Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры биыл 35 жылдық мерейлі белесіне көтерілді.
Тәуелсіздікпен тамырлас театр
118
оқылды

Егемен елдің еңсесімен бірге тіктеліп, азаттықтың ақ таңымен қатар қанат жайған өнер ордасы осы жылдар ішінде қазақ руханиятының қара шаңырағына айналды. Ұлттық сахна өнерінің дәстүрін жаңашылдықпен ұштастырған театр талай тағдырды тартысты қойылымға, талай шындықты көркем шежіреге айналдырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Отыз бес жылда сахна шымылдығы сан мәрте түріліп, әр қойылым уақыттың үнін, қоғамның тынысын, ұлттың жан дүниесін сөйлетті. Мерейтой қарсаңында біз  Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры Ербол Жақсыкелдіұлына бірер сауал қойған едік. 

– Ербол мырза, театрдың ме­­рей­тойы құтты болсын! Жалпы, театр тәуелсіздік алған жылы құрылған екен. Тарихы сол жылдан бастала ма, әлде ескі театр қайта жаңғырды ма?

– Рақмет! Расында, біздің теат­рымыз Тәуелсіздікпен түйдей құр­дас. Еліміз егемендікке қол жет­кіз­ген тарихи кезеңде шаңырақ кө­­терген өнер ордасының өзіндік шежіресі бар. Театрдың негізін қа­лаған – қазақ театр өнерінің көр­некті өкілі Жақып Омаров. Ол кісі Жұмат Шанин атындағы Шым­кент облыстық театрында режиссер бо­лып қызмет атқарып жүрген ке­зінде Ақмолаға, сол кездегі Цели­но­град қаласына келіп, жаңа театр­дың іргесін қалады. Бұл Целиноград өңірінде ашылған тұңғыш қазақ театры болатын. Сондықтан біздің театрдың құрылуы тек мәдени оқиға ғана емес, өңірдің рухани өміріндегі тарихи бетбұрыс болды деп айтуға толық негіз бар.

– Ол кезде Астана болатынын білмеген секілді.

– Әрине, ол кезде Целино­град­тың болашақта тәуелсіз Қазақ­станның астанасына айналарын ешкім білген жоқ. Жақып ағамыз осы өңірге келіп, қазақ театрының шымылдығын алғаш рет «Ақан се­рі – Ақтоқты» спектаклімен ашты. Қарағанды, Алматы, Шымкент және еліміздің өзге өңірлерінен талантты актерлерді шақырып, үл­кен шығармашылық ұжым қалып­тастырды. Театр аз уақыттың ішін­де өз бағытын айқындап, өнер ке­ңістігінде таныла бастады.

1996 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында өткен түркі тілдес ел­­­дер­дің театр фестиваліне Қазақ­стан атынан біздің театр қатысты. Шығармашылық ұжымды Жақып Омаровтың өзі бастап барған еді. Өкінішке қарай, сол сапар кезінде Жақып ағамыз кенеттен дүниеден өтті. Сөйтіп, театр ұжымы фести­валь­дан марапатпен бірге өзінің негізін қалаған аяулы азаматтың сүйегін елге алып қайтты. Бұл бүкіл ұжым үшін орны толмас қайғы болды.

– Одан кейін ұмытпасақ, театр­ға Қадыр Жетпісбаев жетекшілік етті.

– Иә, Жақып ағамыздан кейін театр тізгінін режиссер, драматург Қадыр Жетпісбаев ағамыз ұстады. Ол кісі де шығармашылық ұжым­­ның қалыптасуына, театрдың өнер жолын жалғастыруына өзіндік үлес қосты. Өкінішке қарай, Қадыр ағамыз да театрды ұзақ басқара алмады, өмірден ерте өтті.

– Әзірбайжан Мәмбетовтің келгені қай кез?

– Кейін театрға қазақ сахна өне­рінің заңғар тұлғасы Әзір­бай­жан Мәмбетов арнайы Алматыдан шақырылды. Әзағаңның келуі театр­дың шығармашылық тыны­сына жаңа серпін берді. Алайда денсаулығына байланысты ол кісі де ұзақ уақыт қызмет атқара алма­ды. Соған қарамастан, осы үш тұл­ғаның театр тарихында қалдыр­ған ізі айрықша. Олар өнер орда­сының іргесін бекітіп, шығар­машылық бағытын қалыптас­ты­рып, кәсіби деңгейінің өсуіне өл­шеусіз еңбек сіңірді.

Бүгінде біз сол ағаларымыз қа­лыптастырған сара жолды жалғас­т­ы­рып келеміз. Міне, биыл театры­мыз 35 жасқа толып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мерей, маңызды белес. Осы ме­рейтой аясында театрдың кіші за­лына Жақып Омаровтың есімін беру мәселесін қарастырып жатыр­мыз. Сондай-ақ әр жылдары театрда еңбек еткен ардагерле­рі­міздің құрметіне арнайы галерея ашу­ды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, театрдың 35 жылдық тари­хын қам­титын мерей­тойлық кітап­тың тұсау­кесері өтеді. Мерекелік шаралар сал­­танатты кешпен қоры­тындыланады.

Алғаш құрылған кезде өнер ор­дасы Ақмола облыстық драма театры деп аталды. Кейін оған қа­зақ сахна өнерінің көрнекті қай­раткері Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Уақыт өте театр ака­де­миялық мәртебеге ие болды. Ал 2024 жылы Президент Жарлы­ғы­мен Ұлттық театр мәртебесі беріл­ді. Бұл ұжымның ұзақ жылғы шы­ғар­машылық еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз.

– Алғашқы (құрылған) кезде труппада қанша адам болды? Қазір театрда қанша адам жұмыс істейді?

– Алғашқы кезде театр ұжымы 110 адамнан құралған болатын. Ал бүгінде мұнда 460 қызметкер еңбек етеді. Осының өзі өткен 35 жылда өнер ордасының қаншалықты өсіп-өркендегенін көрсетеді. Қазір біз­дің қолымызда заманауи ғимарат, кә­сі­би шығармашылық ұжым және жа­ңа қойылымдарды жүзеге асы­руға мүмкіндік беретін материал­дық-техникалық база бар. Сондық­тан алдағы жоспарымыз да ауқым­­ды. Театрдың шығарма­шы­лық әлеуетін арттырып, көрерменге жаңа бағыт­тағы, заманауи қойы­лымдар ұсынуға күш салып жатырмыз.

– Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма теат­рынан да бірқатар актер осында ауыс­ты. Ол кісілер Әзірбайжан Мәм­­бетов басқарған жылдары келді ме?

– Иә, Әзірбайжан Мәмбетов ағамызбен бірге Алматыдан қазақ театр өнерінің белгілі өкілдері де келді. Олардың қатарында Гүлжан Әспетова, Ләйлә Ханинго-Бекна­зар, Тілектес Мейрамов, Кеңес Нұр­ланов сынды сахна майталман­дары бар. Бұл өнер иелері елорда театрының шығармашылық тыны­сын кеңейтіп, кәсіби деңгейінің артуына үлкен үлес қосты.

– «Ақан сері – Ақтоқтыдан» ке­йін қандай классикалық шығарма­ларды қойды?

– Театрымыздың репертуарын­да қазақ және әлем әдебиетінің классикалық туындылары әрдайым маңызды орын алып келеді. Әсі­ресе Әзірбайжан Мәмбетов сах­на­лаған қойылымдардың орны бөлек. Қазір сол шығармаларды қайта жаңғыртып, бүгінгі көрерменге ұсынуға ерекше көңіл бөліп отыр­мыз. Мәселен, «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі әлі күнге дейін театр сахнасынан түскен жоқ. Әрине, уақыт өте декорациялар ескіреді, сахналық безендірудің кейбір элементтері жаңартуды қажет етеді. Бірақ қойылымның көркемдік құндылығы мен режиссерлік ше­шімі өз маңызын жоғалтқан емес. Жақып Омаров ағамыздың да ке­зінде сахналаған бірқатар шы­ғар­масы бар. Алдағы уақытта сол туын­дыларды қайта жаңғыртып, көрерменге ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл театр тарихында өш­пес із қалдырған тұлғалардың ең­бе­гіне көрсетілген құрмет болмақ.

– Театрдың 35 жылдық тари­хында ең ұзақ қойылған спектакль бар ма?

– Репертуардан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатқан қойы­лымдардың бірі – «Ғасырдан да ұзақ күн». Бұл спектакль бірнеше буын көрерменнің ықыласына бө­ленді. Мұндай туындылардың сах­налық ғұмыры ұзақ болуы олардың көркемдік қуаты мен көтерген мә­селелерінің өміршеңдігін көр­сетеді. Сонымен қатар театры­мыз­дың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева Мұхтар Әуезовтің «Қа­рагөз» трагедиясын сахналады. Бұл қойылымды Әзірбайжан Мәм­бетов ағамыздың рухына тағзым ете отырып, қайта жаңғырттық. 

– «Қан мен тер» де қайта қойыл­ған жоқ па?

– Иә, «Қан мен тер» спектаклі де қайта жаңғыртылды. Бұл шы­ғарма – қазақ әдебиеті мен театр өнерінің алтын қорынан орын ал­ған туындылардың бірі. Сондықтан осындай классикалық дүниелерді сахнаға қайта әкелу арқылы ұлттық драматургияның құндылығын сақтап, оны жаңа буын көрерменге таныстыруды көздейміз.

– Бір кездері театрға көрермен аз келген кездері де болды. Қазір кері­сін­ше, спектакльдердің көпші­лігі аншлаг­пен өтіп жатыр. Бұл қойы­лым­дардың деңгейі өскенін көрсете ме, әлде кө­рерменнің талғамы өзге­ріп жатыр ма?

– Менің ойымша, мұның бір­неше себебі бар. Ең алдымен, бү­гін­гі көрерменнің талғамы өзгерді. Әсіресе жастардың ойлау жүйесі, дүниетанымы, өнерді қабылдауы бұ­рынғыдан өзгеше. Қазіргі көрер­менді сахнадағы оқиғамен ғана қызықтыру жеткіліксіз. Оған тың режиссерлік шешім, терең мазмұн, заманауи сахналық тіл қажет.

Театр басшысы ретінде көрер­меннің пікірін үнемі бақылап оты­рамын. Әлеуметтік желілерде жа­зылған пікірлерді, сын-ескерт­пелерді назардан тыс қалдырмаймын. Егер белгілі бір спектакльге қатыс­ты сын айтылса, оны шығармашы­лық топқа жеткізіп, бірге талқы­лай­мыз. Өйткені сыннан қашуға бол­майды. Керісінше, орынды айтылған пікір театрдың дамуына ықпал етеді.

– Репертуар түзгенде көрермен­нің сұранысы ескеріле ме? Мәселен, бір спектакль айына неше рет қойылады?

– Репертуар қалыптастыруда қа­тып қалған қағида жоқ. Ең алды­мен, көрерменнің қызығушы­лы­ғын, шығарманың көркемдік дең­гейін және театрдың мүмкіндігін еске­реміз. Егер белгілі бір спекта­кль­ге сұраныс жоғары болып, билеттер тез сатылып кетсе, оны қосымша сахна­лауымыз мүмкін. Кейде бір күнде екі мәрте қоюға да тура келеді.

– Қазір қазақ театрлары сырттан режиссер жиі шақыратын болды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Мәс­кеуден келген режиссер қойға­нын білеміз. Бұл үрдіс тәжірибе ал­масу болып санала ма?

– Әрине, мұны шығармашылық тәжірибе алмасудың бір жолы деп қарастыруға болады. Қазір заман өзгерді, көрерменнің талғамы да, өнер­­ге қоятын талабы да басқа. Әсі­­ресе жастар классикалық шы­ғар­маларды жаңаша қабылдағысы келеді. Сондықтан белгілі туынды­ларды заманауи сахналық тәсілдер арқылы ұсынудың маңызы зор. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұ­лу» спектакліне жастар өте көп келеді. Қойылым үнемі аншлагпен өтеді. Бұл ұлттық классиканың бү­гінгі буын үшін де қызықты екенін көрсетеді. Одан кейін «Ромео мен Джу­льетта» спектаклін сахналадық. Оған да Мәскеуден режиссер ша­қырдық. Ұланбек Баялиев әлемдік классиканы өзгеше режиссерлік шешіммен, заманауи стильде ұсын­­ды. Мені ерекше қуантатыны – бүгінгі көрерменнің театрға деген көзқарасы. Олар қойылымды жай ғана тамашалап кетпейді, режиссер­лік шешімге, актерлік ойынға, сах­на­лық безендіруге дейін талдап, өз пікірін білдіреді. Кейде кәсіби ре­жиссер секілді ой қозғайды. Бұл – театр өнеріне бейжай қарамайтын, талғамы қалыптасқан аудито­рия­ның өсіп келе жатқанының белгісі. 

– Кез келген шығарманы репер­туарға бекітер алдында театр қандай талапты ұстанады? Оның сапасына, көрерменді жинауына (нарық заңына қарай) мән бересіздер ме?

– Біздің театрда көркемдік ке­ңес жұмыс істейді. Репертуарға ұсы­нылатын шығармаларды ең ал­дымен осы кеңес жан-жақты тал­қылайды. Мен оның жұмысына тікелей араласпаймын. Өйткені көр­кемдік кеңестің төрағасы – театр­дың көркемдік жетекшісі. Ке­ңес құрамына он-он бес маман кі­реді. Олар ұсынылған шығарма­ның көркемдік сапасын, идеялық мазмұнын, сахналық мүмкіндігін егжей-тегжейлі саралайды. Шы­ғарма кеңестің талқылауынан өтіп, мақұлданғаннан кейін ғана оны жұмыс жоспарына енгіземін. Яғни репертуар қалыптастыруда ең алдымен кәсіби шығармашылық ұстанымға сүйенеміз.

Алдағы жоспарымызда да ма­ңызды туындылар бар. Жаңа жылға дейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналауды көз­деп отырмыз. Қойылымның режис­се­рі – Жұлдызбек Жұманбай. Қазір дайындық жұмыстары басталды. Жоспар бойынша спектакльді желтоқсан айының соңына қарай көрермен назарына ұсынамыз.

– Аға буын мен жастар арасын­дағы сабақтастық қалай?

– Біздің театрда буындар сабақ­тастығы жақсы қалыптасқан. Аға буын өкілдері жастарға қам­қорлық танытып, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ал жас актерлеріміз үл­кен­дердің еңбегін бағалап, оларға ерекше құрмет көрсетеді. Осындай өзара сыйластық ұжымның шығар­машылық бірлігін нығайта түседі. Біз үшін театр – тек жұмыс орны емес, үлкен отбасы. Мұнда әр адам­ның еңбегі, шығармашылық ізденісі, сахнаға деген адалдығы ма­ңызды. Аға буынның мол тәжі­ри­бесі мен жастардың тың көзқа­ра­сы тоғыс­қанда ғана өнердің өрісі кеңейеді. Бүгінде театрымыз жаңа шығарма­шылық белеске көтеріліп келеді деп сеніммен айта аламын. Тәуелсіз­дікпен бірге шаңырақ кө­терген өнер ордасы 35 жыл ішінде талай сыннан өтіп, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұлттық театрға айнал­ды. Ендігі мақ­сат – сол дәстүрді сақ­тай отырып, заман талабына сай дамып, қазақ театр өнерінің көк­жиегін кеңейту. Біз үшін ең үл­кен жетістік – көрер­меннің сенімі мен ықыласы. Сол сенімге лайық болу жолында еңбек ете береміз.

Гүлжан ӘСПЕТОВА,

Қазақстанның халық әртісі:

Жақаңның жақсы аты қалды

– Жақаңды жастайымнан бі­лемін. Ол Мұхтар Әуезов атындағы театр жанындағы студияны тәмам­дап, өнер жолын актерліктен бас­таған екен. Кейін режиссура ма­ман­­дығына оқуға түсіп, шығар­ма­шы­лық ізденістің жаңа бір бе­лесіне қадам басты. Мен 17 жасым­да актерлік бөлімге қабылданған кезде Жақаң режиссурада білім алып жүрген еді. Сол күндер әлі күн­ге дейін көз ал­дымда. Орта бой­лы, қағылез, қимы­лы ширақ, мінезі жайдары, кішіпейіл жігіт болатын. Өнерге деген ынтасы ерекше еді. Әсіресе әнді ғажап орындайтын. Әуелетіп ән салғанда айналасын­дағыларды бірден баурап алатын. Жақаңның қалжыңы да жарасымды еді. Кейде маған қарап: «Әй, Әспе­това, сен қыр мұрын болсаң, сон­дай сұлу болар едің», – деп әзіл­дей­тін. Мен болсам сол сөзді көңіліме алып, үйге барған соң шешеме: «Мені неге пұшық қылып тудың?» – деп ренжитінмін. Қазір ойлап отырсам, жастық шақтың сондай аңғал да алаңсыз күндері қандай қымбат десеңізші! Жақаңның сол бір әзілінің өзінен оның адамдар­мен етене араласа білетін ашық мінезі, ешкімді жатсынбайтын ақкөңіл болмысы байқалатын.

Жақаңның ең үлкен арманы­ның бірі қазақ театрының өрісін кеңейту, елге қызмет ететін жаңа өнер ордасын қалыптастыру бол­ды. Сол арманын жүзеге асыру жо­лында оның қалай жүгіргенін, қан­шама есікті қағып, қаншама қиын­дықты еңсергенін өз көзіміз­бен көр­дік. Театр ашу деген оңай шаруа емес. Оның үстіне, жаңа өнер ұжы­мын құру үшін тек шы­ғар­машылық қабілет жеткіліксіз. Қаншама ұйым­дастыру жұмысы, жауапкершілік, табандылық керек. Жақаң осының бәрін мойнына алды. Өнерге деген адалдығы мен қайсарлығы оны ешбір кедергіге мойытпады.

Ақыры, шырылдап жүріп, театр­ды ашты. Бұл оның жеке ба­сы­ның ғана қуанышы емес, қазақ өнері үшін де маңызды оқиға бол­ды. Әр өңірден талантты әртістерді жинап, бір шаңырақтың астына топтастырды. Жаңа театрдың ірге­сін бекітіп, шығармашылық ұжым қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады. Оның үстіне, әртістердің тек сахнадағы өнерін ғана емес, тұрмыстық жағдайын да ойлады. Жан-жақтан келген актерлердің баспаналы болуына көмектесті.

Адам ғұмырының ұзақтығы жылдармен ғана өлшенбейді екен. Артында қалдырған ісімен, елге сіңірген еңбегімен, адамдардың жүрегінде сақталған жақсы атымен өлшенеді. Жақаңның өмірі осының айқын дәлелі. Ол өзі өмірден өтсе де, арманына айналған театры қалды. Бүгінде сол өнер ордасының 35 жылдық мерейтойын атап өтіп отырғанымызда, оның негізін қа­ла­ған азаматтың жанкешті еңбегін еске алмау мүмкін емес.

Түймехан АТЫМТАЕВА,

актриса, Жақып Омаровтың жары:

Шәмшіге берілген серт

– Консерваторияның театр бөлімін бітіргеннен кейін мені Ал­матыда қалдырмақшы болды. Шекс­пирдің «Асауға тұсауында» Ка­таринаның рөлін ойнап жүрген кезім. Соған қарамастан, елге ке­ту­ді мақсат тұттым да, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театрға жұмысқа тұрдым. Сол театрға бас режиссер болып, Қарағандыдан Жақып Омаров келді. Театрда «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклін қойды. Мен Ақтоқтыны ойнадым. «Абай-Әйгерімде» Әйгерім образы бұйырды. Бізді (Жақып екеумізді) сахна табыстырды. Өте талапшыл, талантты азамат еді. Сөйтіп жүр­ген­де Ақмоладан қазақ театрын ашу керек болды. Ол кездері «Це­ли­ноград Астана болады екен» де­ген сыбыстар еміс-еміс айтылып жата­тын. Сол кезде де осындағы аза­мат­тар (Целиноградтағы) Жа­қаң­ды шақырып, театр ашу идея­сын ұсы­нады. Жақаң елдегі аға­йын­ның сөзін жерге тастамай, осында көшіп келдік. Бұл 1990 жыл болатын. Еш­қандай ғимаратымыз жоқ, театрдың ашылғанын білдіру керек деген соң, дайындықты бас­тап кеттік. Жақаң жан-жақтан ак­тер­лерді жинай бастады. Театр аш­пастан бұрын, концерттік бағ­дар­лама дайындап, айналадағы ауыл-аймақты арала­дық. Жеке ғи­маратымыз жоқ, «не істейміз?» деп күн сайын әкімдікке барады. Ол кезде Светлана Жал­ма­ғамбетова Браунның орынбасары, біздің жанашырымыз сол кісі. Жа­қаңның мінезі тік қой, айғай-шумен жүріп, әйтеуір театр ашуға мүм­кін­дік алды. Театрдың төл ғимаратына да қол жеткізді. Шағын залы бар, кіш­кентай ғана ғимарат болса да, қуа­нышымызда шек жоқ. Жабдық­тар алып, еден-терезесін жуып, сах­­на­лық киімімізді реттеп, кіші­гірім ұжым­ға айналдық. Бірінші рет «Ақан сері – Ақтоқтыны» Кон­гресс-холлда қойды. Көрерменнің қуа­нышында шек жоқ. Тұрғын­дар­дың бәрі шат-шадыман, қуанып, үйіндегі барын әкеп, бізге тапсырды. 

Жақаңның алғаш сахналаған қойылымдарының бірі – Шәмші Қалдаяқовтың өміріне арналған спек­такль еді. Бұл туындының дү­ние­ге келу тарихының өзі бір қы­зық. Ол кезде біз Шымкентте тұра­тынбыз. Бір күні үйімізге қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қал­дая­қов пен драматург Оразбек Бо­дықов қонаққа келді. Қолдарында «Қайран, Шәмші» атты пьесаның қолжазбасы бар екен. Көлемі шағын ғана сол қолжазба әлі күнге дейін менің үйімде сақтаулы тұр. 

«Қонақтар келеді» деген соң ет асып, дастарқан жайып, күтіп отыр­дық. Шәмші ағамызды сол жолы алғаш рет жақыннан көріп, әңгімесін тыңдадым. Басында та­қиясы бар, өзі жұқалтаң келген, жү­зінен жылы жымиысы кетпей­тін, өте қарапайым кісі екен. Сөй­леген сөзінің өзінен ерекше бір сыпайылық, биязылық сезіліп тұ­ра­тын. Сол күні біздің үйдің іші кә­дімгі концертке айналды. Шәм­ші ағамыз ән шырқап, бәрімізді бір серпілтіп тастады. Әсіресе «Құсни-Қорланды» алғаш рет компози­тор­дың өз орындауында тыңдағаным әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сол бір ғажайып сәттер жадымда мәңгі сақталып қалды.

Ет желініп, дастарқан басын­дағы әңгіме саябырсыған соң, пье­саны оқу басталды. Жақаң шы­ғар­маны әуел бастан режиссерлік көз­бен қабылдайтын адам ғой. Әр көріністің сахнадағы салмағын, дра­матургиялық тартысын, кейіп­керлердің болмысын ой елегінен өткізіп отырады. Бір кезде Ораз­бек­ке қарап: «Мына пьесаңызда ештеңе жоқ қой», – деп қойып қал­ды. Оразбек те қызуқанды, мі­незі тік адам. Мұндай сөзге бірден шамданып, екеуінің арасында кә­дім­гідей пікірталас басталды. Бірі шығармасын қорғайды, екіншісі режиссер ретінде өз талабын айта­ды. Біразға дейін сөз таластырып қалды. Ал Шәмші ағамыз сол бая­ғы биязы қалпынан танған жоқ. Екеуінің әңгімесін сабырмен тың­дап отырып: «Жақа, бұл пьесаны Шымкент театрына да апардым, Жетісай театрына да ұсындым. Бі­рақ ешқайсысы қоймай жатыр», – деді. Сонда Жақаң еш ойланбастан: «Мені Ақмолаға театр ашуға жібе­ріп жатыр. Осы пьесаны өз мойны­ма аламын. Қайтсем де сіз туралы спектакль қоямын», – деп уәде бер­ді. Мұны естіген Шәмші аға­мыз­дың қуанышында шек бол­ма­ды. Өйткені өз өмірі мен шығар­машылығына арналған туындының сахнаға шыққанын көру ол кісі үшін де үлкен арман болса керек. Кейін Жақаң айтқан сөзінде тұрып, пьесаны сахналауға шындап кірісті. Бір күні Алматыдан Ораз­бек Бо­дықовты арнайы шақыртып алды. Екеуі бас қосып, шығарманы қайта жазуға отырды. Жақаң режиссер ретінде сахнаға лайық көріністерді ойластырып, оқиға­ның өрбуіне, ке­йіпкерлердің мі­незін ашуға ерек­ше көңіл бөлді. Ара­сында Шәмші ағамызға хабар­ласып, өміріндегі кейбір оқиға­ларды, деректерді нақ­тылап алып отырды. Естігендерінің бәрін қа­ғазға түсіріп, пьесаның мазмұнын толықтыра түсті. Сөйтіп, небәрі он бес күннің ішінде жаңа сахналық туынды дүниеге келді.

Нұрай Танабаев деген әнші бар. Түр-тұлғасы Шәмші ағамызға қатты ұқсайтын. Өзі ақсары, беті жұқалтаң, тіпті сөйлеу мәнері мен дауыс инто­нациясына дейін келе­тін. Жақаң Шәмшінің бейнесін сах­нада осы әнші сомдаса деген ойға тоқтады. Оразбек арқылы Нұ­райдың суретін Шәмші ағамызға беріп жіберген екен. Суретті көрген композитор: «Әй, мынау менің кө­шірмем ғой!» – деп таңғалыпты. Мұны естігенде бә­ріміз де қуанып қал­дық. Жақаң Шәкеңмен күн са­йын дерлік хабар­ласып, спектакль­дің дайындығы туралы айтып оты­­ратын. Компози­тордың көзі ті­рі­­сінде қойылымды сах­наға шығарып, өзіне көрсетуді қат­ты армандады. Бірақ тағдырдың өз дегені бар екен. Бір күні Оразбек ке­ліп, Шәмші аға­мыздың қатты ауы­рып, ауруханаға түскенін айтты. Бұл хабар бәрімізді алаңдатты. Арада көп уақыт өтпей, композитордың дүние­ден озғаны туралы суық хабар жетті. Жақаң мұны өте ауыр қабылдады. Өйткені Шәкеңе берген уәдесін орын­дап, спектакльді көзі тірісінде көрсеткісі келген еді. Соған үлгере алмағаны­на қатты өкінді. Дегенмен бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға бекінді. «Қа­лайда бұл спек­такльді сахнаға шы­ғаруым керек. Шәмші ағамызға бер­ген уәдемді орындауға тиіс­пін», – деп бар күш-жігерін жұм­сады. Ақыры сол туынды «Айнал­дым, Ақмаң­дайлым» деген атпен сахнаға жол тартты. Бұл Жақаңның Шәмші ағамызға деген құрметінің, өнер ада­мына берген сертке адалды­ғы­ның көрінісі еді. Өкініштісі, ком­позитор өз өміріне арналған қойы­лымды көре алмады.

Театрымызға бес жыл толған жылы Уфа қаласында түркі елдері театрларының фестивалі өтіп, соған шақырту алдық. «Алдаркөсе» спектаклін апардық. Бүкіл ТМД елдерінен келген театр сыншылары қазылық етті. Спектакль үш номи­нацияны жеңіп алды: үздік режис­сер, ең үздік актер аталымы мен «Үміт» сыйлығын иемдендік. Қуа­нышымызда шек жоқ. Бірінші сөз­ді Жақаңа берді. Ол ортаға шы­ғып, сөйлеп тұрған. Бір сәт жүрегін ұстап, сол жағына қарай қисая кет­кені...Бүкіл түркі тілдес театр ұжым­дары отырған. Жедел жәрдем ша­қырдық. Аман алып қала алма­ды. Тура көз алдымда аттанып жүр берді ғой... Сүйегін елге алып келдік...

Жақаң өмірден өткенде артын­да әке мейіріміне әлі де зәру, шиет­тей төрт баласы қалды. Үлкені не­бә­рі 12 жаста, ал кенжесі беске енді толған еді. Тағдырдың жазуымен әке алақанынан ерте айырылған сол балалар бүгінде ержетті, өз ал­дына азамат болды. Ал Жақаңның бар ғұмырын арнап, жүрек жылуы­мен іргесін қалаған театры биыл 35 жылдық мерейлі белесіне көтерілді. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас өнер ордасы азат елдің руханиятымен бірге түлеп, уақытпен бірге есейіп, бүгінде қазақ театр өнерінің іргелі шаңырағына айналды. Жақаңның өзі осы қуанышты күндерді көре алмаса да, оның асыл арманы сахна төрінде өмір сүріп келеді.

Қазір Астанада Жақып Ома­ровтың есімі берілген көше бар. Бір ғажабы, сол көшенің бойында өзі ке­зінде табанынан тозып жүріп аш­қан театрдың ғимараты әлі тұр. Бұл да бір тағдырдың ғажап үйле­сімі се­кілді. Алайда Жақаңның қазақ өне­рі­не сіңірген еңбегі бұдан да биік құр­метке лайық деп ойлай­мын. Кө­ңілімізде көптен бері жүр­ген бір арман бар. Ол – Астанадағы бір театр­ға Жақып Омаровтың есі­мі бе­рілсе деген тілек. Адам өмір­ден өтсе де, артында қалдырған еңбегі ұмы­тылмауға тиіс. Жақаң­ның есімі театр­мен бірге жасаса, бұл бір аза­матқа ғана көрсетілген құрмет емес, тұтас қазақ театр өне­рінің тарихына жасалған тағзым болар еді.

Гүлзина БЕКТАС