Қазақстанда азаматтардың цифрлық платформалар арқылы табыс табуына, қысқа мерзімді ақылы тапсырыстар орындауына және ауыл кәсіпкерлерінің өнімдерін интернет арқылы сатуына жағдай жасалады.
Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы табыс табуға жағдай жасалады
105
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

23 қарашада қол қойылған Жарлыққа сәйкес, Үкімет 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі кешенді жоспарды бекітуі тиіс. Құжат азаматтардың қосымша табыс табуына, цифрлық жұмыспен қамтуды дамытуға, жасанды интеллектіні күнделікті кәсіби қызметте қолдануға және отандық тауар өндірушілердің нарыққа шығуына бағытталған.

Жарлықта азаматтардың цифрлық платформалар арқылы қысқа мерзімді ақылы тапсырыстар орындауына ерекше назар аударылған. Ол үшін ұйымдар мен кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған платформаларда осындай тапсырыстарды тұрақты түрде орналастыруы қажет. Ал азаматтардың жинаған тәжірибесі орындаған тапсырыстары туралы мәліметтер арқылы расталмақ.

Үкіметке цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін оңайлатылған құқықтық тәртіп қалыптастыру тапсырылды. Бұл ретте еңбек, салық, әлеуметтік және азаматтық-құқықтық қатынастар қамтылады. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі қарастырылады. Аталған жұмыстар 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізілуге тиіс.

Құжатта ауыл кәсіпкерлерін қолдау шаралары да көзделген. Атап айтқанда, ауылдағы өндірушілердің тауарларын электрондық сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы өткізу тетіктері әзірленеді. Ол үшін қолданыстағы қоймалар, логистикалық орталықтар және қаржы құралдары пайдаланылмақ.

Бұдан бөлек, әкімдіктерге ауыл өндірушілеріне өнімін сатқаннан кейін түсетін қаражат есебінен алдын ала аванс беру тетіктерін қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді электрондық сауда алаңдарында жұмыс істеуге үйретіп, өнімдерін интернет арқылы сатуға көмектесуі керек.

Жасанды интеллектіні қолдану да кешенді жоспардың маңызды бағыттарының бірі болмақ. Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кай-Фу Лидің азаматтардың кәсіби қызметінде, соның ішінде цифрлық платформалар арқылы ақылы тапсырыстар орындау кезінде жасанды интеллектіні пайдалану дағдыларын дамыту жөніндегі ұсынымдарын ескеруі тиіс.

Жарлыққа сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін өңірлік жоспарларды бекітеді. Ал цифрлық дамуға қатысты алғашқы пилоттық жобалар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жекелеген өңірлерде іске қосылуы керек.

Үкімет осы жобалардың нәтижесін бағалап, тиімді тәжірибелерді ел көлемінде қолдану жөніндегі шараларды 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін айқындауға міндетті.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.