Аралас жекпе-жек шебері, PFL чемпионы Усман Нурмагомедов Біріккен Араб Әмірліктерінде алты айға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оған Абу-Дабиде болған жаппай төбелеске қатысқаны үшін үкім шығарылды.
TalkSPORT басылымының хабарлауынша, 13 қарашада Абу-Даби соты Усман Нурмагомедов пен оның командасындағы тағы бес адамды алты айға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ олардың әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салынып, жазасын өтегеннен кейін Біріккен Араб Әмірліктерінен депортациялау туралы үкім шығарылды.
Оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі Яс аралында орналасқан қонақүйлердің бірінде болған. Усман Нурмагомедов пен UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили арасында жанжал туындап, соңы жаппай төбелеске ұласқан.
Полиция оқиғаға байланысты он адамды ұстаған. Олардың арасында төбелесті видеоға түсіріп, интернетке жариялаған екі адам да бар. Сот оларды жеке өмірге қол сұққаны үшін алты айға бас бостандығынан айырып, әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салды.
Ал Мераб Двалишвили мен оның жанындағы Саба Лазишвили қамаудан босатылды. Алайда екеуіне де 50 мың дирхам көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, Усман Нурмагомедов – UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің немере інісі. Ол кәсіби мансабында 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
