Бас қала – Астананың кейбір көшесіне жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылмақ.
Жүктің де жөні бар
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
95
оқылды

Себебі ауыр жүк көліктері көшелердің сапасын бұзып ғана қоймай, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ бұл бастама шаһарда өзекті бола бастаған көлік кептелісі мәселесін де реттеуге тиіс. Сонымен өзгеріс несімен тиімді боларын сараптап көрейік.

Елорданың ең ауыр жүгі

Астана – күн сайын өркен жа­йып, шекарасын кеңейтіп келе жатқан шаһар. Құрылыс қарқы­ны, сауда айналымы, халық саны­ның өсуі елорданың өрісін кең­ей­тіп, экономикалық тұрғыда өр­леткенімен, оның көлік жүйесіне түсетін жүктеме де еселеп ұлғайып келеді. Кейінгі 8 жылда бас қалада жаңа 3 аудан (Байқоңыр, Нұра, Сарайшық) пайда болды. Бір жағынан, оның бәріндегі құрылыс алаңдарына материал, жабдық пен техника жеткізу қажет. Екінші жағынан, аудандардағы сауда орындарының сөресі тауармен толуы керек. Осы тоқтаусыз арт­қан ауыртпалықты қала әзер де­генде еңсеріп тұр.

Әкімдіктің ресми мәліме­тін­ше, Астанадағы көліктің жалпы санындағы жүк машиналарының үлесі 6,8% болғанымен, таңғы, түскі, кешкі қарбалас шақта орта­лық аудандарда көрсеткіш 24%-ға жетеді. Ал жүк тасуға өзге машина түрлері де тартылатынын ескер­генде, әрбір үшінші автомобиль жүк көлігіне айналады екен. Де­мек, қала орталығындағы кепте­лістің үлкен бір бөлігін ауыр тех­ника қалыптастырады. 

2025 жылы елордадағы жүк ағынының жалпы көлемі 67,9 млн тоннаны құрады. Оның 46,9 мил­лионы, яғни 69%-ы қала ішінде тасылған. Автомобиль тасымалы­ның егжей-тегжейіне үңілгенде, қай саланың қала жолдарына көп салмақ түсіретінін байқауға болады: мұнда құрылысқа – 14,5 миллион, халық тұтынатын тауар­ларға – 5,8 миллион, жанармай құю стансаларына – 1,3 миллион тонна тиесілі. 

Елордалық көлік тасымалы компаниясының жеткізу тізбегін басқару жөніндегі менеджері Се­йілбек Қайыржанның түсінді­руінше, қаладағы жүк тасымалы­ның бір қызықты ерекшелігі бар. 

– Астанада құрылыс материал­да­рын өндіретін негізгі кәсіп­орын­­дар, зауыттар негізінен сол­түс­тік­те шоғырланған. Ал негізгі тұ­тыну аумағы оңтүстікте орна­лас­қан. Соның салдарынан ауыр кө­ліктер қала арқылы әрі-бері қа­тынауға мәжбүр. Әсіресе Ш.Айт­матов, Абылайхан, Уәлиханов сияқты көшелер, Тұран, Қош­қар­баев даң­ғылдары, Қорғалжын тасжолы қозғалыстың ең көп шоғырланған бағытына жатады, – деді маман.

Халық тұтынатын тауарлардың логистикасы қаланың барлық аума­ғын қамтиды: өнімдер алды­мен қоймаларға жеткізіледі, кейін супермаркеттерге, базарларға, сау­да орталықтарына таратылады. Қала өскен сайын жүк ағынының да тамыры салалана түсері даусыз.

Астана әкімдігі жағдайды күр­делендірген тағы бір түйткілді ата­ды, бұл – бақылаудың жеткі­лік­сіздігі көрінеді. Қалаға кіре­берісте 12 автоматты өлшеу стан­сасы орнатылған. Бірақ олар елор­даға кіретін жүк көліктерін ғана өлшеп, тексеріп, іріктейді. Ал жүк көлікте­рінің басым бөлігі қаладан сыртқа шықпайды. Бұл ретте қаланың ішкі көшелерінде, жол желісінде салмақ пен га­баритті үздіксіз ба­қы­лайтын жүйе жоқ. 

Астанада бүгінде шамамен 25-30 мың жүк көлігі ресми тіркелген. Бұған күн сайын өзге өңірлерден кіретін немесе транзитпен өтетін 90­ мыңға дейінгі автомобильді қо­сыңыз. Арасында ауыр жүк та­сы­малдаушылар аз емес. Әкімдік сарапшылары шамадан тыс жүк­тел­ген көліктер жол жамылғысын, асфальтты бүлдіріп, апат қаупін арттыратынына назар аудартты. Кептеліс ұлғайып, қалалық ин­фра­құрылымға қысым күшейеді.

Мамандардың айтуынша, экологиялық салдары да алаңда­тарлық. Ауыр машиналар ауаға зиянды заттарды көбірек тарата­ды. Мұндай ұсақ бөлшектер адам­ның өкпесіне терең еніп, қан айналымы жүйесіне дейін жетуі мүмкін. Даладағы қозғалыстан айыр­машылығы, қалада көп тон­налық көліктер әрбір дерлік бағ­даршамның алдында жиі-жиі тежелуге мәжбүр. Соның кесірі­нен шиналардан және асфальттан күйе, кадмий, мыс, қорғасын, өзге ауыр металдардан түзілетін микробөлшектер де қоршаған ортаға жайылады. 

Ауыр техника 80-85 децибел­ден асатын шу туғызады. Дөңгелек дірілі топырақты тығыздап, ғи­марат іргетастарына, әсіресе ескі құрылыстарға, заңғар нысандарға салмақ түсіреді.

Жүк ағыны жаңа арнада

Проблеманы шешу мақсатын­да Астана көшелерінің жүктемесін төмендетуге бағытталған реформа қолға алынды. Астана қаласының әкімдігі жол қозғалысын басқару­дың автоматтандырылған жүйеле­рін енгізу мен пайдалану тәртібін бекітті. Құжатқа сәйкес, жол қоз­ғалысын басқарудың автоматтан­дырылған жүйелеріне көлік жүйе­сінің жұмыс тиімділігін арттыру, көлік ағынының өткізу қабілетін ұлғайту, жол үстіндегі кідірістерді қысқарту, сапарлардың қолайлы­лығы мен жайлылығын арттыру, қоғамдық көліктің қолжетімділігін жақсарту, жол-көлік оқиғалары­ның санын азайту сияқты міндет­тер жүктеледі. 

Жүйені енгізу мен оның жұ­мысын қамтамасыз етуді әкімдік белгілейтін басқарушы компания жүзеге асырмақ. Компания қол­даныстағы жол жағдайына талдау жасайды. Бұл ретте жаңа тұрғын үй кешендерінің, коммерциялық және өндірістік нысандардың құрылысы да ескеріледі.

Автоматтандырылған жүйе құ­рылғанға дейін мамандар ин­тел­лектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған аумақтың көше-жол желісі паспортын және топо­логиялық картасын зерттейді. Жүйе іске қосылғаннан кейін басқарушы компания оның ор­­талық және шеткі жабдықтарына ағымдағы қызмет көрсетуге, жос­парлы жөндеу жүргізуге жауапты болады.

Жұмыс мұнымен бітпейді. Ха­лықаралық тәжірибе негізінде «қа­ланың жүк каркасы» дегенді енгізу жоспарланған. Жобаның түпкі мақсаты кеңірек: жүк көлік­тері қозғалысын реттеу, тұрғындар денсаулығын қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту. Жаңа тәртіп құрылыс материалдарын өнді­рушілерге, тасымалдаушыларға, халық тұтынатын тауарларды жеткізушілерге, құрылыс сала­сын­дағы субъектілерге тегіс қа­тысты болмақ. 

Осы мақсатта жоспар бойын­ша келесі жылы қаланың жүк қаң­қасын қалыптастыру көздел­ген. Яғни елорданы бірнеше сек­торға бөліп, «жүк көліктерінің жү­руіне рұқсат берілетін бағыт­тар» мен «шектеу қойылатын ау­мақтарды» айқындау ұсынылған. Кейбір көшеге жүк машинала­ры­ның кіруіне тыйым салатын бел­гілер орнатылады. Мұндай учас­келерден тек тиісті рұқсаты бар көліктер ғана өте алады. Рұқсатта көрсетілген бағыт, қозғалыс уақы­ты, өзге де талаптар міндетті түрде сақталуға тиіс. Сөйтіп, жүк тасы­малын бейберекет қозғалыстан жоспарлы жүйеге көшіру мақсат етіледі.

Рұқсатты жергілікті атқарушы орган электронды ақпараттық жүйе арқылы береді. Өтініш иесі құжаттарын сол жүйеге жолдайды. Рұқсат өтініш түскеннен бастап 5 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Рұқсаттың болуы тыйым салатын жол белгісі орнатылған учаскеге кіруге заңды негіз болады. Алайда бұл барлық уақытта, кез келген бағытта емін-еркін жүруге мүм­кіндік бермейді. Көлік жүргізушісі құжатта белгіленген талаптарды, соның ішінде уақыт шектеуін то­лық орындауға міндетті.

Аталған тетік «Жол жүрісі ту­ра­лы» заңға енгізілетін түзету – жаңа 31-1-бап арқылы бекітілмек. Онда Астана мен Алматы қалала­рындағы жүк көліктері қозғалы­сын реттеудің ерекшеліктері қа­растырылады. Жүк қаңқасы кө­ше-жол желісінің жекелеген учас­кесінде рұқсат беру тәртібін енгізуді қамтиды. Бұл – жүк та­сымалының бағытын, уақытын, қозғалыс тәртібін бір жүйеге келтіруге бағытталған құқықтық негіз болуға тиіс.

«Жүк каркасы жүк көлік құ­рал­дарының жүріп-тұруын ұйым­дас­тыру жүйесін білдіреді, ол мы­наларды көздейді: көлік жол­дары желісінің жекелеген учас­келерінде жүк автомобильдерінің қозғалысына рұқсат беру тәртібін белгілеу. Рұқсат беру тәртібі бел­гіленген көше-жол желісі учас­келері бойынша жүк көлік құра­лының қозғалысына жарамды рұқсат болған және оның шарт­тары сақталған кезде жол бері­леді», – делінген заң жобасында. 

Сонымен бірге төтенше жағ­дай­ларға арналған маңызды же­ңілдік бар. Жедел жәрдем, өрт сөн­діру, авариялық-құтқару, ком­муналдық қызметтердің көліктері шұғыл міндеттерді орындау ке­зінде бұл шектеулерге бағынбай­ды. Алайда мұндай жеңілдік жос­парлы құрылысқа, жөндеу жұ­­мыс­тарына, жол салуға немесе өзге шаруашылық қызметтеріне қатысты тасымалдарға жүрмейді. Яғни шұғыл қажеттілік пен күн­делікті коммерциялық тасымал­дың арасы нақты ажыратылмақ.

Шектеу ме, мүмкіндік пе?

Реттеудің нәтижесінде мем­лекет бас қала орталығындағы жүк көліктерінің қатынасын 50%-ға қысқартуды көздеп отыр. Бұған қоса, Үкімет елорданың оңтүстік ауданындарда қоймалар салуды ынталандыруға, солтүстік-шығыс бөліктегі айналма жолдың өткізу қабілетін арттыруға, балама жүк бағыттарын қалыптастыруға тиіс. Арнайы тиеу-түсіру орындарын ашу, бірлескен жүк жеткізу жү­йесін мемлекеттік субсидия арқы­лы қолдау да ұсынылды.

Жаңа тәртіптің бизнеске сал­мақ түсіретінін де ескерген жөн. Бұрын көлікті шамадан тыс тиеу арқылы шығынды азайтқан кә­сіпорындарға енді жүк партия­ларын бөлшектеуге, қосымша рейс жасауға тура келеді. Күндіз үлгермей, түнгі жеткізілімге көш­кен жағдайда қойма қызметкер­леріне, жүргізушілерге, жүкшілер мен экспедиторларға Еңбек ко­дексі талабына сәйкес қосымша ақы төлеу қажет болады. Бұл опе­рациялық шығындарды өсіреді. 

Екінші жағынан, әкімдіктің тұжырымдауынша, автоматты өлшеу стансалары адал бәсеке­лес­тікті қорғайды: артық жүк тиеп, бағаны жасанды төмендете­тін­дерге тосқауыл қойылады. Сапалы жолдар көлік жөндеу шығынын азайтып, логистикалық компа­ния­ларға жеткізу уақытын жос­парлауға жағдай жасайды. Жүк қозғалысын бақылау жанар­май­дың мақсатсыз жұмсалуын, рұқ­сатсыз рейстерді де шектеуге мүм­кіндік береді. 

Жүк көліктерін қала аумағына кіргізуді реттеу – әлемдік тәжі­рибеде қалыптасқан тәсіл. Еуро­пада экологиялық талаптар ба­сым: Лондонда төмен шыға­рынды­лар аймағы қолданылады, 12 тоннадан ауыр көліктер қауіпсіз­дік рұқсатын алуы керек. Фран­цияның Париж, Лион, Марсель қалаларында жет­кізуді цифрлық рұқсат арқылы рет­теу тәжірибесі енгізілген. Ита­лиядағы Милан мен Римнің орта­лы­ғындағы ком­мерциялық тасы­мал арнайы тір­кеу тәртібіне ба­ғынады. Олай бол­с­а, Астанаға ұсынылған жаңа тәртіп тосын емес. Ең маңыздысы – шектеудің әділ, жемқорлықтан ада болуы, талаптың тиімді орындалуы. 

Қалаға бүгін керегі – қолда бар жолды тиімді пайдалану. Жүк каркасы осы міндетті лайықты атқарып, елорданы көлік кептелісі мен экологиялық қысымнан арылтуға тиіс.

Айхан ШӘРІП