Астанада жыл сайын шамамен 270 мың адам әлеуметтік қолдаумен қамтылады.
Жәрдемақы, емделу және жұмысқа орналасу: Астанада тұрғындарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Фото: iStock
121
оқылды

Елордада әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға көмек көрсету – қала дамуының басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Астанада жыл сайын шамамен 270 мың адам әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Атап айтқанда, зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін қызметтер көрсетіліп, ақшалай төлемдер беріледі.

Қазіргі таңда елордада 39 мыңнан астам көпбалалы отбасы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған 8 мыңнан астам ана, 41 мыңнан астам мүгедектігі бар адам және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 10 мың отбасы тұрады.

Елордада жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтарға жеңілдікпен санаторий-курорттық емделу қызметі ұсынылады. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 4 883 адам пайдаланған. Ал 2025 жылы барлығы 6 527 жолдама берілген. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, сондай-ақ соғыс қимылдарының ардагерлеріне санаторий қызметі тегін көрсетіледі.

Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша тоқсан сайын және ай сайын ақшалай көмек беріледі.

Әлеуметтік маңызы бар аурулары бар балаларға ай сайын 25 АЕК мөлшерінде көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері бұл қолдаумен 602 бала қамтылған. Ал туберкулезбен ауыратын 506 адамға ай сайын 10 АЕК көлемінде төлем жасалады.

Бұдан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға 15 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Биыл мұндай төлемді 342 адам алған.

Табиғи апаттан немесе өрттен зардап шеккен азаматтарға жалғыз тұрғын үйі жоғалған, бүлінген немесе елеулі шығынға ұшыраған жағдайда бір отбасына 400 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2026 жылы бұл көмекті 27 адам алған.

Басқарма жұмысының тағы бір маңызды бағыты – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және оңалту. Қазіргі уақытта елордада осындай 41 мыңға жуық адам тұрады. Қараша айының басындағы мәлімет бойынша, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оларға 41 355 техникалық оңалту құралы мен қызмет ұсынылған. Оның ішінде:

– 29 005 адам қозғалыс, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және протездік-ортопедиялық көмекпен қамтылған;
– 12 350 адам оңалту қызметтерін алған.

Ведомство жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.

Жыл басынан бері 10 айда жұмыс іздеп басқармаға 73 мыңнан астам адам жүгінген. Оның ішінде 19 080 адам жұмыспен қамту шараларына қатыстырылды. Ал 8 965 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің тиімді тетіктерінің бірі – бос жұмыс орындары базасын тұрақты жаңартып отыру. Қазіргі уақытта «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz) порталында 3 112 жұмыс берушіден 9 741 бос жұмыс орны жарияланған.

Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы аясында биыл 33 682 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 28 744-і тұрақты, 4 938-і уақытша жұмыс орны болмақ.

2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, елордада 63 657 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде:
– жобалар аясында – 6 152;
– жеке бастамалар есебінен – 48 540;
– бос жұмыс орындарына орналасу арқылы – 8 965.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.