Бүгінгідей цифрлық дәуірде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі қондырғы қолданылады. Соның бірі – SOS жедел шақыру батырмасы. Дамыған елдерде бұл батырма талай қылмыстың алдын алып жатқанын байқауға болады. Ал бізде SOS батырмасы қашан қолданысқа енді, нәтижесі қандай?
SOS: сән үшін тұрған түйме ме?
171
оқылды

Негізі, аталған жүйе Smart City жобасы аясында 2021 жылдан бастап Тараз қаласына қойыла бастаған. Алайда кейінгі бес жылдың бедерінде осы SOS дабыл түймесі арқылы қылмыскердің ұсталғанын естімедік. Жамбыл облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, бүгін­де Тараз қаласына мұндай 10 да­был батырмасы орнатылған екен. 

– Қазір шаһардағы 10 батыр­маның 8-і  жұмыс істеп тұр. Ал қалған екеуі түрлі ақауға байла­нысты істен шыққан. Алайда қазір жөндеу жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Негізі, аталған батыр­малар саябақтарға, халық көп жиналатын жерлерге және көше қиылыстарына қойылған. SOS батырмасының  ерекшелігі – дабыл түймесін басу арқылы тұр­ғындар полициямен байланысып қана қоймай, қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық тура­лы хабар бере алады, – деді депар­таменттің баспасөз қызметі. 

Әрине, бұл – құп көретін жоба. Бірақ дабыл батырмалары іске қосылған 5 жылдың бедерінде  SOS  арқылы полицияға бірде-бір шақырту түспепті.

– Негізі, халық аталған батыр­маларды күнделікті көргенімен, оған жүгінгісі келмейтін секілді. Департамент тарапынан қанша түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындардан шақырту түс­педі. Бұл – қылмыстық әрекеттер жоқ деген сөз емес. Турасы, ха­лық­тың әлі де болса цифрлық сауаттылығы төмен болып тұр, – дейді департамент мамандары.  

Қала тұрғыны Нұрбек Дос­боловтың айтуынша, жергілікті полиция қызметі тарапынан ақ­па­раттық түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілме­ген­діктен тұрғындар дабыл батырма­сын көргенімен, оның қызметін мүлде білмейді. 

– Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғы­лардың дамыған елдерде болаты­нын ести­тінбіз. Кейін өзімізде де орна­тылып жатқанын көріп қуан­ғанмын. Әрине, халық көп жина­латын орын­дарда ұрлық, бұзақы­лық сынды қылмыстар болып жатады. Өзім де сол құрылғыны 3-4 жерден көрдім. Алайда оның қыз­ме­­ті­не жүгініп, пайдаланып көрей­ік дей­тіндерді байқаған емеспін. Тіпті кей адамдар қалада осындай батыр­малардың бар екенін білмей­тін де болуы ықти­мал. Мұның бас­ты себебі – құқық қорғау қызмет­керлерінің ақпарат­тық түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүр­гізбеуінде, – дейді қала тұрғыны. 

Ал шаһар тұрғыны Алдияр Аспанбеков SOS батырмасының қыз­метін өзі тексеріп көріп, көңілі толмағанын айтады. 

– Қаладағы бұзақылықтар мен қылмыстардың алдын алу үшін осындай құрылғылардың орна­тылып жатқанын өте қолдаймын. Алайда бұл батырмалар туралы көп адам біле бермейді. Одан бөлек, дабыл түймелерінің жедел­дігі де аса көңіл көншітпейді. Бұған батырмаларға өзім жүргізіп көрген сынақ тәжірибесі бары­сында көзім жетті. Мәселен, түй­мені басқан сәтте орталыққа қоңы­рау шалынғанымен, дауыс біресе жаңғырып, біресе қарлы­ғып жөнді естілмейді. Содан соң оператор байланысушы азамат­тың жеке деректерін тәптіштеп, қайта-қайта сұрай береді. Сөйтіп тұрғанда, кемінде 3-5 минут уа­қытың өтіп кетеді. Шынымен, батырмалардың тиімділігін көргі­міз келсе, оларды кеңінен наси­хат­тап, жұмысының жылдам­ды­ғын да жүйелі жолға қойғанымыз жөн, – дейді Алдияр. 

Бұған қатысты  Полиция деп­ар­таменті өкілдерінің айтар өз уәжі бар. 

– Аталған құрылғы бойынша жұртшылыққа жергілікті телеар­на­лар және Instagram, Facebook әлеуметтік желілері арқылы тол­ық­тай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ олардың жұ­мысы да ұдайы зерделеніп, ақау­лары да дер кезінде жөн­делуде, – дейді департамент мамандары. 

Әрине, тұрғындар неғұрлым өздерін қауіпсіз сезінсе, соғұрлым қолайлы орта қалыптасатыны анық. Алайда бес жылдың ішінде SOS батырмасы арқылы полиция бөліміне бірде-бір шақырту түс­пегені ойландырады. Сондай-ақ тұрғындар дабыл батырмасы мен дауыстық хабарлама жіберетін түймеге балалардың бойы жетпей­тіндігін айтып та шағымданады. Сондықтан құзырлы сала маман­дары құрылғының жұмысын жұрт­­шылыққа жіті түсіндіріп, батырма түймелерін де оңтайлы еткендері абзал. Әйтпесе, бұл мил­­лиондаған теңгенің  желге ұшқанымен пара-пар.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы