Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде 200-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдап, Ұлттық ұлан қатарына қосылды.
Биылғы күзгі шақырылым бойынша жас толым Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарынан келген. Бір ай бойы алғашқы әскери даярлықтан өткен сарбаздар саптық дайындықты меңгеріп, әскери жарғылармен танысты.
Салтанатты рәсімге еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық ата-ана мен жақын туыстары қатысып, перзенттерінің маңызды сәтіне куә болды.

Әскери ант – Отанға адал қызмет етуге, халық пен ел қауіпсіздігін қорғауға берілген қасиетті серт.
Қатардағы жауынгер Амир Хасан бұл күннің өзі үшін ерекше екенін атап өтті.
– Бүгін мен үшін ұмытылмас күн. Әскери ант қабылдау – үлкен жауапкершілік. Ата-анамыздың үмітін ақтап, Отан алдындағы борышымызды адал атқаруға дайынбыз, – деді ол.
Енді жас сарбаздар жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңіне кірісіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және маңызды мемлекеттік нысандарды күзету міндеттерін орындауға дайындалатын болады.
