«Әділет» алаңында креа­тивті бизнеске салық жеңілдіктерін беру, зият­керлік меншікті кепілге қойып қаржы алу, кино өндірісіне рибейттер енгізу және қазақстандық контентті халықаралық нарыққа шығарудың жаңа тетіктері талқыланды.
Креативті экономика – келешек бағдары
115
оқылды

Партия өкілдері Алматы облысындағы шығар­машылық қауымдас­тық өкілдерімен басқосуында «Креативті экономика туралы» жеке заң әзірлеу ұсынылған еді. Қазір ол Құрылтайдағы партия фракциясының заң шығару жұмысы аясында қаралып жатыр.

«Әділет» партиясы төрағасы­ның орынбасары Нұрсұлтан Бай­тілесов саланы дамытудың үш негізгі бағыты – қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, өңі­р­лерде креативті инфрақұрылым құру және зияткерлік меншікті қорғауды атап өтті. Оның ай­туынша, авторлық туындыларды, брендтерді және шығармашылық еңбектің өзге де нәтижелерін қаржы тарту үшін пайдалануға жағдай жасау қажет. Авторлық сыйақы төлеу тетіктерін жетілдіру және қазақстандық жобалардың шетел нарығына шығуына қолдау көрсету де маңызды.

– Креативті экономиканы дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бағыттың бірі. Атап айтқанда, партия Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті индус­­трияның үлесін 3%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр, – деді ол.

Дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рус­­там Әли Қазақстанның креативті индустриясында 228 мыңнан астам адам еңбек ететінін, ал кә­сіпкерлік субъектілерінің саны 67,5 мыңға жеткенін айтады. Креа­тивті индус­трияларды дамыту қо­рының төра­ғасы Ерлан Каналимов салаға салық жеңіл­діктерін енгізуді және зияткерлік меншікті кепілге қойып қаржы алу мүмкіндігін қа­рас­ты­руды ұсынды. Ұлттық эконо­мика вице-министрі Азамат Әмрин креативті индустрияға жататын қызмет түрлерін нақтылау мәселе­сін көтерді. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төле­баев лотерея қызметінен түсетін ауда­рым­дар­дың креативті индус­трияға ба­ғытталатын үлесін арт­тыру мүм­кіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсы­нов жасанды интеллект көмегімен толық­ме­тражды анимациялық фильмдер шығаруды Astana Hub-тың басым бағыттары тізіміне енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Бизнес өкілдерінің де бірқатар ұсынысы бар. Мәселен, салық же­ңілдіктерін енгізу және кино өн­дірісіндегі рибейт тетігін же­тілдіру, интернеттегі авторлық құқықты заңнамалық тұрғыдан қорғауды күшейту, билет сатудың цифрлық құралдарын дамыту мен кино нарығын талдау мүмкін­діктерін кеңейту жайы айтылды. 

Өңірлерде креативті индус­трия­ны дамыту мәселесі де на­зардан тыс қалмады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орын­басары Жүсіп Жұмағұлов креа­тивті орталықтардың құқықтық мәртебесін айқындап, оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету қажет екенін айтты.

Кездесуді қорытындылаған Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлісхан Нахбаева «Креативті экономика туралы» заң жобасын әзірлеу жұмысы мемлекеттік ор­гандардың, бизнес пен шығарма­шылық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып жал­ғасатынын айтты. Оның сө­зінше, жиында көтерілген барлық ұсыныс жүйеленіп, жан-жақты зерделенеді. Соның негізінде заң жобасын одан әрі пысықтау ке­зінде саланың нақты қажеттілік­тері ескерілмек.

Бекбол АМАНГЕЛДІ