Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ілеспе түзетулері енгізілді.
Заң жобасы Президенттің онлайн-платформаларға деструктивті контентті таратқаны үшін жүктелетін жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Атап айтқанда, түзетулер аясында жедел хабарлар сервистерін қоспағанда, он алты жасқа толмаған пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу, онлайн-платформалар өкілдіктерін міндетті түрде есептік тіркеуге қою, білім беру курстарының авторларына қатысты жекелеген талаптар және басқа да шаралар қарастырылған.
Сондай-ақ 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын екінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыруды көздейтін, елдің негізгі қаржылық және әлеуметтік өлшемдерін айқындайтын құжатты Құрылтай 14 қазанда бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 2027 жылы бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін түзетулерді қолдаған. Олардың қатарында ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, учаскелік дәрігерлердің жалақысын 40%-ға дейін көбейту, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру және басқа да мәселелер бар.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім жөніндегі ратификациялық заң жобасы да күн тәртібіне енгізілді. Бұл құжат екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Қылмыстық істерді тергеу, тінту жүргізу, банк шоттары туралы ақпарат алмасу және Қылмыстық жолмен алынған табыстарға қатысты шаралар қабылдау барысында дәлелдемелер алу үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
Сондай-ақ депутаттар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды. Құжат электрондық сауда, цифрлық төлемдер және киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қазақстандық тауарларды түркі елдерінің нарықтарына кіргізуге және сауда кедергілерін азайтуға бағытталған.
Құрылтай отырысы барысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жолдауы туралы ақпаратты тыңдау да жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бюро міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді және Ислам елдерінің Стандарттау және метрология институтының (SMIIC) жарғысын ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Құжаттар қорытынды әзірлеу үшін тиісті комитеттерге жіберілді.
