– Өз Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дамуының 11 басымдықты бағыты бойынша жаппай қамтитын іс-қимыл жоспарын ұсынды. Бұл қатарға азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, денсаулық сақтау және білім беру жүйесін өркендету, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мәселелері, бұдан бөлек экономикалық өрлеу мәселелерінің үлкен блогы кіріп отыр. Енді депутаттық корпустың басты міндеті – Жолдау ережелерінің өмірде жүзеге асуын сапалы заңнамалық қолдауды жедел қамтамасыз ету болады, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жүктеу мақсатында жыл соңына дейін депутаттар мемқызмет туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер топтамасын қабылдайтын болады.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті сапалы жаңа ұлттық индустрияны дамытудың заңнамалық негізін жетілдіру міндетін қойды. Осыған орай, өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылдау өзекті болуда. Бұл құжат жыл соңына дейін әзірленуі тиіс өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсат-міндеттерін белгілейді.
Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы заң жобасына тоқталған палата спикері жаңа құралды – стратегиялық инвестициялық келісімді енгізу туралы Президент бастамасын заңнамалық қолдаудың маңызына екпін түсірді.
– Үкіметке жыл аяғына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуына таралатын бірыңғай заң жазу жүктелді. Бұл мәселені депутаттар да талай көтерді. Мемлекет басшысы біздің алдымызға басқа бір міндетті қойды: Үкіметпен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге Салық кодексіне, заңдық актілерге ревизия жүргізіп шығуымыз керек, – деді Н.Нығматулин.
Көкейкесті заңнамалық актілер қатарында Экологиялық кодекс жобасы аталды, ол бүгінде Мәжіліс қарауында жатыр.
– Ұлттық парктерді және Қазақстанның өзге де табиғи байлықтарын заң жүзінде қорғауымыз, осы салада құқықбұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік қудалау ісін қатайтуымыз керек, – деді Нұрлан Нығматулин.
Ол депутаттарды құқық қорғау және сот жүйесін реформалаудың, бизнесті күш құрылымдарының шектен тыс араласуынан құтқарудың, сондай-ақ азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен – әлеуметтік желі арқылы қысым көрсетуден қорғаудың заңнамалық ұстынын жасау міндеті күтіп тұрғанын еске салды.
Сонымен бірге, жыл соңына дейін «Қоғамдық кеңестер туралы» заңын қабылдау қажет болады. Заң жобасын Мәжіліс жұмысқа қабылдап алды. Президент «Қоғамдық бақылау туралы» заңын, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу мәселесі жөніндегі заңын әзірлеп, қабылдауды тапсырды.
– Біздің алдымызда орасан ауқымдағы жұмыс тұр. Бұл ретте басты басымдығымыз – Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету болады, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.