Депутаттар «Қалдықтарды басқару» зертханасының, FAO білім орталығының, молекулалық-генетикалық орталықтың және Агротехнопарктің зерттеу зертханаларының жұмысымен де танысты. Оған қоса стартап жобаларын әзірлеп жүрген студенттермен кездесіп, геоақпараттық жүйелерді, дрондар мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жобаларды көрді.
Құрылтай депутаттары Агротехнопаркке барып, аграрлық ғылым жетістіктерімен танысты
146
оқылды

Бүгінде аграрлық ғылымды дамытуда ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, жаңа технологияларды тарату және оларды коммерцияландыру маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл мәселелер Құрылтай депутаттарының да назарында. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін Құрылтайдағы Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің депутаттары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Агротехнопаркіне барды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Биыл наурыз айында іске қосылған Агротехнопарк ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Оның құрамында ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру, білім мен ғылымды тарату, стартап жобаларды қолдау бағыттарында жұмыс істейтін онға жуық құрылымдық бөлімше бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының түрлі салаларын қамтитын алты ғылыми орталық құрылған.

Агротехнопарк директоры Ержан Айнабековтің айтуынша, мұндағы негізгі міндет ғылыми идеяларды өндірістік тәжірибеге айналдыруға қажетті жүйені қалыптастыру.

«Технопарктің басты мақсаты ғылым мен өндірісті байланыстыру ғана емес, олардың арасында өзара ықпалдастық орнатып, жүйелі жұмыс қалыптастыру. Жалпы, біздің барлық құрылымдық бөлімшеміз ғылыми идеядан бастап, оны нақты өндіріске енгізуге дейінгі процесті қамтиды», – дейді ол.

Ғылыми орталықтар ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасы мен қауіпсіздігін анықтау, агроэкологиялық сынақтар жүргізу, топырақ пен су құрамын зерттеу, биотехнология, балық шаруашылығы, мал ауруларын диагностикалау және мал азығының сапасын бағалау бағыттарын қамтиды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын цифрландыру орталығы жұмыс істейді. Бұл құрылымдар шаруалар мен кәсіпкерлерге ғылыми қолдау көрсетіп, саладағы мәселелерді зерттеуге және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған.

– Технопарк қызметі ғылыми зерттеулермен ғана шектелмейді. Жыл басынан бері мұнда 60-тан астам шетелдік делегация болып, орталықтың жұмысымен танысты. Қазір бірлескен жобалар мен ынтымақтастық орнату жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылау үшін 20-30-ға жуық семинар мен вебинар ұйымдастырылды, - деп атап өтті Ержан Айнабеков.

Сапар аясында депутаттарға университет ғалымдарының ғылыми жұмыстары мен оларды ауыл шаруашылығы өндірісінде қолдану мүмкіндіктері көрсетілді. Көрмеде селекция және тұқым шаруашылығы, ветеринария, жемшөп өндірісі, өсімдіктерді қорғау және шикізатты өңдеу салаларындағы 130 ғылыми жұмыс таныстырылды. Олардың қатарында вирустық инфекциялардан таза картоп көшеттері, диагностикалық тест жүйелері, биологиялық өнімдер, ақуыз мөлшері жоғары өнімдер мен органикалық тыңайтқыштар өндіру технологиялары бар.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Замира Кузиева аграрлық ғылымды дамыту ғылыми институттарды қолдаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ғылымдағы жетістіктерді өндіріске енгізу еліміздің технологиялық дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді.

–Бүгін біз Агротехнохабқа отандық ғылыми жобалармен танысуға келіп отырмыз. Аграрлық ғылым еліміздің экономикасы мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін маңызды. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Ол үшін дайын өнім шығарып, жаңа технологияларды қолдануымыз керек. Сондай-ақ суды үнемдеу, ауыл шаруашылығын цифрландыру және өнімдерді терең өңдеу қажет. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі уақытта ғалымдардың барлық жобалары ауыл шаруашылығында қолданылмайды. Сондықтан ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты күшейтіп, ғалымдарға қолдау көрсетуіміз керек. Ең бастысы ғылыми жобалар ауыл шаруашылығына нақты пайда әкеліп, фермерлердің жұмысына көмектесуі керек, - деп нақтылады депутат.

Сондай-ақ депутаттар «Қалдықтарды басқару» зертханасының, FAO білім орталығының, молекулалық-генетикалық орталықтың және Агротехнопарктің зерттеу зертханаларының жұмысымен де танысты. Оған қоса стартап жобаларын әзірлеп жүрген студенттермен кездесіп, геоақпараттық жүйелерді, дрондар мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жобаларды көрді.

Аталған жиын Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің желтоқсан айында өтетін «Агроөнеркәсіп кешені ғылымын коммерцияландыру және технологиялар трансферті мәселелері» тақырыбындағы отырысына дайындық аясында ұйымдастырылды. Депутаттардың айтуынша, сапар аясында жинақталған материалдар мен ұсыныстар алдағы талқылауда отандық агротехнологияларды коммерцияландыру және өндіріске енгізу мәселелерін пысықтауға негіз болады.