Қазақстанда қарашаның алғашқы он күнінде есірткіге қатысты 56 құқық бұзушылық анықталып, 35 адам ұсталды.
Қазақстанда 10 күнде 200 килограмнан астам есірткі тәркіленді
198
оқылды

Заңсыз айналымнан 200 килограмнан астам есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматыда полицейлер 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған. Оның көлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин психотроптық заты табылып, тәркіленді.

Шымкентте 21 жастағы жігіт ұсталды. Оны жеке тінту барысында жарты килограмм синтетикалық есірткі табылған. Күдікті тыйым салынған затты қала аумағында сатуды жоспарлаған.

Павлодарда полиция қызметкерлері 32 жастағы әйелді ұстады. Одан бір жарым килограмға жуық a-PVP және шамамен 30 грамм мефедрон тәркіленді. Тергеу барысында әйелдің әлеуметтік желі арқылы есірткі тасымалдаушы болып жұмысқа орналасып, тыйым салынған заттарды өткізу үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келгені анықталған.

ІІМ дерегінше, қарашаның алғашқы он күнінде тіркелген 56 құқық бұзушылықтың 35-і қылмыс санатына жатады. Осы кезеңде 35 күдікті ұсталған. Олардың 19-ы есірткі сатуға, үшеуі аса ірі мөлшерде сақтауға, сегізі контрабандаға, тағы үшеуі улы заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінген. Сондай-ақ бір адам есірткі өсіргені, тағы бірі оны насихаттап, жарнамалағаны үшін ұсталды.

Жалпы, он күн ішінде заңсыз айналымнан 200 килограмнан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде 190 килограмм марихуана, шамамен 13 килограмм синтетикалық есірткі және 4 килограмм гашиш бар.