Жиында Косовоның экс-президенті Вьоса ханым Османи, түркиялық танымал футбол бапкері Фатих Терим, TRT Avaz, Corendon Airlines компанияларының өкілдері мен 32 мемлекеттің журналистері бір сахнаға жиналды. Ғылым саласындағы Ғаламдық Global Elm Award сыйлығы қазақ ғалымы Сұлтан Хан Жүсіпке тапсырылды. Бұл көп сыйлықтың бірі емес, ХХ ғасыр басындағы Алаш тарихын қалпына келтіру ісіне сарп еткен саналы ғұмырына деген қошемет.
Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы) – Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы Алты Алаштың шынайы тарихына қызығатын азаматтарға көптеген ғылыми еңбегімен жақсы таныс ғалым. Ол Ресей, Беларусь, Чехия және Қазақстанның мұрағат, кітапхана, мұражайларынан, олардың ішінде КСРО мен Қазақ КСР Мемлекет қауіпсіздігі комитеті (КГБ), Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі мен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарын ондаған жыл зерттеп, Алаштың баға жетпес бай мұрасын, оның ішінде көзі тірісінде аты аңызға айналған Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мұрасын тірнектеп жинап, халыққа қайта ұсынды. Бұл қомақты еңбек әлемдік бағасын алды.
Алания қаласында, 32 елден жиналған 350 журналистің алдында қазақ ғалымының есімі президенттер, дипломаттар, қоғам қайраткерлері мен тағы басқалардың есімімен қатар аталды. Осыған дейін Қазақстаннан Ғаламдық жетістік сыйлығымен әр жылдары қоғам және мемлекет қайраткері, скрипкашы, профессор Дүйсен Қасейінов (2022), тұңғыш қазақ ғарышкері, Қазақстанның Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров (2024) және әйгілі домбырашы, күйші, өнертанушы, профессор Жанғали Жүзбай (2025) марапатталған болатын.
Ғылымдық жетістік сыйлығын (Küresel Başari Ödülleri) Бүкіләлемдік журналистер кеңесі Ысмайыл Ғаспыралы атындағы академияның қорымен бірлесіп тағайындады.
Айсұлу СЪЕЗХАН
