Әдетте біреуі тапсырма береді, екіншісі тапсырманың орындалуын бақылайды, үшіншісі құлаш-құлаш құжат түрінде есеп сұратады, төртіншісі сол есепті қайта тексереді. Сөйтіп, соңында жұмыс біткендей көрінгенімен, түпкі нәтижеге жауапты нақты орган табылмай, мәселе шешілмей қалуы мүмкін. Осындайда қазақтың «Тоғыз ешкіге тоқсан теке» деген мәтелі еріксіз еске түседі.
Президент биылғы Жолдауында билік институттарының өкілеттігін қайта қарау мәселесіне айрықша назар аударды.
– Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазір қай мекеменің құзыреті қай жерден басталып, қай жерде бітетінін ажырату қиын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің су жаңа дерегіне сүйенсек, уәкілетті органдарда 470-ке жуық қайталанатын функия бар екен. Мысалы, жер қатынастары саласында қандай да бір учаскенің қолданылуы мен қорғалуын министрліктер де, әкімдіктер де қадағалайды. Соның кесірінен жер иелері артық құжат жинап, қосымша бюрократиялық бөгеттерді еңсеруге мәжбүр болады.
Жол саласында да осыған ұқсас түйткіл ұшырасады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы зертханалық-техникалық сараптама жасаса, жергілікті атқарушы органдар құрылыс, жөндеу және күтіп ұстау жұмысын ұйымдастырып, мемлекеттік бақылауға қатысады. Рас, зертханалық талдау мен мемлекеттік тексеру екеуі бір нәрсе емес. Бірақ алда-жалда жол сапасынан кінәрат шықса, қай органның қорытындысы негізге алынып, жауапкершілік кімге жүктеледі деген сауалдың жауабы көмескілеу.
Сондай-ақ агросалада министрлік субсидиялау қағидаларын белгілеп, цифрлық мониторинг жүргізеді. Ал жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдері өтінімдерді өңдейді, кәсіпкерлерге субсидиялық төлемдерді аударады әрі сол қаржының тиімді жұмсалуын бақылайды. Әрине бюджет қаржысын жіті қадағалау қажет-ақ. Бұған дау жоқ. Алайда мұндай қадағалау бірнеше деңгейде қайталанса, мекемелердің жұмысы қабаттасып, еңбек өнімділігі төмендейді. Мәселенің мәні – осында.
Қысқасы, бақылау, инспекциялау, есеп жинау сияқты жұмыстар орталық пен жергілікті органдар арасында анық бөлінбеген. Министрліктің аумақтық бөлімшесіне де, әкімдіктің салалық басқармасына да бірдей өкілеттіктер берілген.
Жалпы, Қазақстанда орталықсыздандыру мәселесі талай көтерілген. 2000, 2007, 2014 жылдардағы реформаларда һәм 2020 жылдан бері қабылданған тұжырымдамаларда өңірлердің құзыретін кеңейту жоспары бірнеше рет жарияланды. Мойындау керек, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы бірқатар міндет әкімдіктерге тапсырылған. Дегенмен министрліктер онда да саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоюды ұмытқан жоқ.
Ең қиыны, өңірлерге өкілеттік берілгенімен, соған қажетті қаражат қоса берілмеді. Жергілікті бюджет орталыққа кіріптар болған соң аймақтың дербестігі қағаз жүзіндегі құзыретпен шектеледі. Ақшасыз билік моторсыз көлік секілді. Әкімдік өзінен жоғары органдарға алақан жайып отырса, одан керемет нәтиже күтудің өзі күлкілі.
Заңнамадағы олқылықтар да осы қайшылықты ушықтырады. Неге десек, «Ветеринария туралы» заңда, Жер кодексінде, Экология кодексінде, тағы басқа құжаттарда органдардың өкілеттігі «бақылайды», «үйлестіреді», «ұйымдастырады» дегендей жалпылама сөздермен жазылған. Бұл етістіктердің мағынасын нақтылап, шекарасын айқын сызбасақ, әр мекеме өз құзыретін өзінше ұғынуы ықтимал.
Айтпақшы, мұның астарында ведомстволық мүдде жатқанын да жасырмаймыз. Мемлекеттік органның функциясы көбейген сайын оған бөлінетін қаржы да, штат саны да ұлғаяды. Сондықтан кейбір мекемелер өзіне тиесілі міндеттерді азайтуға құлықсыздау келеді. Ақыр аяғында ел игілігіне бағытталған бақылау тетігі ведомствоның өз қамын күйттейтін құралға айналуы ғажап емес.
Бұрынғы реформалардың қайталанатын міндеттерді түбегейлі жоя алмауына осындай кедергілер кеселін тигізді. Өйткені функциялық талдауды көп жағдайда министрліктердің өзі немесе бағынышты құрылымдары жасады. Өз жұмысын өзі бағалайтын мекеменің басы артық қызметінен өз еркімен бас тартуы неғайбыл. Соның салдарынан шенеуніктер басқару жүйесін барынша жетілдірудің орнына жекелеген міндеттерді ғана ішінара қысқартуды місе тұтты. Тізімнен жойылған бір функция біраз уақыттан кейін басқа атаумен қайтадан пайда болатын. Қағаздағы өзгеріс басқару мәдениетін жаңғырта алмады.
Қосарланған міндеттер бюджетке зілмауыр салмақ салады. Жоғары аудиторлық палатаның былтырғы есебінде: «Орталық пен жергілікті органдарда бір-бірін қайталайтын штат ұстау жалақы, кеңсе, байланыс, коммуналдық қызмет шығындарын еселеп арттырады», – делінген. Мәселен, ветеринария, ауыл шаруашылығы салаларында орталық және өңірлік құрылымдар бірдей шараларға тендер жариялап, қаржыны босқа шашқан фактілер анықталыпты. Бизнес те бұдан оңбай зардап шегеді. Кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше жерге өткізіп, уақытын құртады, жүйкесін жұқартады. Қарапайым азаматтар бір мекемеден екіншісіне сабылып, табанынан тозады.
Осы орайда әлемдік тәжірибеден үйренетін үлгі көп. Эстонияда субсидиарлық қағидаты бойынша халыққа ең жақын деңгейде шешімдер қабылданады. Министрліктер ұлттық саясатқа жауапты болса, муниципалитеттер күнделікті операциялық жұмыстарды орындайды. Оңтүстік Кореяда орталық, провинциялық және муниципалдық органдардың міндеттері заңмен жіктелген. Ондағы Реттеуші реформалар комитеті қайталанатын функцияларды жүйелеумен айналысады. Сингапурда әр міндетке бір жауапты агенттік бекітіліп, оның жұмысы нақты көрсеткіштермен бағаланады.
Президент Жолдауда жасанды интеллектіні бекер айтқан жоқ. Себебі жүздеген заңды, мыңдаған құжатты адам күшімен салыстыруға қыруар уақыт кетеді. Өз кезегінде заманауи тілдік модельдер әр жерде әрқалай аталатын, бірақ атқаратын жұмысы бірдей міндеттерді лезде тауып, ұқсастықты тап басып таниды.
Әйтсе де бүкіл шаруаны техникаға толық сеніп тапсыруға болмайды. Жасанды интеллект қайталанатын жұмысты тапқанымен, оның шынымен артық екенін немесе мемлекетке қажет екенін білмеуі мүмкін. Алгоритм тек қабаттасқан қызметтерді нұсқап көрсетеді. Соңғы шешімді мамандар қабылдауы керек.
Сарапшылардың пікірінше, орталық пен өңірдің жауапкершілігін де халықаралық озық тәжірибеге сай қайта бөлу керек. Министрліктер стратегиялық саясатқа, заңнамалық стандарттарға, жалпыұлттық мәселелерге жауап бергені дұрыс. Әкімдіктер сол саясатты жүзеге асырып, тұрғындарға қызмет көрсетіп, жол, мектеп, коммуналдық шаруашылық тәрізді күнделікті шаруалармен шұғылдануға тиіс. Ал министрліктің өңірдегі өкілдіктері ұсақ-түйекке араласпай, аса қауіпті эпидемия, шекарадағы бақылау немесе ірі өнеркәсіп нысандары сынды стратегиялық салаларды қадағалауы керек.
Реформаның заңнамалық тірегін күшейту үшін Әкімшілік кодекске және «Құқықтық актілер туралы» заңға функцияларды қайталауға тыйым салатын нормалар енгізген абзал. Жер, Экология, Халық денсаулығы және Кәсіпкерлік кодекстеріне, «Ветеринария туралы» заңға орталық инспекциялар мен әкімдік басқармаларының бақылау шекарасын нақтылайтын түзетулер керек.
Реформа нәтижесі құжаттар не комиссиялар санымен емес, нақты көрсеткіштермен өлшенгені жөн. Қайталанатын функциялар кемінде 80 пайызға қысқарса, әкімшілік аппарат пен қосарланған құрылымдарды ұстау шығындары 15-20 пайызға кемісе, мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру мерзімдері екі есе қысқарса, бір ақпаратты мың қайтара сұрататын бюрократияның тамырына балта шабылса – діттеген мақсатқа біртабан жақындаймыз деген сөз.
Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін арнайы жоспар әзірлеу тапсырылды. Бұл жолғы реформа қағаз жүзіндегі кезекті есеп күйінде қалмаса екен дейміз. Сервистік мемлекет дегеніміз – бәрін бақылауға тырысатын мемлекет емес, нені орталық шешетінін, нені аймаққа жүктейтінін, әр шешімнің артында кім тұрғанын түсінетін мемлекет. Президенттің Жолдауда меңзегені де – осы мұрат.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
