Небәрі отызға жуық түтіні бар шағын Баянтөбеде туып - өскен қарапайым бала бүгінде елге тұтқа боларлық азаматқа айналды. Әңгіме осы топырақта дүниеге келіп, кәсібін өркендеткен Наурызғали Сапарғалиев жайында.
Ауылдан чемпион шығаруды армандаған кәсіпкер балаларға арнап спорт зал ашты
109
оқылды

Бұл игі істің бастауы өткен шақпен сабақтас. Кезінде Наурызғалидың әкесі Қасымғали ескі ғимаратты өз қолымен залға бейімдеп, спортқа бейім балалардың басын қосып, күрес секциясын ашқан екен. Кейіннен ол кісі ішкі істер органдарына қызметке орналасқандықтан, қолға алған ісі тоқтап қалған болатын.

Жастайынан алғыр, еңбекке құштар Наурызғали әр істе өзінің мүмкіндігін сынап көріп, бүгінде үлкен бизнесті жүргізіп отыр.

Бір кездескенде ол: «Мен тапқан табысымның бәрін өзіме деп емес, еліме де болсыншы деп санайтын азаматтардың қатарындамын» - деген еді.

Осыдан екі жыл бұрын ауылға келіп, азаматтардың басын қосты да, орталықтағы Базаршолан ауылына шағын спорт залын салу туралы бастама көтерді. Бастама жұртшылықтан қолдау тауып, әр жылғы түлектер шама - шарқынша қаржылай көмек көрсетіп, құрылысты бастауға белсене кірісті. Ал, негізгі жұмыстарды кәсіпкер азамат өз қолына алып, күрес залын толықтай аяқтап шықты.

Спорт залының салтанатты ашылуына қазақ боксының бүгінгі жұлдыздары, ел мақтаныштары - Әлем және Азия чемпиондары Айбек Оралбай, Махмұд және Төрехан Сабырхандар қатысып, спортқа құлшынысы бар ауыл балаларына сәттілік тіледі.

Шара барысында сөз сөйлеген Наурызғали Сапарғалиев:

«Ауылдан чемпиондар шығарсам деген әке арманын осы спорт залын тарту ету арқылы орындауды жөн көрдім. Кезінде әкемнің қандай қиындықпен күрес секциясын ашқанын өз көзіммен көрдім. Ендігі уақытта ауылда балалар алаңсыз спортпен шұғылданса. Біздің ауылдан да чемпиондар шығатын күн алыс емес», – деді.

Тынбай еңбектенудің арқасында қазіргі уақытта кәсібін өркендетіп, әкенің орындалмаған арманын жалғауға үлес қосқан Наурызғали сынды азаматтар көп болсын.