Үш композитор - үш түрлі музыкалық әлем
Бах, Моцарт, Бетховен: үш композитордың музыкасын қалай ажыратуға болады?
169
оқылды
Классикалық музыканы тыңдағанда кейде бір шығарманың әуені бірден есте қалады, екіншісі күрделі музыкалық өрнектерімен назар аудартады, ал үшіншісі тыңдаушыны алғашқы дыбыстарынан-ақ ерекше эмоциялық күйге бөлейді. Мұндай айырмашылықтар музыканың мазмұнына ғана емес, композитордың музыкалық тіліне, шығарманы құрастыру тәсіліне және өмір сүрген дәуіріне де байланысты.

Әлемдік музыка тарихында осы ерекшеліктерді айқын көрсететін үш есім бар: Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарт және Людвиг ван Бетховен. Олар әртүрлі кезеңде өмір сүргенімен, шығармалары бірнеше ғасыр бойы концерт залдарында орындалып, музыка өнерінің дамуына ықпал етіп келеді.

Бұл шолумызда үш композитордың музыкалық тіліндегі негізгі ерекшеліктер қарастырылады. Шамамыз келгенше дейін оңай жазуға тырысамыз. Әр бөлімде нақты шығармаларға тоқталып, оларды тыңдағанда қай тұсына назар аудару керектігі көрсетіледі. Осылайша, классикалық музыканы жай ғана тыңдап қоймай, оның құрылымын, әуендік сипатын және көркемдік мазмұнын ажыратуға мүмкіндік туады.

Музыкалық ойдың күрделілігі. Иоганн Себастьян Бах (1685–1750) - барокко дәуірінің ең көрнекті композиторларының бірі. Ол Германияның Эйзенах қаласында дүниеге келген. Бах өскен орта музыкамен тығыз байланысты болды: оның әкесі музыкант болған, ал әулетінде бірнеше ұрпақ бойы кәсіби музыканттар шыққан. Сондықтан музыка оның өмірінде ерте жастан маңызды орын алды.

Бахтың шығармашылық жолы негізінен шіркеу музыкасы, органдық шығармалар, аспаптық концерттер, кантаталар және клавирлік туындылармен байланысты. Ол өмірінің әр кезеңінде органист, капельмейстер және шіркеу музыкасының жетекшісі қызметтерін атқарды. Композитордың шығармалары барокко дәуіріндегі музыкалық ойлау жүйесінің жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді.

Бах музыкасының басты ерекшелігі - полифония. Бұл ұғым бір шығармада бірнеше дербес әуендік желінің қатар дамуын білдіреді. Мұндай музыкада бір ғана негізгі әуенге сүйемелдеу қосылмайды. Керісінше, әрбір дауыс өзіндік әуендік қозғалысқа ие болып, басқа дауыстармен өзара байланысқа түседі. Тыңдаушы бір мезгілде бірнеше музыкалық ойдың өрбуін естиді.

Мұны түсіну үшін Бахтың фугаларын тыңдауға болады. Фугада белгілі бір тақырып алдымен бір дауыста орындалады, кейін басқа дауыстарға ауысып, әртүрлі регистрде қайталанады. Осылайша, бастапқы әуен біртіндеп күрделі музыкалық құрылымға айналады. Бір тақырыптың бірнеше дауыста дамуы шығарманың тұтастығын сақтай отырып, музыкалық қозғалысты байытады.

«Токката және фуга ре минор» BWV 565 шығармасы Бахтың ең танымал органдық туындыларының бірі саналады. Алғашқы токката бөлімінде органның қуатты дыбысы, еркін музыкалық қозғалыс және әсерлі паузалар бірден назар аударады. Тыңдаушы шығарманың басындағы жеке дыбыстар мен қысқа музыкалық тіркестердің біртіндеп тұтас музыкалық ағынға айналуын байқайды.

Одан кейін басталатын фуга бөлімінде музыкалық тақырып бірнеше дауыста кезекпен естіледі. Әр дауыс алдыңғы әуенді жалғастыра отырып, жаңа музыкалық желі қосады. Осы бөлімді тыңдағанда бір әуеннің әртүрлі дауыстарда қалай қайталанып, дамитынына назар аудару керек.

«Бранденбург концерті» №3, соль мажор, BWV 1048. Бахтың бұл концерті үш скрипка, үш альт, үш виолончель және бас партиясын орындайтын аспаптарға арналған. Шығармада ішекті аспаптардың музыкалық диалогы ерекше байқалады. Бірінші бөлімін - Allegro - тыңдағанда аспаптардың бір-біріне жауап беріп, музыкалық тақырыпты кезектесе жалғастыратынына назар аударыңыз. Кейбір әуендік тіркестер бір аспап тобынан екіншісіне ауысады. Музыкалық қозғалыс тоқтамай, әртүрлі аспаптардың өзара әрекеті арқылы дамиды.

Бұл шығарма Бахтың музыкалық ойды бірнеше аспап арасында бөліп, оларды біртұтас композицияға біріктіру шеберлігін көрсетеді.

«Оркестрлік сюита» №3, ре мажор, BWV 1068 - Air. Бахтың «Air» деп аталатын баяу бөлімі оның ең танымал әуендерінің қатарына жатады. Мұнда композитордың күрделі полифониялық техникасынан бөлек, әуеннің кең тынысы мен лирикалық сипаты алдыңғы орынға шығады. Шығарманы тыңдағанда жоғарғы ішекті аспаптар орындайтын созылыңқы әуенге және төменгі дауыстардың бірқалыпты қозғалысына назар аудару қажет. Әуен асықпай дамиды, ал оның астындағы музыкалық сүйемел шығармаға тереңдік береді.

Бұл бөлім Бах музыкасының тек күрделі әрі салтанатты сипатта ғана емес, нәзік және лирикалық бола алатынын көрсетеді.

Бах шығармаларын тыңдағанда ең алдымен музыкалық құрылымға назар аудару керек. Оның музыкасында әуендер бір-бірімен тығыз байланысып, дербес қозғалысын сақтай отырып, ортақ композициялық жүйе құрайды. Сондықтан Бахтың туындыларын бірнеше рет тыңдаған сайын бұрын байқалмаған жаңа әуендік желілер мен музыкалық байланыстарды аңғаруға болады.

Оның шығармашылығы барокко дәуіріндегі полифониялық ойлаудың биік үлгісі саналады. Бах музыкасының құндылығы да осында: ол бірнеше музыкалық дауысты бір мезгілде дамыта отырып, күрделі әрі тұтас көркемдік әлем қалыптастырды.

Үйлесімділік. Вольфганг Амадей Моцарт (1756–1791) - әлемдік музыка тарихындағы ең танымал композиторлардың бірі. Ол Австрияның Зальцбург қаласында дүниеге келген. Әкесі Леопольд Моцарт музыкант әрі композитор болғандықтан, Вольфгангтың музыкалық қабілеті ерте байқалды. Ол бала кезінен клавесинде және скрипкада ойнап, музыка шығара бастаған. Әкесімен бірге Еуропаның көптеген қалаларын аралап, сарайларда өнер көрсетті.

Моцарт небәрі 35 жыл өмір сүргенімен, музыканың түрлі жанрында мол мұра қалдырды. Оның шығармалары опера, симфония, фортепианолық концерт, камералық ансамбль, соната және діни музыка салаларын қамтиды. Композитордың шығармашылығы Вена классицизмінің көркемдік қағидаларын айқын көрсетеді.

Бах музыкасының басты ерекшелігі бірнеше әуендік желінің қатар дамуына негізделсе, Моцарт шығармаларында  музыкалық форманың үйлесімділігі алдыңғы орынға шығады. Оның туындыларындағы негізгі әуенді тыңдаушы оңай есте сақтай алады. Музыкалық тақырыптар табиғи дамып, бір бөлімнен екінші бөлімге логикалық байланыспен өтеді.

Моцарт музыкасының тағы бір ерекшелігі - қарапайымдылық пен тереңдіктің қатар кездесуі. Бір қарағанда жеңіл әрі көңілді болып естілетін шығармада күрделі композициялық құрылым мен нәзік эмоциялық реңктер болуы мүмкін. Ол музыкалық ойды артық дыбыстық күрделілікке ұрындырмай, дәл әрі әсерлі жеткізе білді.

«Кішкентай түнгі серенада» (Eine kleine Nachtmusik), соль мажор, K.525. Бұл шығарма Моцарттың ең танымал туындыларының бірі. Әсіресе бірінші бөлімі - Allegro - бірден есте қалатын сергек әрі айқын әуенімен ерекшеленеді.

Тыңдағанда шығарманың басындағы негізгі тақырыпқа назар аударыңыз. Скрипкалар орындайтын әуен анық естіледі, ал басқа ішекті аспаптар оған ырғақтық және гармониялық тірек береді. Әуеннің қайталануы мен өзгеріп отыруы шығарманың тұтастығын сақтайды.

Бұл туынды Моцарт музыкасына тән жеңілдік, тепе-теңдік және әуендік айқындықты жақсы көрсетеді.

№11 фортепианолық соната, ля мажор, K.331 - «Түрік маршы» (Rondo alla Turca) Моцарттың бұл сонатасының үшінші бөлімі - Rondo alla Turca - «Түрік маршы» деген атаумен кеңінен танылған. Шығармада сол кезеңдегі еуропалық музыкада танымал болған түрік әскери музыкасының ырғақтық ерекшеліктері байқалады.

Тыңдағанда фортепианодағы қысқа әрі ширақ музыкалық тіркестерге назар аударыңыз. Негізгі тақырып бірнеше рет қайталанып, аралық бөлімдермен алмасып отырады. Рондо формасына тән осы қайталану шығарманың есте сақталуын жеңілдетеді.

Бұл туынды Моцарттың музыкалық тақырыпты қарапайым әрі тартымды етіп құрастыру шеберлігін танытады.

№40 симфония, соль минор, K.550 - бірінші бөлім, Molto allegro. Моцарттың №40 симфониясы оның ең белгілі оркестрлік шығармаларының бірі. Бірінші бөлімі - Molto allegro - алғашқы скрипкалардың толқынды әуенімен басталады. Бұл тақырып шығарманың басынан-ақ ерекше көңіл күй қалыптастырады.

Осы бөлімді тыңдағанда негізгі әуеннің қалай дамитынына, аспаптар арасында қалай ауысатынына назар аудару керек. Музыкада мазасыздық пен лирикалық сезім қатар байқалады. Бұл шығарма Моцарттың тек көңілді әрі жеңіл әуендер жазумен шектелмегенін көрсетеді.

№40 симфонияның ерекшелігі - классикалық форма аясында терең эмоциялық мазмұн қалыптастыруында.

Моцарт шығармаларын тыңдағанда ең алдымен негізгі әуенге, оның айқындығына және музыкалық бөлімдердің өзара байланысына назар аудару керек. Оның музыкасы көбіне табиғи әрі жеңіл қабылданады. Бірақ осы қарапайым естілетін әуендердің артында мұқият ойластырылған композициялық құрылым, гармониялық үйлесім және көркемдік дәлдік жатыр.

Моцарттың ерекшелігі - күрделі музыкалық ойды тыңдаушыға түсінікті әрі әсерлі жеткізе білуінде. Оның шығармаларында әуен мен форма бір-бірін толықтырып, музыкалық тұтастық қалыптастырады. Сондықтан Моцартты тыңдағанда Бахтағыдай бірнеше дербес әуеннің қозғалысынан гөрі, негізгі музыкалық тақырыптың қалай пайда болып, дамып, қайта оралатынына назар аударған жөн.

Музыкадағы күрес. Людвиг ван Бетховен (1770–1827) - еуропалық музыка тарихындағы аса көрнекті композиторлардың бірі. Ол Германияның Бонн қаласында дүниеге келген. Бетховеннің музыкалық қабілеті ерте жастан байқалып, алғашқы ұстазы әрі әкесі Иоганн ван Бетховен оның музыкант ретінде қалыптасуына ықпал етті. Кейін композитор Венаға қоныс аударып, шығармашылық өмірінің негізгі бөлігін осы қалада өткізді. Бетховен өмір сүрген кезең Еуропадағы үлкен тарихи және қоғамдық өзгерістермен тұспа-тұс келді. Ағартушылық идеялары, Француз революциясы және қоғамдағы еркіндік туралы түсініктер оның дүниетанымына әсер етті. Бұл өзгерістер композитордың шығармаларынан да көрініс тапты. Оның музыкасында адамның ішкі күресі, еркіндікке ұмтылысы, қайсарлығы мен өмірге деген сенімі маңызды тақырыптарға айналды.

Композитордың шығармашылығы классицизм дәстүрімен тығыз байланысты болғанымен, ол музыкалық форманың мүмкіндіктерін кеңейтіп, романтизм дәуіріне жол ашты. Егер Моцарт шығармаларында музыкалық тепе-теңдік пен әуеннің табиғи дамуы басым болса, Бетховенде қарама-қайшылық пен драмалық тартыс айқын сезіледі. Оның музыкасында тыныш басталған тақырып біртіндеп шиеленісіп, қуатты шарықтау шегіне жетуі мүмкін.

Бетховеннің музыкалық тіліндегі маңызды ерекшеліктердің бірі - қысқа музыкалық мотивті кең көлемді шығармаға айналдыру шеберлігі. Композитор кейде небәрі бірнеше дыбыстан тұратын әуендік үлгіні бүкіл симфонияның негізгі идеясына айналдырады. Мұндай мотивтер шығарма бойында қайталанып, өзгеріп, жаңа музыкалық жағдайларда көрініс табады.

Композитордың өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі - есту қабілетінен айырылуы. Есту қабілеті біртіндеп нашарлаған Бетховен бұл жағдайға қарамастан шығармашылық жұмысын жалғастырды. Кейінгі кезеңдегі көптеген маңызды туындыларын ол есту қабілеті қатты төмендеген немесе мүлде естімеген уақытта жазды.

№5 симфония, до минор, Op.67 - бірінші бөлім, Allegro con brio. Бетховеннің №5 симфониясы әлемдік музыкадағы ең танымал шығармалардың бірі. Оның алғашқы төрт дыбыстан тұратын мотиві бірден танылады. Қысқа ырғақтық құрылым шығарма бойында бірнеше рет қайталанып, әртүрлі музыкалық формада дамиды.

Бірінші бөлімді тыңдағанда осы төрт дыбыстың қалай өзгеретінін байқауға болады. Алғашқыда қысқа әрі өткір естілетін мотив кейін оркестрдің әртүрлі аспаптарында пайда болып, музыкалық қозғалыстың негізгі өзегіне айналады. Бұл жерде Бетховеннің басты ерекшелігі көрінеді: ол шағын музыкалық ойдан үлкен драмалық құрылым жасайды. Шығармада тыныштық пен қуат, күмән мен сенімділік, шиеленіс пен шешім бір-бірімен алмасып отырады.

«Айлы түн сонатасы», до-диез минор, Op.27 №2 - бірінші бөлім, Adagio sostenuto. Бетховеннің фортепианоға арналған бұл сонатасы «Айлы түн сонатасы» деген атаумен кеңінен танымал. Алайда бұл атауды композитордың өзі қойған жоқ. Ол шығарма жарық көргеннен кейін пайда болып, кейін кең таралған.

Сонатаның бірінші бөлімі - Adagio sostenuto - баяу әрі ойлы сипатымен ерекшеленеді. Фортепианодағы үздіксіз қайталанатын триольдік қозғалыс шығарманың бүкіл музыкалық атмосферасын қалыптастырады. Оның үстінде созылыңқы әуен естіліп, музыканың ішкі толғанысы біртіндеп тереңдей түседі.

Тыңдағанда төменгі және жоғарғы дыбыстардың арақатынасына, қайталанып отыратын ырғаққа және әуеннің бірқалыпты дамуына назар аудару керек. Бұл шығарма Бетховен музыкасының тек қуатты әрі драмалық емес, сонымен бірге терең лирикалық сипатта болатынын көрсетеді.

«Аппассионата» сонатасы №23, фа минор, Op.57 - үшінші бөлім, Allegro ma non troppo. «Аппассионата» - Бетховеннің фортепианолық сонаталары арасындағы ең драмалық туындылардың бірі. Әсіресе үшінші бөлімінде музыкалық қозғалыс өте қарқынды сипат алады.

Бұл бөлімді тыңдағанда фортепианодағы жылдам дыбыстар тізбегіне, динамикалық қарама-қайшылықтарға және музыкалық шиеленістің үнемі күшеюіне назар аудару қажет. Мұнда композитор бір тақырыпты әртүрлі регистрде дамытып, музыкалық энергияны үздіксіз арттырады.

«Аппассионата» Бетховеннің аспаптық музыка арқылы күшті эмоциялық тартыс қалыптастыру қабілетін айқын танытады.

Үш композитордың музыкалық тілін салыстыру Бах, Моцарт және Бетховеннің шығармаларын тыңдағанда олардың әрқайсысына тән музыкалық ерекшеліктерді салыстыруға болады. Үшеуі де еуропалық кәсіби музыканың дамуына үлкен үлес қосқанымен, музыкалық ойды жеткізу тәсілдері әртүрлі.

  • Бах шығармаларында полифониялық құрылым басты орын алады. Бірнеше әуендік желі бір мезгілде дамып, өзара байланысқа түседі. Тыңдаушы бір ғана негізгі әуенді емес, қатар өрілген бірнеше музыкалық дауысты естиді. Сондықтан Бах музыкасын тыңдағанда әр аспаптың немесе дауыстың жеке қозғалысына назар аударған жөн.
  • Моцарт шығармаларында әуеннің айқындығы мен музыкалық форманың үйлесімділігі басым. Оның негізгі тақырыптары есте оңай сақталады, музыкалық бөлімдер бір-бірімен табиғи байланысады. Тыңдаушы әуеннің пайда болуын, дамуын және қайта оралуын оңай аңғара алады.
  • Бетховен музыкасының басты ерекшелігі - драмалық даму мен қарама-қайшылық. Қысқа музыкалық сарын шығарма бойында өзгеріп, жаңа сипатқа ие болады. Музыкалық қозғалыс біртіндеп шиеленісіп, шарықтау шегіне жетеді. Сондықтан Бетховенді тыңдағанда музыкалық тақырыптың өзгеруіне және динамикалық дамуына назар аудару қажет.

Бұл салыстыру үш композитордың музыкасын ажыратуға көмектеседі. Дегенмен олардың шығармашылығын тек осы белгілермен шектеуге болмайды. Бахтың лирикалық туындылары, Моцарттың драмалық опералары және Бетховеннің нәзік музыкалық шығармалары да бар. Әр композитордың стилі бірнеше көркемдік қырдан тұрады.

Бах, Моцарт және Бетховеннің музыкасы бірнеше ғасыр өтсе де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Олардың шығармалары концерт залдарында орындалып, кино мен театрда қолданылып, жаңа буын тыңдармандарын әлі де қызықтырып келеді. Бұл - олардың музыкасының белгілі бір тарихи кезеңмен шектелмейтінін көрсетеді. Әр композитор өз дәуірінің музыкалық тілін қалыптастырып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жаңа шығармашылық мүмкіндіктер ашты.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.