Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру дерегі анықталды. Құқыққа қайшы әрекеттің салдарынан домофон жүйесі мен бейнебақылау камералары істен шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол 46 жастағы Ерлан Байжарасов болып шықты. Ер адам МИК кеңсесінің кіреберісіне қарама-қарсы орналасқан бейнебақылау камерасын қасақана істен шығарып, мүлікке залал келтірген.
Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, жыл басынан бері бөтеннің мүлкін бүлдіру және өзге де бұзақылық әрекеттері үшін 225 құқық бұзушы жауапқа тартылған.
«Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай әрекеттер материалдық шығын келтіріп қана қоймай, өзге азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне де нұқсан келтіреді», - делінген ІІМ хабарламасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
