Қазақстанда су есептегіштерін орнату және пайдалану ережесі өзгерді. Жаңа талаптар 9 қарашадан бастап күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер 2026 жылғы 23 қазандағы №538 бұйрықпен бекітілген. Құжат су есептегіштерін таңдау, орнату және пайдалану тәртібін реттейді.
Жаңа ережеге сәйкес, тұрғындар бұрын орнатылған, жарамды су есептегіштерін міндетті түрде ауыстыруға тиіс емес. Мұндай құрылғылар мерзімді тексеруден уақытында өтіп тұрса, толық тозғанға немесе істен шыққанға дейін пайдаланыла береді.
Ал есептегіш алғаш рет орнатылғанда немесе бұрынғы құрылғы істен шығып, жарамсыз деп танылғанда, көрсеткіштерді қашықтан жіберетін жаңа үлгідегі құрал орнату қажет. Бұл талап Су кодексінде көзделген өзге жағдайларға да қатысты.
Министрлік жаңа ережеде мәліметтерді қашықтан жіберудің нақты бір технологиясын қолдану міндеттелмегенін түсіндірді. Сондай-ақ су есептегіштерін міндетті түрде бекіткіш клапанмен жабдықтау талабы алынып тасталды.
Өзгерістер су есептегіштерін таңдауға мүмкіндік беріп, отандық өндірушілердің өнімдерін пайдалануға да жағдай жасайды. Бұдан бөлек, есептегіштерді күтіп ұстау, жөндеу және тексеруден өткізуге кім жауапты екені нақтыланды.
Егер құрылғы су жеткізуші мекеменің балансында болса, оның жұмысына сол мекеме жауап береді. Ал есептегіш тұрғынның меншігінде болса, оны күтіп ұстау мен тексеруден өткізу міндеті меншік иесіне жүктеледі. Құрылысы аяқталмаған нысандарда бұл жауапкершілік тапсырыс берушіге немесе құрылыс салушыға тиесілі. Ал су жеткізушінің балансында жоқ ортақ үй есептегіштеріне тұрғын үйді басқарушы ұйым жауап береді.
Сонымен қатар тұрғындар мен басқарушы ұйымдар есептегіштердің пломбаларын сақтап, мамандардың көрсеткіштерді тексеруіне және қажетті техникалық жұмыстарды жүргізуіне мүмкіндік беруге тиіс. Министрлік жаңа талаптар қолданыстағы жарамды есептегіштерді жаппай ауыстыруды көздемейтінін атап өтті.
