Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің көлік-логистика саласының маңызы қозғалды. Оның ішінде Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан Арал мен Каспийдің аралығын қамтитын ауқымды жоба Батыс пен Шығысты жалғап, Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Ең бастысы, бұл бастама Сыр өңірінің географиялық орналасуын экономикалық артықшылыққа айналдырып, Қызылорда облысының транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Транзиттік мүмкіндіктің жаңа белесі
Президент биылғы жылдың тамыз айында өңірде бастау алған үш ірі автожол құрылысының маңызына терең тоқталып, «Бейнеу – Сексеуіл» бағытын халықаралық маңызы бар жол ретінде атап өткен болатын. Соның негізінде бұл жобаны «Арал – Каспий» магистралі деп атауды ұсынғаны көпке мәлім.
Негізінен, аталмыш жоба арқылы келешекте Қорғас пен Достық бағытынан келетін жүк ағыны Шымкент, Қызылорда арқылы Сексеуілге жетіп, одан әрі Бейнеу арқылы Каспий жағалауына бағыт алатын болады деп күтіледі.
– Аталмыш көлік дәлізі елдің көлік инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Бұл бастамалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, Шығыс пен Батысты жалғайтын тиімді көлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк легі Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге тоғысып, одан әрі Ақтау порты арқылы Бакуге бағытталады. Сондықтан аталған жобалар халықаралық логистиканың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Алдын ала есеп бойынша, Қытайдан Еуропаға қатынайтын жол шамамен 1000 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі үш сағаттан астам уақытқа үнемделеді. Сондай-ақ жүк ағынын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік туады, – дейді бұл жайында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Әли Есентай.
Оның айтуынша, бұл жобалардың өңір үшін де маңызы зор. Атап айтқанда, өңірдегі жолдардың өткізу қабілеті артып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі жақсарады. Сондай-ақ жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігі артып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл әсіресе туризм мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.
Күрежол құрылысы қарқын алды
Жалпы, Сыр өңірінің негізгі тірегіне айналатын үш жоба – «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғай-сын – Сексеуіл» автомобиль жолдары саналады.
Бұл жолдардың әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеті айқын. Бірі жаңа көлік бағытын қалыптастырса, екіншісі қолда-ныстағы жолдың өткізу қабілетін арттырады, үшіншісі өңіраралық байланысты күшейтеді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда филиалының мәліметіне сәйкес, «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 800 шақырымды құрайды. Оның 182,2 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Жоба құны шамамен 195 миллиард теңгеге бағаланған. Екі жолақты екінші техникалық санаттағы бұл жол құрылысы барысында өңір аумағында 32 жол қиылысы, 17 кірме жол, 5 демалыс алаңы, 14 аялдама және 30 су өткізу құбыры салынады деп жоспарланған.
Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» бағыты бойынша 462 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғырту да көзделген. Бұл жобаның жалпы құны 832,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Төрт жолақты бірінші «Б» техникалық санаттағы жол Қызылорда облысына қарасты Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының аумағын қамтиды. Жоба аясында 9 жол айырығы, 14 көпір және жол бойындағы сервистік аймақтар қарастырылған.

Ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 312 шақырымға тең. Оның 97 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. Өңір аумағындағы құрылыс құны шамамен 234 миллиард теңгені құрайды. Негізінен, бұл жол төрт жолақты бірінші «Б» техникалық санатқа жатқызылады.
– Қазір аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Мамандар жобалық шешімдерді нақтылап, құрылыс алаңдарында топырақ құрамын зерттеу жұмыстарын қолға алған. Бұл – болашақ жолдың сапасы мен беріктігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең. Сонымен қатар жолшылар жекелеген учаскелерде топырақтың үстіңгі қабатын алып, жолдың негізін қалыптастыру жұмыстарына кірісті. Бүгінде үш нысандағы құрылыс жұмыстарына барлығы 535 техника мен 792 адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңдарында арнайы техникалар үздіксіз жұмыс істеп, жер төсемін дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін болашақ автожолдың жер төсемін қалыптастыру үшін шамамен 1 миллион текше метр топырақ төселді, – дейді Әли Есентай.
Әрине, мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бірінші кезекте үлкен ұйымдастырушылық жұмысты және сапаға ерекше мән беруді талап етеді. Сондықтан құрылыс барысында жобалық талаптардың сақталуына, жолдың беріктігі мен ұзақмерзімді пайдаланылуына басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта негізгі құрылыс кезеңдері жалғасып, жобалар белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады деп күтілуде дейді сала маманы.
Өңір үшін де пайдасы орасан
Ауқымды жобаның тиімділігі тек халықаралық жүк тасымалының көлемімен өлшенбейтіні белгілі. Бұл ретте өңір тұрғындарының күнделікті өміріне, кәсіпкерлікке, туризмге және әлеуметтік-экономикалық дамуға да пайдасы ұшан-теңіз.
Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл жобалардың Қазалы мен Арал аудандары үшін маңызы ерекше деп айтуға болады. Қос өңірдің географиялық орналасуы мен табиғи-туристік әлеуетін ескерсек, жаңа жолдар кәсіпкерлікті дамытуға, қызмет көрсету саласын кеңейтуге және туристік бағыттарды жандандыруға ықпалы зор болатынын айта кеткен абзал.
Атап айтқанда, бұл жобалар аясында аталмыш аудандардың жол бойындағы сервистік орталықтары, демалыс орындары, жанармай құю бекеттері мен қоғамдық тамақтану нысандары жаңа кәсіпкерлік бастамаларға жол ашатыны аңғарылады. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және жергілікті халықтың табысының артуына әсер етері сөзсіз.
Жалпы стратегиялық жобаға жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Ең бастысы, Мемлекет басшысы жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Яғни жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2029 жылдан кешіктірілмеуге тиіс. Бұл – мердігерлер мен жауапты мекемелерге жүктелген үлкен міндет.
Қорыта айтқанда, Сырдан бастау алған стратегиялық жоба Қазақстанның халықаралық логистика нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Күрежол Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігін кеңейтіп, еліміздің Еуразия кеңістігіндегі транзиттік рөлін күшейтеді деп күтілуде. Ал Сыр өңірі үшін бұл жоба транзиттік әлеуетті экономикалық табысқа айналдырудың, ауданаралық байланысты жақсартудың және жаңа кәсіпкерлік мүмкіндіктерін қалыптастырудың жолы ретінде жоғары маңызға ие.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
