Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі ел дамуының негізгі бағыттарының бірі энергетика саласына айрықша мән бергенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда қазіргі жағдайда энергетикалық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етілу елдің бәсекеге қабілеттілігін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайтын шешуші факторға айналғанын ерекше атап өтті. Бүгінде энергетика тұтас экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді. Жаңа зауыттарды іске қосу, ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелері мен деректерді өңдеу орталықтарының жұмыс істеуі үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет, – деді вице-спикер.
Дания Еспаева Жолдауда энергетика саласының дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер қойылғанын еске салды. Олардың қатарында 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру қуаттарының тұрақты профицитін қамтамасыз ету, Балқаш және Мойынқұм атом электр станцияларын салу жобаларын жеделдету, отандық мамандарды даярлау, технологиялар трансферті және басқа да міндеттер бар.
Сонымен қатар салалық комитет төрағасы Наталья Годунова атап өткендей, Президент жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағыларды және электр беру желілерін жаңғырту, электр энергиясын өндірудің әр түрін дамыту жөнінде тапсырма берді. Бұл шаралар жасанды интеллект негізіндегі цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі ауқымды міндетті іске асыру жағдайында ерекше маңызға ие. Мұндай инфрақұрылымды дамыту үшін электр энергиясының едәуір көлемі қажет, ал оған деген сұраныс үнемі арта береді. Оның айтуынша, алдағы бес, он және жиырма жылда Қазақстан экономикасының қандай болатыны бүгін қабылданатын энергетикалық шешімдерге байланысты.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі бар, оның ішінде 172-сі – жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нысандары. Олардың жалпы белгіленген қуаты 27,1 ГВт-ты құрайды. 2029 жылдың соңына дейін тағы 13,3 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындар мен экономиканың болжамды қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, генерациялайтын қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында отандық атом электр станциялары мен ядролық отын циклі саласындағы перспективалы өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ететін уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру көзделіп отырғанын айтты. «Балқаш» АЭС жобасы бойынша инженерлік-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын, барлық қажетті халықаралық келісімге қол қойылған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. «Мойынқұм» АЭС салу ауданы айқындалып, жобаға қатысты тиісті үкіметаралық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Отырыс барысында энергетика секторындағы ірі компаниялардың басшылары да сөз сөйледі. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстанның атом энергетикасының ұзақмерзімді қажеттіліктерін ескере отырып, уран өнеркәсібі мен ядролық отын циклін дамыту мәселелері туралы баяндады. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұлов атом электр станцияларын салу жобаларының іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Ансар Айдаров жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу жөніндегі мәліметтерді бөліссе, KEGOC АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов Президент Жолдауында айқындалған энергетикалық басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Құрылтайдың қарауында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға, сондай-ақ баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған екі заң жобасы бар. Депутаттың пікірінше, бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады. Энергия үнемдеу ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталса, баламалы энергетиканы дамыту энергиямен жабдықтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында депутаттар энергетика саласын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, энергетикалық жүйені теңгерімдеу тетіктері, атом энергетикасын дамытудың ұзақмерзімді жоспарларында шағын модульдік реакторларды қолдану перспективалары, сондай-ақ электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу форматтары жөнінде сұрақтар қойылды. Бұдан бөлек, шағын өнеркәсіптік қалаларда, оның ішінде Шахтинск қаласында жылу электр орталықтарын кеңейту мәселелері де сөз болды.
Отырысты қорытындылаған Наталья Годунова басты міндет – жоспарланған шаралардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Әрбір жоба бойынша нақты мерзімдер белгіленіп, қаржыландыру көздері айқындалып және дербес жауапкершілік жүктелуі қажет. Бұл ретте бақылау нысандардың нақты дайындығына, ықтимал кідірістерді уақытылы анықтауға және олардың себептерін жоюға негізделуге тиіс.
– Сонымен қатар заңнамалық кедергілерді жою, заң аясындағы актілердің қабылдануын және жаңа нормалардың нақты қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Қолданыстағы өкілеттіктер аясында шешілуге тиіс мәселелер кідіріссіз пысықталуы керек. Комитет осы міндеттердің орындалуын бақылауда ұстайды. Түпкілікті нәтиже айқын, ол – сенімді энергиямен жабдықтау, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары, – деп түйіндеді комитет төрағасы.
