«ҚР Конституциясының 59-бабына сәйкес, 6-шы шақырылымдағы Парламенттің 6-шы сессиясын ашық деп жариялаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавирус салдарынан қайтыс болған адамдардың тағдыры бей-жай қалдырмайтынын, әлі де босаңсуға болмайтынын айтты. Сондай-ақ карантин режимі алынса да, сақтықты ұмытпау керегін ескертті.
Жолдауда пандемияның зардабын, экономиканы қолдау, халықтың тұрмысын түзеу проблемасын айтты. Карантин кезінде жұмыссыз қалып, табысынан айырылғандарға 42 500 теңге бір реттік төлем Қазақстанда берілгенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және еріктілерге алғыс айтты.
«Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы өте күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер жаһанда зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардң өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайға бей-жайқалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер», – деді Мемлекет басшысы.