«Серпінге» серпін берер демеу бар ма?
«Серпінге» серпін берер демеу бар ма?
720
оқылды

«Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы қолға алынған-ды. Алғашында жоба бойынша 2050 жас білім алса, 2015 жылы 6 200, 2016 жылы 4 312 грант бөлінген. Жоғары оқу орындары бойынша гранттар білім, техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина саласын қамтиды. Жастар үшін  оқу, жұмыс пен болашақты ұштастыратын бағдарламаның қарқыны кейінгі жылдары бәсеңсіді.  Мәселен, былтыр «Серпінге» бөлінген 3 мың грант игерілмей қалды. Жыл сайын бағдарламаға кемінде 5 мың грант бөлінерін ескерген мамандар биыл тағы да иесіз гранттың көп боларын болжады. Бағдарламаның көздегені еліміздегі еңбек ресурсы басым оңтүстік өңірдің жастарын жұмыс күші аз аймақта оқытып, жұмыспен қамту еді. Жоғарыдағы иесіз грант санына назар аударсаңыз, бағдарлама діттеген жеріне жетпегенін байқайсыз. Бұған не себеп? Алдымен, жобаның отымен кіріп, күлі­мен шығатын жауапты жоқ. Кезінде Serpin білім беру ұйымдарының Ұлттық қауымдастығының негізін қалап, жобаны ұйымдастырғандардың бірі Мұрат Әбенов еді. Сол  тұста жоба жайында науқан кезінде ғана емес, жыл 12 ай жаңалық шығатын. Содан бері жоба жайында мінберден сөйлеп, есеп берген жауапты тұлғаны кім көрді? Мұны Еуразия Ұлттық университенінің қауымдастырылған профессоры Мырзантай Жақып та қолдап отыр.

«Жастардың арасында түсіндіру жұмысы өте нашар. Өз басым әлеуметтік желі арқылы Алматы, Жамбыл, Түркістан мен Қызылорда облыстарының әкімдіктерінен бастап, Білім беру департаментіне ақпарат жарияладым. Бағдарламаға аудандық білім бөлімдері мен жергілікті жерде назар аударып жатқан біреу жоқ. Мұрат Әбенов вице-министр қызметінде жүріп жобаның қанат жаюына үлес қосты. Содан бері бағдарлама үшін күйіп-пісіп жүрген жауаптыны көрмедім», – дейді Мырзантай Жақып.  

Call center де, сайттар да жұмыс істемейді

Joo.kz қосымшасының жетекшісі Қанат Өксікбаев та просфессор сөзін құптап, жобаның бірнеше кемшілігін жіпке тізіп берген-ді. Білім саласы маманы бағдарлама сайты мен білім порталдарындағы ақпараттың ескіргенін атап өтті. Расымен, serpin.kz сайтындағы жаңалық пен нұсқаулықтың жаңармағанына бірнеше жыл болған. Сайт­тағы мақаланы ашып оқудың өзі қиындық туғызады. Осыдан ба, мектеп бітірген түлек пен ата-ананың жоба туралы пікірі екіұдай. Әлеуметтік желі мен ақпарат ғасырында қос министрлік құзырындағы жобаның жансебіл күйге түскеніне таңбыз.

«Серпін» бағдарламасындағы call-cen­ter жұмыс істемейді. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Оның үстіне, бағдарлама шарттарында қарама қайшылық бар. Оқушылардың айтуынша, биыл Ұлттық тестілеу орталығы жүйесінде «Серпін» бағларламасын таңдау мүмкін емес. Қа­зір талапкерлер оқуға тапсыру үшін уни­верситетке хабарласу арқылы өтініш беріп жатыр. Ал олар жобаны таңдайын десе, университет қызметкерлері «Серпіннің» автоматты түрде таңдалатынын айтқан. Жеме-жемге келгенде біразында өтініш бергені жайындағы құжатта жоба атауы көрсетілмеген. Яғни, қалай тапсыратыны, нендей жүйеге өту керегі туралы нұсқаулық жоқ», – дейді Қанат Өксікбаев.

Спикер сөзінен кейін «бағдарлама шарттарында қарама қайшылық бар» дегенге сіздің де назарыңыз ауған болар. Бұл сөзді Мырзантай Жақып та қолдап отыр. Еңбек бағдарламасы бойынша облыс аумағына кіретін барлық ауыл-қала жобаға қатыса алса, Білім және ғылым министрлігі шарты басқаша сөйлейді. Қазір «Білім туралы» заңға сәйкес 2016 жылдан бері ауыл мектебін бітірген талапкер ғана «Серпін» бағдарламасына құжат тапсыра алады. Мұны Мұрат Әбенов сұхбаттарының бірінде айтқан екен. Ал содан бері бірнеше жыл өтті. Қарап тұрсаңыз, Еңбек министрлігі әлі де өздеріндегі нұсқаулыққа түзету енгізуге құлықсыз.

Serpin  

Бағдарлама мен заң бір-біріне қайшы

 «Серпін» жобасы жайында «Еңбек» мемле­­кеттік бағдарламасы мен «Білім туралы заңның» арасында қайшылық бар. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасында Шымкент қаласының түлектері «Серпін» бағдарламасына қатыса алады деп жазыл­ған. Бірақ министрлік былтыр да, биыл да Шымкент қаласы түлектерін жобаға қатыс­тырмады. Бұл «Білім туралы» заңға қайшы келеді-міс. Ол жерде ауыл мектебін бітірген түлек қана бағдарламаға қатыса алатыны жазылған. Онда «Еңбек» бағдарламасына немесе «Білім туралы» заңға өзгеріс енгізу керек. Аймағамбетовтің жеке қабылдауына кіріп, осы мәселені бірнеше рет көтердім. Үкіметке де хат жаздым. Білім министрлігі, Үкімет, Еңбек министрлігі де мән бермей отыр. Ең үлкен кедергінің бірі – осы», – дейді Мырзантай Жақып.

Білім саласы қызметкелері сөзінің жаны бар. 13 шілдеден бері ата-ана мен оқушы министрлік сайты мен Telegram каналын бақылап отыр. Аталған каналда науқан кезінде «Серпін-2050» бағдарламасы жайында ақпарат шыққан жоқ. Министрлік парақшасында электронды үкімет порталын­да жоба бойынша құжат тапсыруға арналған нұсқаулық жария­ланбады. Осыдан-ақ бағдарламаға қаншалықты көңіл бөлінетіні білінеді.

«Биыл Үкіметтің қаулысы шықты. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан,  орталық, Павлодар, Қостанай, Ақмола мен  Қарағанды облысына ғана «Серпін» гранты бөліну керек. Министрлік Батыс Қазақстандағы 3 облысқа да бағдарлама грантын бөліп берді. Бұл – қате. «Білім туралы» заңға да, Үкіметтің қаулысына да қарсы іс. Негізі, Батыс Қазақстандағы 3 облысты бағдарламадан алып тастады. Министрлік мамандары «Білім туралы» заңды оқып, Үкіметтің қаулысын тыңдап бас қатырғысы жоқ. Осы туралы бірнеше рет жазып, айттым», – дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Мырзантай Жақып.

Профессордың айтуынша, министрліктер бағдарлама жүгін университет ректорларына артып қойған. Түсіндіру жұмысы мен талапкер шақыру университет иелігіне өткен. Ректорлар тырмысқанымен, жергілікті жерде кедергі көп екен. Профессор «жұмыс күші аз өңірге келіңдер деп жар салғанмен, дауысымызды естіп жатқандар аз» деп отыр.

«Бағдарламаның кең етек жаюына жергі­лікті жерде кедергі көп. Мәселен, Жетісайда жекеменшік университет бар. Олар жобаға қарсы жұмыс істеп отыр. Университет басшы­лығына балалардың жергілікті жердегі ақылы оқу орнында білім алғаны жеткілікті. Мәселен, Түркістанда жаңадан университет ашылғалы жатыр. Түркістан облысы соған жұмыс істеп отыр. «Серпінмен» солтүстікте оқыңдар» деп айтуға мүдделі емес. Бұл – Үкіметті деңгейде шешілетін мәселе.  Мысалы, солтүстікте халық саны 560 мыңға жетпейді. Ал оңтүстіктегі 5 ауданда 710 мың адам тұрады. Жұмыс жоқ, халық тығыз орналасқан. Солтүстік Қазақстанға жұмыс күші жетіспейді. Қазір «Серпін» науқандық бағдарлама деңгейінде қалды.  13-20 шілде аралығында айтамыз да, қалған уақытта жақ ашпаймыз», – дейді Мырзантай Жақып.

Иә, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешпесек, бағдарлама құрдымға кеткелі тұр. Кешенді жоспар мен Үкімет пәрмені әлсіз екені білінеді. Ал жобаны шынымен де серпінді ету үшін елордаға білімді мамандарды тарту бағытында 2005-2007, 2008-2010 жылдары қабылданған арнайы бағдарламаға ұқсас құжат керек. Аталған мерзімде Елбасы профессор, ғалым мен доценттерді астанаға топтастырған-ды. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласы білім мен мәдениеттің ошағына айналды. Білім беру саласы қарыштап дамы­ды. Профессор пікірінше, осы нобайды «Серпін» бағдарламасына лайықтаса болады. Білімді, сауатты кадрларды бағдарламаға тарту керек. Әлеуметтік желіде «Серпін-2050» бағдар­ламасы жайында тоқтаусыз ақпарат таратып жүрген Мырзантай Жақып өткен жылы Солтүстік, Шығыс және орталықтағы жоба­ның жай-күйін бақылап қайтқан екен. Сонда бағдарламаның басқа да кемшілігін байқаған. Мәселе  тіл тағдыры мен оқулық сапасына келіп тіреледі.  

Тілдік ахуалды өзгерткен жоқ

Солтүстік пен шығыста тілге қатысты мәселе бар. Бағдарлама арқылы оқуға түскен студент 1-2 курс бітірген соң, орысша сайрап шыға келеді. Өйткені солтүстік пен шығыста орыс тіліне сұраныс жоғары. Әрі теникалық мамандыққа түскен талапкер орыс тіліндегі кітапты оқуға мәжбүр.

«Павлодарда Агротехнология кафедра­сын­да білім алдым. Қазақша түсінбейтін мұғалімдер дәріс оқығаны бар. Бірақ біз оған қазақша жауап беретінбіз. Ал басқа кафедрада мүлдем қазақша түсінбейтін ұстаздар болды. Жүре келе бәріне үйренісіп кеттік», – дейді С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі Іңкәр Төлегенқызы

Шынымен де, 10 қазақтың арасында 1 орыс болса, орысша сөйлеп шыға келетініміз бар. Ал мұндайда оңтүстік өңір баласының тілді шұбарлауына бірнеше фактор себеп. Оқулық жайы, ұстаз бен білім сапасы, қор­шаған ортаның ықпалы бар. Ресми мәлімет бойынша, биыл 82 мың талапкер шекті балл жинады. 53 мың грант бөлінді. Пандемия салдарынан құжат тапсыру онлайн форматқа өткесін Электронды үкі­мет порталына жүктеме көп. Талапкерлер «Серпін» бағдарламасына қалай құжат тапсырарын білмей дал. Мырзантай Жақып айтқандай, жоба жайында министрлік жиналыс өткізіп, Үкімет отырысында қара­маса болмас. Президент Әкімшілігі жағдайды түйсініп, Мемлекет басшысына хабарлап, бағдарлама келешегін күнтәртібіне қойса құба-құп. Өйткені адам капиталы – мемлекеттік мәні бар тақырып. Оның үстіне, «Серпін-2050» шеңберінде бір ғана білім саласын емес, келешек пен ішкі саясат мәселесін қамтуға болады  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ