ІІМ мәліметінше, жедел уәкілдер күдіктінің әрекетін, оның ішінде интернеттегі белсенділігін ұзақ уақыт бақылап, заңға қайшы әрекеттеріне қатысты деректер жинаған.
Діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды
119
оқылды

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері діни экстремизмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

ІІМ мәліметінше, жедел уәкілдер күдіктінің әрекетін, оның ішінде интернеттегі белсенділігін ұзақ уақыт бақылап, заңға қайшы әрекеттеріне қатысты деректер жинаған.

Тергеу барысында ер адамның 2024 жылдан бері шетелде жүріп, радикалды идеяларды таратқаны анықталған. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарының діни көзқарасына ықпал еткен.

Бұған дейін күдіктінің бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп танылған.

Тергеу дерегінше, ер адам шетелдегі теологиялық оқу орындарында діни білім алған. Сондай-ақ 2024–2025 жылдары жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, олардан 60 миллион теңгеден астам ақша алған.

11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті Алматыда ұсталды. Сол күні Алматы және Жамбыл облыстарында да тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту кезінде экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазбалар тәркіленген.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің ықтимал сыбайластары мен қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды іздестіріп жатыр.