Көкжиекке дейін көсілген мәңгі жасыл өлкені тарам-тарам өзендер айғыздаған. Қопалы, қорысты көлдердің бетінен бу бұрқырап, төңірегін ну тоғай көмкерген. Бұтақтары айқасып, көкке бой созған қалың ағаш арасынан күн сәулесі әрең сығалайды. Сол жыныс орманда піл тектес жануарлар маң-маң басып, жан-жағын аяусыз жапырады. Көк майсалы кең жазықта үш тұяқты жылқылар үйірімен жортады. Отқа тойынған алып мүйізтұмсықтар суатқа беттеп барады. Аспанда қанатты кесірткелер қалықтайды. Нар қамысқа жасырынған қылыш тісті жыртқыш көзі жылтырап, олжасын аңдиды. Теңіз жағасында таудай тасбақа маужырап, сом денелі динозавр жайбарақат жайылып жүр...
Құрметті оқырман, бұл қиялдан туған көрініс емес. Ежелгі тіршілік иелерінің қазба қалдықтары қазақ даласынан көптеп табылған.
Кешегі Қашаған жырау әлемнің әзелгі болмысын:
«Дүниенің басы әуелде
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт еріп, су болған,
Судан түтін, бу болған,
Аспан, жер содан жаралған.
Он сегіз мың бұл ғалам
Үш бөлім болып таралған:
Алтауы болар жәмәдәт,
Алтауы болар нәбәдәт,
Алтауы болар айуанат.
Үш алтыны қоса ғой –
Он сегіз мың жан болар,
Білмеген адам таң қалар», – деп толғаған екен.
Өз кезегінде ғалымдар табиғи эволюция барысында Жер шарында 770 миллиондай биологиялық түр өрбіген дейді. Бірақ бәрі бірдей бүгінге жеткен жоқ. Біреуі жойылды, екіншісі өзгерді, енді бірі жаңа ортаға бейімделіп, ғұмырын жалғастырды. Осынау жұмбақ тарихтың тасқа қатталған таңбасы Қазақстанның жер қойнауында молынан сақталыпты.
Мәселен, Павлодар маңындағы «Қазқонақ» қорымы неоген кезеңінің ең ірі ескерткіші деп есептеледі. 1928 жылы ашылған палеонтологиялық қазына әлі де ғылымның қажетіне жарап келеді. Алайда тарихи мұраның тағдыры алашты алаңдатып қойды. Өйткені Ертіс суы өзен ернеуін шайып, қазба қалдықтары сақталған қабаттарды опырып әкетіп жатыр. «Астана» телеарнасы әзірлеген бейнесюжетте кей тұста жағалау сызығының 6-17 метрге дейін шегінгені айтылады. Әсіресе көктемгі тасқында ахуал асқынады. Аталмыш мәселеге мемлекеттік органдар назар аударып, өзен жиегін нығайтуға арналған жол картасын жасай бастады. Әйтпесе, сүйектер су астында шіріп немесе күн мен желдің әсерінен мүжіліп кетуі мүмкін.
Жалпы, палеонтологиялық деректерге сенсек, бұдан 7-10 миллион жыл бұрын Кереку өңірінің табиғаты африкалық саваннаға ұқсайтын. Қазіргі қуаң даланың орнында тропиктік ормандар болған. Су сіңген алқаптарда пальма, лавр, магнолия сияқты ағаштар өскен. Мұны палеоботаникалық зерттеулер сөзсіз растайды. Ондай жанға жайлы орта сан алуан жануарды бауырына басқан. Гиппарион, мастодонт, керік, мүйізтұмсық, динотерий, түйеқұс, махайрод, гиена т.б. экзотикалық мақұлықтар осы өлкеде жыртылып айырылатын.
Дәуірлер алмасқан дала
Дегенмен ежелгі Қазақстан табиғаты «Қазқонақпен» ғана шектелмейді. Әр аймақтан табылған қазба қалдықтары климаттың миллиондаған жыл бойы құбылып отырғанын көрсетеді. Бір дәуірде ит тұмсығы батпайтын джунглилер жайқалса, енді бірде тоғайлар сиреп, жазық далалар кеңейген. Теңіздер біресе құрлыққа сұғына жайылса, біресе кері шегінген. Табиғи өзгерістермен қатар хайуанат әлемі де алмаса берген. Бір заманда парацератерий мен мастодонт жайлаған жерді өзге бір кезеңдерде динозавр мен птерозавр билеп-төстеген. Одан кейінгі мұз дәуірінде мамонттың маңызы артты.
Осылардың ішіндегі ең зоры – парацератерий. Шамамен 34-23 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануардың қаңқасы 1912 жылы Торғай ойпатынан аршып алынған. Парацератерийді көзге елестету үшін кәдімгі пілді төрт есе үлкейтіп көріңіз. Алып сүтқоректінің биіктігі де, тұрқы да 8 метрге жеткен. Салмағы 15-20 тонна тартқан. Әрине, мұндай әйдік денені асырау оңай емес. Сондықтан парацератерий ұдайы тамақ іздеп, жүздеген келі азық тұтынған. Ұзын мойнының арқасында ағаштың ұшар басындағы жапырақтарды жұлып жеген. Сол замандағы ылғалды ормандар оған көл-көсір қорек ұсынған.

Ал Қызылорда облысында 85-83 миллион жыл бұрын, соңғы бор кезеңінде аралозавр мекендеген. Ғылымда Aralosaurus tuberiferus деген атпен белгілі динозаврды «Арал кесірткесі» деп те атайды. Шах-Шах шатқалынан сүйегі табылған Аралозавр тек Қазақстанға тән эндемик түр ретінде ерекше бағаланады. Оның тұрқы – 6,5-8 метр, бойы – 2,5-3 метр, салмағы 2–3 тонна болған. Үйректікіне ұқсайтын тұмсығының үсті дөңестеніп біткен. Ғалымдардың пікірінше, бұл дөңес дыбыс шығарып, басқа туыстарымен байланыс орнататын табиғи резонатор қызметін атқарған. Жақ сүйегіндегі мыңға жуық тісі қатты өсімдіктерді ұнтақтап шайнауға көмектескен. Ол дәуірде Арал өңірі ежелгі Тетис мұхитының жағалауына жақын, өзен-көлге бай батпақты жер еді.
Байырғы аспан әлемі де сенсацияға толы. Соның бір дәлелі – Түркістан облысындағы Қаратау жотасынан табылған птерозавр қалдықтары. 160 миллион жыл бұрын, соңғы юра кезеңінде тіршілік еткен рептилия ғылыми айналымға Sordes pilosus немесе «Түкті шайтан» деген атпен қосылған. Себебі Қаратау птерозаврының денесін жүн тәрізді талшықтар жауып тұрғаны анықталған. Бұл ақпарат ұшқыш кесірткенің біз ойлағандай суыққанды емес, жылықанды болғанын айғақтайды. «Түкті шайтан» қос қанатын жайғанда 5-7 метрге дейін құлаш ұрған. Сол замандағы Қаратау маңы тропиктік аралдар мен тұщы көлдер жүйесін құраған. Птерозавр осы көлдерден ірілі-ұсақты жәндіктерді аулаған.
Неоген дәуірінің супержыртқышы делінетін махайрод соңғы миоцен – плиоцен кезеңінде, 9-5 миллион жыл бұрын үстемдік құрыпты. Көзі қарақты көпшілік оны қылыш тісті жолбарыс деп те таниды. Оның тістері мен жақ сүйектері Павлодардағы «Қазқонақ» ескерткішінен және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен табылды. Денесінің ұзындығы – құйрығын қоспағанда 2,5 метр, шоқтығының биіктігі – 1,2 метр, салмағы 200-300 келі болған жыртқыштың алдыңғы аяқтары мен мойын бұлшықеттері мықты дамыған. Жоғарғы жақ сүйегіндегі төмен қарай иіліп өскен азу тістерінің ұзындығы 15-20 сантиметрге жеткен. Жемтігіне тұтқиылдан шауып, пышақтың жүзіндей осы қауіпті қаруымен мастодонт, мүйізтұмсық секілді шөпқоректілердің күретамырын қиып жіберген.
Бертіндегі плейстоцен кезеңінде, мөлшері 2,5 миллион жыл бұрын Еуразия даласының табиғаты тағы бір өзгерді. Мұз дәуіріндегі ашық тундра кеңістігін ерсілі-қарсылы эласмотерий кезіп жүрді. «Сібірлік сыңармүйіз» атанған алыптың дене тұрқы – 4,5-5 метр, бойы – 2-2,5 метр, салмағы 4-5 тоннадай еді. Былайша айтқанда, жүк тиеген ГАЗель көлігімен шамалас. Эласмотерийдің қақ маңдайына өскен күмбез пішінді сүйекке ұзындығы 1,5 метрлік кератинді жуан мүйіз бекіген. Ең қызығы, зерттеушілер сыңармүйіз туралы аңыздардың түп-төркінінде осы жануарды көрген ежелгі адамдардың естелігі жатыр деп топшылайды. Неге десек, эласмотерийдің ақырғы жұрнақтары небәрі 39 мың жыл бұрын ғана құрып таусылған.
Мұз дәуірінің енді бір ерекше өкілі – алып мүйізді бұғы немесе мегалоцерос. Ол шамамен 400 мың жылдан 7,7 мың жыл бұрынғы аралықта плейстоцен дәуірінде өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола һәм Павлодар облыстарындағы өзен аңғарларынан оның бассүйектері мен мүйіз сынықтары көп табылған. Мегалоцеростың биіктігі – 2-2,1 метр, салмағы 600-700 килограмм болған. Басындағы екі мүйізінің арақашықтығы 3,5-4 метр еді. Бұл кәдімгі жеңіл автокөліктің ұзындығымен бірдей. Қарағайдай мүйізімен қалың орманға сыймағандықтан, мегалоцерос негізінен жазық алқаптарда жайылған. Әсіресе Солтүстік, Орталық Қазақстанның мұз дәуіріндегі мамонт даласы қолайына жаққан.
Алыптардың ақыры
Бірақ бұл жануарлардың ешқайсысы өз ортасынан тыс өмір сүре алмайтын. Біріне қалың орман қажет болса, екіншісі ашық алаңқайларға бейімделді. Бірі батпақты өзен аңғарында жайылса, енді бірі көкте самғады. Табиғат түрленген сайын олардың кейбір артықшылығы, керісінше, кемшілікке айналатын. Яғни Қазақстандағы ежелгі фаунаның жоғалуы – бір күндік оқиға емес, 25 миллион жылға созылған күрделі әрі ұзақ үдеріс. Әр жануар өз заманындағы климаттық құбылыстарға, қорек қорының азаюына, тіршілік ортасының тарылуына қарай әртүрлі уақытта жойылған.
Мысалы, парацератерийдің тағдырына мұз дәуірінің еш қатысы жоқ. Ол кезде мұз басу әлі басталмаған-тын. Оның құруына олигоценнің соңында күшейген құрғақшылық кесірін тигізді. 23 миллион жыл бұрын Үндістан түбегінде Гималай тауларының көтеріліп, Орталық Азияға келетін мұхит ылғалын бөгеп тастады. Сөйтіп, Торғай мен Арал өңірінің табиғаты адам танымастай өзгерді. Субтропиктік ормандар сиреп, ну тоғайдың орнын шөптесін алқаптар басты. Ағаш басындағы жапырақтарды жеуге машықтанған парацератерий еңкейіп жерде жайылуға жарамай қалды. Күніне 500-600 келі азық тауып, тамақ асырауы ауырлады. Қорек тапшылығы популяцияның кемуіне әкелді. Оның орнына жаңа ортаға жақсы икемделген ұсақ жануарлар пайда болды.
Біраз уақыт өткен соң Павлодардағы «Қазқонақ» фаунасының негізін құраған гиппариондар мен мастодонттардың да дәурені озды. Өйткені 5-3 миллион жыл бұрын климат салқындап, өсімдіктер құрамы өзгерді. Баяғы жұмсақ жапырақты бұталар кремнийі мол қатты шөптермен алмасты. Үш тұяқты жылқылардың тіс эмалі мұндай шөпті ұзақ шайнауға шыдамай, тез мүжілді. Нәтижесінде, гиппарионды бүгінгі бір тұяқты жылқылар біртіндеп экожүйеден ығыстырды.
Шөпқоректілердің өзгеруі оларды жейтін жыртқыштарға да әсер етті. Бұл табиғаттағы бір буынның жойылуы келесі буынның жойылуына ұласатын экологиялық «домино әсері» еді. Баяу қозғалатын, бірақ еті мол мастодонттарды аулауға дағдыланған махайродтар жазықта желдей жүйткитін бөкендер мен жылқыларды қуып жетуде қиындыққа ұшырады. Сондай-ақ қорек тапшылығынан қатты сүйектерді кеміруге мәжбүр болып, азу тістері жиі сынатын. Жаралы жыртқыштың аң аулау мүмкіндігі де төмендейтіні анық. Осылайша, табиғи ортаның жаңа талаптары біртұтас қорек тізбегін күйретіп салды.
Эласмотерийдің тағдыры көп жыл бойы басқаша түсіндіріліп келді. Бұрын ғалымдар оны шамамен 200 мың жыл бұрын жойылған деп есептеген. Алайда 2018 жылы Павлодар облысы мен Батыс Сібірден табылған бас сүйектерге жүргізілген радиокөміртекті және ДНҚ талдаулары бұл алыптың 39 мың жыл бұрын өмір сүргенін көрсетті. Демек, ол алғашқы саналы адамдармен бір кезеңде тіршілік еткен.
Оның жойылуына «стенофагия» деп аталатын фактор себеп болған. Эласмотерий негізінен қатты дала шөптерінің тамырлары мен түйнектерін пайдаланған. Плейстоценнің соңында жер қыртысы қатып, өсімдіктер құрамы өзгергенде әдепкі азығын табу оған да қиындай түсті. Өзге өсімдік түрлеріне оңай ауыса алмағандықтан, сібірлік сыңармүйіздер күрт азайып, бірте-бірте тарих қойнауына сіңіп жоғалды.
Алып мүйізді бұғының тағдыры, керісінше, мұз дәуірінің аяқталуына байланысты. Шамамен 10-7,7 мың жыл бұрын климат жылына бастағанда Солтүстік Қазақстан мен Орал өңіріндегі ашық тундраның орнына қарағайлы және қайыңды ормандар таралды. Оған дейін ұланғайыр жазықта еркін жүрген мегалоцерос үшін қалың орман қолайсыз ортаға айналды. Алып мүйіздері ағаштардың арасымен қозғалуына кедергі келтірді.
Мұнымен мәселе біткен жоқ. Көктем сайын мүйізін өсіру үшін оның ағзасына көп мөлшерде кальций мен фосфор қажет болатын. Жаңа өсімдіктер бұл минералдарды жеткілікті мөлшерде бере алмады. Табиғи мекенінің тарылуы жануардың тіршілік ету мүмкіндігін тіптен әлсіретті.

Бұл кезеңдегі адам факторының да ықпалын терістей алмаймыз. Мәселен, Қазақстанның солтүстігі мен шығысындағы палеолиттік тұрақтардан мамонттар мен ірі тұяқтылардың сүйектері, сол сүйектерден жасалған еңбек құралдары табылған. Демек, ежелгі адамдар ірі жануарларды жаппай аулаған.
Ежелгі фаунаның жойылуына қатысты басқа да болжамдар бар. Солардың бірі – ежелгі адамдармен бірге тараған инфекциялық аурулар. Екінші гипотеза бойынша 12 900 жыл бұрын Жерге құлаған комета сынықтары климаттың тепе-теңдігін бұзыпты-мыс. Әйтсе де, Қазақстан аумағында бұл жорамалдарды толық растайтын нақты геологиялық дәлелдер жеткіліксіз.
Сүйектегі сыр, тастағы тарих
Қош, бүгінде сол жануарлардың өмірін көз алдымызға қалай елестете аламыз? Тірі қалпында оларды ешқайсымыз көрмегенбіз. Фотосуреті де, бейнежазбасы да жоқ. Бірақ қазіргі палеонтология бір ғана сүйек сынығынан бүтін бір тіршілік әлемін қалпына келтіруге септеседі. Бұл сала қазір геология мен биологияның шеңберінен шығып, ядролық физика, органикалық химия, биомеханика және компьютерлік модельдеу жетістіктерін бір мезетте пайдаланатын ғылымға айналған.
Мәселен, ғалымның қолына ежелгі жануардың бір ғана тісі түсті делік. Сол тістен оның немен қоректенгенін анықтауға болады. Электрондық микроскоп арқылы тіс эмаліндегі ұсақ сызаттар мен ойықтар зерттеледі. Егер бетінде ұзын, бір бағытта созылған сызаттар көп болса, жануар кремнийге бай дала шөптерін шайнаған болуы мүмкін. Ұсақ шұңқырлар мен ойықтардың көптігі ағаш бұтақтарын, жаңғақтарды немесе жемістерді пайдаланғанын аңғартады. Бір қарағанда, елеусіз көрінетін осы белгілер жануардың күнделікті ас мәзірі жайында мағлұмат береді.
Ғалымдар сүйектің өзін де сөйлетеді. Оның өте жұқа кесіндісіне микроскоппен үңілгенде жылдық өсу сақиналарына ұқсас қабаттар көрінеді. Бұл – сүйек гистологиясы деп аталатын зерттеу тәсілі. Ғалымдар сол қабаттарға қарап, жануардың шамамен қанша жыл ғұмыр кешкенін, қай жаста жыныстық тұрғыда жетілгенін, өсуі қандай қарқынмен өскенін түсінеді. Кейбір нышандар сол жылдардағы климаттың қолайлы немесе қолайсыз болғанын да байқатады. Сүйек бетіндегі бұдырлар мен бұлшықет бекіген ойықтар жануардың дене құрылысын қайта құруға жәрдемдеседі. Салыстырмалы анатомия арқылы ғалымдар бұлшық еттердің көлемі мен күшін есептеп шығарады.
Хайуанның қандай ортада жүргенін химиялық іздерден білуге болады. Тұрақты изотоптарды талдау барысында тіс эмалі, сүйектегі көміртек, оттегі т.б. элементтердің арақатынасы зерттеледі. Жануар жеген химиялық элементтер оның ағзасында сақталады. Тіс эмаліндегі көміртек изотоптары оның не орманды алқапта, не ашық саваннада жайылғанын ұқтырады. Оттегі изотоптары сол кезеңдегі ауа температурасын нақтылауға көмектеседі.
Мысалы, Қазақстанның оңтүстігі мен орталығынан табылған ежелгі сүтқоректілердің тісіне жүргізілген изотоптық зерттеулер миоцен дәуірінде бұл өңірлердегі маусымдық температура жұмсақ әрі ылғалды болғанын дәйектеді. Стронций изотоптары жануарлардың қайда көшіп-қонғанын бағдарлауға жол ашады.
Қазба қалдықтарының нақты қай кезеңге жататынын білу де маңызды. Ол үшін радиометриялық мерзімдеу, палеомагниттік әдіс һәм биостратиграфия қолданылады. Радиометриялық тәсіл тау жыныстарындағы радиоактивті элементтердің ыдырау жылдамдығына сүйеніп, олардың жасын есептейді. Палеомагниттік зерттеу Жердің магнит өрісі геологиялық дәуірлерде бірнеше рет өзгергенін ескереді. Ал биостратиграфия белгілі бір дәуірде өмір сүрген жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтарын салыстырып, шөгінді қабаттардың жасын ажыратады. Осы тәсілдер бірге қолданылғанда бір сүйектің ғана емес, тұтас геологиялық қабаттың тарихын тануға болады.
Бұрын сүйектің ішкі құрылысын көру үшін оны арамен кесуге тура келетін. Қазір компьютерлік томография мен рентгендік микротомография мұндай қажеттілікті азайтты. Ғалымдар құнды жәдігерді зақымдамай-ақ оның ішкі құрылысын қабат-қабатымен зерттейді. Мысалы, бас сүйектің ішкі қуысын үш өлшемді үлгіге айналдырып, ежелгі жануардың иіс сезу, көру немесе есту қабілеті қаншалықты дамығанын білеміз.
Үш өлшемді модельдеу тек сүйектің ішкі құрылысын көрумен шектелмейді. Ғалымдар компьютерде ежелгі жануардың қаңқасын құрастырып, оған виртуалды түрде күш түсіреді. Соңғы элементтер әдісі деп аталатын тәсілмен жануардың жақ сүйегінің қандай қысыммен тістегенін, мойны қанша градусқа бұрылғанын, аяқ сүйектерінің қандай салмаққа төтеп бергенін есептеуге мүмкіндік бар. Мамандар қазіргі жануарлардың дене салмағы мен аяқ сүйектерінің жуандығы арасындағы аллометриялық заңдылықтарды пайдаланып, бір ғана ортан жілік арқылы парацератерий сияқты алыптың салмағын бағалайды. Өстіп, 15-20 тонналық жануардың дене бітімі жай ғана болжаммен емес, нақты анатомиялық есептермен қалпына келтіріледі.
Ғалымдар тіпті миллиондаған жыл бұрынғы ормандарды зерттейді. Өйткені өсімдіктердің тозаңы тау жыныстарының арасында өте ұзақ сақталады. Тозаңдық талдау көмегімен ғалымдар нақты бір кезеңде қандай ағаштар өскенін тұжырымдайды.
ТҮЙІН:
Палеонтологияның жұмысы бір сүйекті тауып, оны музейге қоюмен бітпейді. Ғалымдар әрбір қазбаны өз дәуірінің табиғи ортасымен салғастырады. Павлодардағы «Қазқонақ» сияқты ірі тафоценоз орындарының маңызы да осында. Сондықтан «Қазқонақ» – жай ғана сүйектер көмілген жер емес.
Ол – миллиондаған жыл бұрынғы Ертіс өңірінің табиғи шежіресі. 1928 жылы ашылған бұл нысанға 2028 жылы жүз жыл толады. Алайда оның тарихы бір ғасырмен өлшенбейді. Жер қойнауында сақталған деректер миллиондаған жылды қамтиды. Ендеше палеонтологиялық ескерткіштерді қорғау – Қазақстанның мыңдаған ғасырлық тарихын қорғау деген сөз.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
