Wildberries маркетплейсінің негізін қалаушы Татьяна Ким компанияның бас директоры қызметінен кетті. Оның орнына Алексей Куликов тағайындалды.
Wildberries негізін қалаған Татьяна Ким бас директор қызметінен кетті
93
оқылды

Дегенмен кәсіпкер компаниялар тобының стратегиялық дамуына жетекшілік етуді жалғастырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ресейдің Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміндегі мәліметке сәйкес, Алексей Куликов 19 қарашадан бастап «Вайлдберриз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметіне кіріскен.

Бұған дейін ол компанияның логистикалық инфрақұрылымын дамытуға жауапты құрылымдарда басшылық қызмет атқарған.

Компанияның баспасөз қызметі кадрлық өзгерістің маркетплейстің күнделікті жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.

«Татьяна Ким RWB тобының стратегиялық дамуына жетекшілік етуді жалғастырады», – деп хабарлады компания өкілдері.

Белгілі болғандай, «Вайлдберриз» компаниясы 2024 жылдан бері Wildberries пен Russ компанияларының бірігуі нәтижесінде құрылған RWB тобының құрамына кіреді. Осы уақыт ішінде операциялық қызмет топтың негізгі компаниясына берілген.

Сондықтан Татьяна Кимнің бас директор қызметінен кетуі оның бизнестен толықтай кеткенін білдірмейді.

Кадрлық өзгеріс Еуропалық одақтың Татьяна Кимге санкция енгізуінен бірнеше күн өткен соң болды. Дегенмен компания басшылықтағы ауыс-түйісті санкциялармен тікелей байланыстырған жоқ.

Айта кетейік, Татьяна Ким Wildberries интернет-дүкенін 2004 жылы құрған. Кейін жоба Ресейдегі ең ірі онлайн сауда алаңдарының біріне айналып, Қазақстан нарығына да шықты.