Саланы енді реформа күтіп тұрғандай
Жауапты ведомствоның өзі мұның елге заңды табыс әкелер тұтас өндіріс пен индустрияға айналуын қалайды. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер тізбесіне, сондай-ақ дәрілік өсімдіктер тізбесіне енгізілген өсімдіктерді дайындау, плантациялық өсіру және сату жөніндегі қызметпен заңды айналысуға» жол ашуға ниеттеніп отыр. Осы мақсатта «Кейбір заңнамалық актілерге өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның жобасы әзірленіпті. Бір жағынан алғанда, экологияға жауапты меморган қазіргі қатаң заңнаманы табан аудармай қорғап, жер бетінен құрығалы тұрған өсімдіктерге ешкімнің қолын сұққызбауы тиіс еді. Алайда меморган бизнестің жайына бас қатырады. «Себебі жойылу қаупі алдында тұрған не дәрілік қасиеті бар өсімдіктерді өсіріп, сату қызметімен заңды түрде айналысу үшін бүгінде ешқандай құқықтық негіз және заңнамалық реттеу болмай тұр. Ал сирек кездесетін өсімдіктер әлемде дәрілік, коллекциялық және басқа мақсаттарда құндылыққа ие. Салдарынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзу, атап айтқанда жаппай заңсыз жинау фактілері жиі кездеседі», – дейді комитет.Алтын тамырдан айырылып қалмайық
Әзірге Қазақстанда сирек және дәрілік өсімдіктерді тіпті қолдан өсіріп саудалауға да қатаң тыйым салынған: егер құзырлы құрылымдар азаматты сондай құнды шөппен ұстап алса, аяусыз жазалайды. Браконьерлер көбінесе, халық арасында «алтын тамыр» немесе «қызғылт тамыр» аталып кеткен «қызғылт семізотқа» (ғылыми атауы – Родиола розовая, Rhodiola rosea L.) қырғидай тиеді. Өйткені оның емдік қасиеті керемет. Тибет медицинасы онымен жүрек-қан тамырларының және асқазан-ішек жолдарының небір ауруын емдейді деседі. Әлемдегі халық медицинасында ол безгек, бас ауру, діңгене-цинга, белсіздік, тұмау аурулары, қант диабеті, туберкулез, өкпе, бүйрек, тіс және жүйке жүйесі аурулары кезінде – ішірткі, сонымен қатар жаралар, терінің бөртуі кезінде жақпа май ретінде қолданылады. Көшпелілер оны зорығудың аз-ақ алдында тұрған жорық және бәйге аттарының суына қосып ішкізетін болған. «Алтын тамырды» ғылыми медицина да көп пайдаланады: невроздарды, гипотонияны, физикалық шаршауды, ой ойлаудан қажуды, шизофренияны, белсіздікті емдейді. Тиісінше, әлемдегі бұған деген сұраныс та орасан зор. Мысалы, 2018 жылдың қыркүйегінде Алматы облысында полицейлер Көксу ауданының 40 жастағы тұрғынын ұстап алды: оның үй-жайын тінткенде, жойылып бара жатқан өсімдік түрі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген «алтын тамырдың» (золотой корень) 70-тен астам қабын тәркіледі! Балпық би кентінде ұқсас оқиға болды: полиция қызметкерлері жеке үйдің қорасынан жалпы салмағы 877 келі осындай өсімдік толтырылған қаптарды тапты. 2020 жылғы мамырда Черно-Уба орманшылығы аумағында 4 тұрғын ұсталды, олардан жалпы сомасы жарты миллион теңгеге бағаланатын 331 бірлік жабайы «ұсақ жапырақты пияз» (торжуа, аю пиязы, черемша, колба деген атаулары бар) өсімдігі тәркіленді. Бұл фактілер онсыз да тым азайып кеткен өсімдіктердің заңсыз айналымы сұрапыл жүріп жатқанын дәлелдейді. Экология министрлігі талдау нысанында «инспекторлардың жетіспеушілігі кесірінен табиғат қорғау заңнамасын бұзудың барлық фактісі анықтала бермейтінін» мәлімдеді. Мұның сыртында жыл санап басы көбейген төрт түлік мал осы жабайы өсімдіктерді жеп, қалғанын тапап кетуде.Бүкіл әлем қазақ шөбіне көз тігеді
Салада статистика да ақсап тұр. Қолда барына жүгінсек, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана 14 438 тонна мия тамыры (қызылмия немесе солодковый корень) шикізат түрінде экспортқа кеткен. Ал 2016 жылдың 10 айында өңірден 12 мың 117 тоннасы шығарылыпты. Кеден органының статистикасы бойынша қазақстандық мия тамырын сатудың негізгі 3 нарығы анықталған. Нақтылай кетсек, Қытай 2014 жылы – 21 404,5 тонна, 2015 жылы – 14 651,9 тонна, 2016 жылы – 9 500,8 тонна; Түркия 2014 жылы – 411,7 тонна, 2015 жылы – 1 мың 46,4 тонна, 2016 жылы – 171,3 тонна, ал Америка Құрама Штаттары 2014 жылы – 182 тонна, 2015 жылы – 764,5 тонна, 2016 жылы – 300 тонна мияны қазақ елінен тасып әкеткен. Енді қараңыз: Қазақстанның ботаника және фитоиндустрия институтының ұсынымына сәйкес, осы өсімдікті қалпына келтіру үшін мия тамырын дайындау көлемі келесі 5 жылда үзіліс жасалған жағдайда бір жылда 1150 тоннадан аспауы тиіс! Дегенмен министрлікті басқа нәрсе алаңдататындай. «Қазақстанда қорғалатын өсімдік түрлерін жинап сатуға рұқсат алудың еш заңды мүмкіндігі жоқ. Өсімдіктер табиғатта жиналды ма, әлде бақшада өсірілді ме немесе басқа адамнан сатып алынып, қайта саудаға қойылды ма, бәрібір оны сатуға тыйым салынады. Себебі бұлай жіктеу заңда көрсетілмеген. Нәтижесінде, мұның бәрі құқықбұзушылық болып есептеледі», – делінген жаңа заң жобасының талдау нысанында. Бұл құжаттың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер тізбесіне, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен дәрілік өсімдіктер тізбесіне енгізілген өсімдіктерді дайындап, плантациялық өсірумен және сатумен шұғылданатын ұйымдарға және 200-ден астам фармкомпанияға бағдарланғаны айтылды.Қызыл кітап vs қырғыз үлгісі
Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің байламынша, «Қазақстан дәрілік өсімдіктерді, оның ішінде мия тамырын өсіру, дайындау және өңдеу бойынша әлеуетке ие». Мия тамыры Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында өседі. Бұл жерде меморган қырғыз елін үлгіге келтірді. «Көрші Қырғызстанда дәрілік шөптерге сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде қырғыз кәсіпкерлеріне табыс әкеледі. 2017 жылы Ыстықкөл өңірі шетелдік фармацевтикалық компаниялармен жасалған шарттар негізінде 129 мың доллар сомасына 30 тонна дәрілік шөпті экспорттады. Ал 2018 жылы экспорт 134 мың долларға жетті», – дейді комитет. Бұл салтанатты, қымбат 1 жеңіл көліктің бағасы. Әрине, посткеңестік кеңістікте бұдан да табысты елдер бар екен. Мәселен, Украинаның мемлекеттік статистикасының мәліметінше, 2017 жылы жергілікті кәсіпкерлер әртүрлі дәрілік өсімдікті экспорттаудан 7,5 миллион доллар табыс көріпті. 2018 жылғы сауда қорытындысында бұл көрсеткіш 10 миллион доллардан асқан. Осы орайда Қазақстанның экология ведомствосы Кәсіпкерлік кодексіне жаңа норма қосып, «Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет саласын» енгізбек. Заң жобасы қабылданса, кәсіпкерліктің осы түрімен айналысқысы келетіндер мемлекеттен рұқсат алуы керек болады. Сонда дәрілік, құнды өсімдіктерді теру заңдастырылады, «көлеңкелі», заңсыз схемалары азаяды, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Егер бұл сала заңдастырылса, оған шетелдік инвесторлар келуі ықтимал. Әлден қызығушылық танытуда. Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының» директоры Чу Джун Хуа (Chu Junhua) өтінішпен жүгінді. Шың елінің институты Қазақстанда ЖШС түрінде өз бөлімін ашыпты. – Біздің компания дәрілік өсімдіктер шикізатын жинау, өңдеу және экспорттау қызметін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол себепті бұл қызметке қандай рұқсат құжаттары топтамасын алу қажет болатынын түсіндіруді сұраймын. ДСҰ-ның Сауда және тарифтер жөніндегі бас келісімінің ХI-бабына сәйкес, ұйымға мүше бірде-бір ел өнімді сыртқа шығаруға, соның ішінде экспорттық лизенция немесе квота түрінде қандай да бір тыйым салуға құқығы жоқ. Білгеніміздей, Қазақстан заңнамасы бойынша дәрілік шөптерді жинау қызметі лицензиялауға жатпайды. Ал халықтан дәрілік шөптерді сатып алатын пункттер ашу үшін қандай рұқсат қағазы керек? Оған дәрілік шикізат тапсыратын жеке адамдарға талап қойыла ма?» – деп сұрады Чу Джун Хуа. Оған ресми блогы арқылы жауап берген Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жабайы өсетін дәрілік шикізат «Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шаралары туралы» хаттамасында қарастырылған тауарлардың бірыңғай тізбесіне кіретініне назар аудартты. Ендеше сол тізбеге сәйкес дәрілік өсімдіктер шикізатының экспортымен айналысу үшін лицензия алу міндет.Жеміс тергенге жаза бар
Қазақстанда өсімдіктер 12,5 миллион гектар аумақта өседі және жазық пен таудағы 10 түрлі экожүйеден тұрады. Еліміз бұл жөнінен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 3-орында. Рас, қопа-қамыс, меңдуана, сарғалдақ, арамшөптердің құны жоқ. Ондайдарды қоспағанда, қазақ жерінде ғылыми тілде «жоғары өсімдіктер» деп дәріптелетін 5 754 құнды түрі бар. Ғалымдардың байламынша, қазақ өсімдіктеріне эндемизмнің жоғары деңгейі тән: қарапайым тілмен айтқанда, жоғары өсімдіктердің 14%-ы елімізде тек белгілі бір орында ғана өседі. Яғни, өзге өңірлер мен жерлерде таралмаған, кездеспейді, жерсінбейді. Ал Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сай, республикада сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің тізіміне («Қызыл кітапқа») өсімдіктердің 387 түрі кіреді. Тұтастай алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда – қорықтар мен ұлттық парктерде жойылу қаупі төнген түрлердің кемінде 60%-ы өседі. «Мемлекет олардың жай-күйін бағалауға бағытталған гранттар бөӨліп, арнайы жобаларға бастамашы болады. Кейбір жобалар грек жаңғағы, пісте-фисташка секілді жаңғақ өсімдіктерінің, сондай-ақ көптеген сәндік-декоративті өсімдіктің коммерциялық плантацияларын құру арқылы сирек кездесетін түрлердің ауқымын қалпына келтіруге және кеңейтуге бағытталған. Мұндай шаралар орман шаруашылығы мекемелерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ғылыми ұйымдарда, мысалы, ботаникалық бақтар мен дендропарктерде жүргізіледі. Әралуан санаттағы түрлердің кемінде 10%-ы өсіріледі, арасында Тянь-Шань шыршасы, Сиверс алма ағашы, грек жаңғағы, қарапайым пісте, долана түрлері бар», – деді Экология министрлігі. Мамандар бұл саланы бір ретке келтіру қажет деген пікірде. Әйтпесе, арнайы рұқсаты болмаса, елде саңырауқұлақ пен жидек жинауға да рұқсат етілмейді екен: ол үшін «орман билетін» алу керек. Қазақстандықтар елімізде негізінен Алтайдың, Бурабайдың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның орманды-таулы жерлерінде өсімдіктер, саңырауқұлақтар, жидектер, жаңғақтар жинайды. Бұл халықтың дәстүрлі кәсіпшілігі, дегенмен кейде құқықбұзушылық қатарына да кіріп кетеді. Атап айтқанда, 2017 жылы – 7 007 адам осы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 105 миллион 268,9 мың теңге айыппұл салынған. 56 адам жазаланыпты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 671 адамға жетті, олар 102 млн 733 мың теңге айыппұл төледі, 77 адам қылмыстық жауапкершілік арқалады. 2019 жылғы 10 ай ішінде 6 074 адамға 70 млн 522,9 мың теңге сомасында айыппұл салынған. 48 адам табиғаттың бергенін теремін деп қылмыстық қудалауға ұшырады.Елдос СЕНБАЙ