Халықаралық консорциум құрамына әлемнің әртүрлі елдерінен білім беру мекемелері, ғылыми ұйымдар мен салалық қауымдастықтарды қоса алғанда, 14 ұйым енді.
Қазақстандықтардың тамақтану дағдысы қалай өзгереді?
157
оқылды

Енді майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы Еуропалық одақтың гранты есебінен жүзеге асырылатын жобаға қатысады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы 2026 жылы Еуропалық одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясында гранттық қолдауға ие болған FOOD4FUTURE жобасының халықаралық консорциумына қосылды.

FOOD4FUTURE жобасы тағам өнімдерінің тағамдық құндылығын арттыру және Орталық Азия тұтынушыларының пайдалы тағамдарды таңдауына мүмкіндік жасау мақсатында олардың құрамын жетілдіруге бағытталған.

Жобаның негізгі бағыттары қатарында тағамтану және тағам технологиялары саласындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, білікті мамандар даярлау, сондай-ақ жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бар.

Халықаралық консорциум құрамына әлемнің әртүрлі елдерінен білім беру мекемелері, ғылыми ұйымдар мен салалық қауымдастықтарды қоса алғанда, 14 ұйым енді. Қазақстан атынан консорциумға төрт ұйым қатысады:

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы;

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті;

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті;

Жекеменшік ғылыми компания.

Жобаның жалпы бюджеті – 795 953,22 еуро.

Ұлттық қауымдастықтың FOOD4FUTURE жобасына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, Еуропаның озық тәжірибесімен алмасуға, сондай-ақ ғылыми-білім беру ұйымдары мен май өңдеу саласы арасындағы байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қауымдастық үшін бұл – халықаралық әріптестікті дамытуға, тамақ өнеркәсібін жаңғыртуға, технологиялық құзыреттерді жетілдіруге және заманауи өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысу жолындағы маңызды қадам.