ДДСҰ-ның мәліметінше, пандемияның 2 жылға созылу мүмкіндігін де еске салды. Бұл тұрғыдан пандемиямен күрес жөнінде негізгі бағдарлама әзірленбек. Мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық салалардағы міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінуі тиіс. Сондай-ақ 2019 жылы айтылған сот, құқық қорғау органдары саласындағы реформалар да жалғасын таппақ. Сарапшылар бұл Жолдауда қоғам ішінде талқыланған біраз мәселелер тұңғыш рет жоғары мінберден көтерілді деген пікірде. Абзал ҚҰСПАН,
адвокат-заңгер: – Жолдауда назар аударарлық дүние көп, оның ішінде өзіме қатысты құқықтық құрылымдар қызметін жетілдіру мәселесіне тоқталғым келеді. Адвокат пен прокурордың теңдігі айтылып қалды. Бұл мәселе өте өзекті. Бұл жайында Президент Әкімшілігіне бірнеше мәрте хат та жаздым. Бізде, адвокат пен прокурор, яғни қорғаушы мен айыптаушы арасында теңсіздік барын бәрі біледі. Ол үшін заңгер болудың қажеті жоқ. Халықтың арасында «прокурор қандай айып тақса, сот сондай шешім шығарады» деген пікір қалыптасқан. Бұл пікір негізсіз емес. Дамыған елдерде адвокат пен прокурордың теңдігі толықтай қамтамасыз етілген. Әрине, бірінші рет жоғары деңгейде Президент аузынан осындай сөздің шыққаны қуантады. Тиісті заң шығарылып немесе заңдарға өзгерістер енгізілсе, біз өз тарапымыздан қолдау білдіреміз.Екінші мәселе – Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекске тым жиі өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі. Расында да, бұл кодекстер тұрақсыз заңдар қатарына жатады. Мұның құқықтық салдары орасан зор. Егер ҚК пен ҚПК тұрақсыз болса, онда сот үкімдерінің бірізділігі мен сот практикасының қалыптасуы туралы әңгіме қозғай алмаймыз. Себебі бір күнде қырық құбылатын заң теріс әсерін тигізеді. Статистикаға сенсек, 2014 жылы қабылданып, 2015 жылы қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекске 35 рет өзгеріс енгізілген. ҚК-те 486 бап болса, соның 300-ден астамына, яғни үштен екі бөлігіне өзгеріс енген. Меніңше, бұл шетел заңдарын Қазақстан жағдайына сай келе ме, жоқ па, мұны ескермей көшіре салудың салдары. Менің ұсынысым осы заңды құрастырушылар мен заңды қабылдаушылар, яғни заң шығарушылар жауапкершілігі жайлы сөз қозғайтын кез келді. Егер олар қабылдаған заң ертең өмірдегі жағдайға сәйкес келмей, қайта өңдеуді талап етіп жатса, оларға жауапкершілік қарастыруымыз қажет. Сапасыз заңның салдары қиын, бұл құқықтық нигилизмге әкеп соғады.Айгүл СОЛОВЬЕВА,Қазақстан Экологиялық ұйымдарықауымдастығының басқарма төрайымы:– Президент Жолдауынан баса айта кететін жайт – әлеуметтік бағдарлама. Соның ішінде зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін баспана алу үшін қолдану, мұғалімдерді қолдау, дәрігерлердің жұмыс істеу мотивациясын арттыру үшін дұрыс жалақы қою, тағысын тағы. Бұдан тыс сот жүйесінің реформасы мен соттағы бәсекелестік қағидатын сақтау үшін саланы оңтайландыру маңызды. Экономикаға байланысты айтар болсақ, негізгі принцип – бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру мен қаражатты әділ бөлу бизнес субъектілеріне ашық және қолжетімді негізде жүзеге аспақ. Квазимемлекеттік және мемлекеттік секторды оңтайландыру да маңызды. Бұл тұрғыдан тікелей Президентке бағынатын Стратегиялық жоспарлау агенттігін құру дұрыс, ал Үкімет атқарушы функциясын атқара береді. Ауылға да, агрокешенге де көп мән берілді, әкімдер сайланады. Әр әкімдіктің бюджеті болады. Қала балалары сияқты ауыл балалары да білімге толықтай қол жеткізуі керек. Сандық жүйемен қамтуға да маңыз берілді. Жасыл экономика мәселесі де көтерілді. Көмірқышқыл газының төмендеуіне байланысты ой айтылды. Бұл нені білдіреді? Бұл жасыл экономиканың сапалы әрі жоғары деңгейдегі жаңа жұмыс орындарын беріп отырғанын аңғартады. Президенттің Париж келісімдеріне көңіл бөлгені тектен-тек емес. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселесі баса айтылды. Кінәсіздік презумпциясы қашанда негізге алынуы керек. Меніңше, бұл Жолдау алдыңғы Жолдаудың жалғасы іспетті. Соңғы Жолдауда алдында айтылған бастамаларға ерекше мән беріліп, жүзеге асыру тетіктері нақтылана түскен.Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,«Ұлттық аударма бюросы»қоғамдық қорының атқарушы директоры:– Шыны керек, бұған дейінгі Жолдауды осылай асыға күтпеген едік. Себебі қазіргі қалыптасқан жағдай бәрімізден, бірінші кезекте мемлекеттен айқын жоспар мен белсенді әрекетті талап етеді. Сол жоспардың бағыт-бағдары белгіленді. Өзімізге тікелей қатысы бар маңызды шаралар туралы айтсам, кәсіпкерлікті қолдау аясындағы салық пен субсидия арқылы ынталандыру жоспары өте дұрыс. Әділетті бәсекелестік негізінде кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіру, оларға жол ашу ниетін қолдаймыз. Демографиялық өсімге қайтадан ден қою, «Аңсаған сәби» бағдарламасы сөзсіз қажет. Білім саласындағы жұмысты «Баршаға қолжетімді сапалы білім» қағидасына бағындыру – өте дұрыс. Бұл біздің ұйымның 2011 жылы жариялаған миссиясымен үндес. Соның аясында 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту міндеті орынды. Сонымен қатар Үздіксіз білім алу тұжырымдамасын жасақтау міндеті қойылды. Бұған дейін ол туралы көп айтылса да, нақты әрекет жоқ еді. Тұжырымдама болса, нақты қадамдардан тұратын іс-қимыл жоспары болады деген сөз. Бізге маңызды тағы бір сала – ақпараттандыру. Бұл бағытта әдеттегідей стартаптарды қолдау емес, жетілген отандық жүйелер мен сервистерді экспортқа шығару, IT саласын индустрия ретінде дамыту, оған жарты триллион теңге инвестиция тарту мақсаты да дұрыс деп санаймыз.