға дейінгі инвес­тиция­лық порт­фелі жалпы құны 7 триллион тең­гені құрайтын 186 жобадан тұрады. Оны іске асыру 36 мың жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс оры­ндарын құруға, шикізатты қайта өң­деуге, минерал-шикізат базасын нығай­туға, сондай-ақ отан­дық және шетелдік инвесторларды тар­туға ерекше назар ау­дарылып отыр.

Бұдан бөлек, Президентке агроөнер­кә­сіп кешені мен тұрғын үй құрылысын іл­герілету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаң­ғырту жұмыстары жөнінде баяндалды. Соң­ғы үш жылда Қарағанды облысында ауыл­дарға арналған 92 денсаулық сақтау ны­саны мен 13 мектеп салынып, білім беру мекемелерін жаңарту жұмыстары жал­ғасып жатыр. Спорт, мәдениет, энер­ге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы бағыттарындағы жобалар қол­ға алынды. «Таза Қазақстан» бағдар­ла­масы аясында елді мекендер абаттан­дыры­лып, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен эко­­­­саябақтар бой көтеруде.

Болжамға сәйкес, жыл қорытындысы бойын­ша облыс экономикасы 4 пайызға өсе­ді. Өнеркәсіп әлеуетін кеңейту, инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру және ха­лықтың өмір сүру сапасын арттыру ар­қы­лы өңірді одан әрі өркендету жұмыстары жалға­са береді.