Волонтерлер лигасы жаңа бастамаға жол ашты
Волонтерлер лигасы жаңа бастамаға жол ашты
253
оқылды
Пандемия кезінде әр өңірдегі ерікті жастар дәрігерлер мен нау­қастарға көмек жеткізіп отыр­ғанын білеміз. Сондықтан қы­сыл­таяң шақта ақ халатты­лардан кейін еңбегі сіңген жан­дар ре­тінде волонтерлерді атап өткен жөн. Бұл жайлы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. – Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Осы қиын сәтте біздің тату халқымыз бірікті. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген ке­селге қарсы тұру маңызды еке­ні анық байқалды. Дәрігер­лерге, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлеріне, әскери қыз­метшілерге, еріктілерге, кәсіп­керлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азамат­тарға шын жүректен алғыс ай­тамын. Сіздер айрықша табан­дылықтың және зор жауапкер­шіліктің жарқын үлгісін көр­сеттіңіздер. Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің кө­рінісі деп санаймын, – деген еді Президент. Осы орайда «Қазақстан волон­терлер лигасының» тө­райымы Айсұлу Ерниязова ерік­тілер игі іс бағытында әрқашан жұдырықтай жұмыла береріне сенім білдіріп, Мемлекет бас­шысының Жолдауын орындауда жастар күш біріктіретінін жет­кізді. – Жуырда ғана Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан хал­қына кезекті Жолдауын тыңда­дық. Сонда бір аңғарғанымыз – жастардың бойында еңбек құн­дылығына деген қабілетті арт­тыруымыз тиіс екен. 2013 жылы «Еріктілер лигасын» құрудағы мақ­сатамыз да осы еді. Жастар­дың жобасына қолдау білдіру жайлы ой сол кезде туындады. Мысалы, EXPO-2017 Халықара­лық көрмесінің кезінде волон­тер­лердің атқарған қызметі көп болды. Көрмеге қатысқан әрбір бесінші волонтер біздің «Ерік­тілер лигасының» мүшесі еді. Сондықтан қоғамдық қызмет көрсету, елдің дамуы бағытын­дағы жобаларға еріктілерді көп­теп тартқанымыз жөн. Бұл тұр­ғыда «Jas Otan» Жастар қанатын үлгі етсек болады, – деді ол. Сонымен қатар Biz Birgemiz акциясы да пандемия кезінде ел азаматтарына демеу болды. Акция арқасында 550 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетілді. «Дәрігерлерге мың алғыс!» ша­расын қолға алған еріктілер акция аясында дәрігерлерге азық-түлік жеткізіп, бар күш-жігерін салған болатын. Енді волонтерлерге де жаңа мүмкін­діктер ашылмақ. Бұдан былай еріктілер өз жобасын ұсынып, соның арқасында 107 шағын гранттың бірін ұтып алуға мүм­кіндік алады. Бұл туралы жиында «Еріктілер лигасының» үйлестіру кеңесінің мүшесі Азиз Орал­бекұлы айтты. – Шағын гранттар байқауы «Ашық Жүрек» жобасы аясында өткізіледі. Жобаға Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі қолдау білдіріп отыр. Барлығы 107 шағын грант бар. Қазақстан Республикасының барлық өңірі бойынша бас­тамашыл топтар үшін 300 000 (үш жүз мың) тең­геден 56 ша­ғын грант, 300 000 (үш жүз мың) теңгеден 42 шағын грант 14 об­лыстың волонтерлері мен волон­терлік ұйымдары үшін бе­ріледі. 500 000 (бес жүз мың) тең­геден 9 грант республикалық маңызы бар қалалардың волон­терлеріне арналған, – деді ол. Шағын гранттар конкурсына қатысуға жеке тұлғалар, баста­машыл топтар, сондай-ақ Қа­зақстанның үкіметтік емес ұйым­дары да қатыса алады. Барлық үміткер liga.org.kz. плат­формасына тіркеліп, толығырақ ақпаратпен танысуына болады. Қазіргі кезде Қазақстанда 200-ден аса еріктілер ұйымы бар екен. Олардың қатарын көбейту – әлі де басты мақсаттың бірі. Осы орайда Қазақстан Волонтерлер лигасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Сұлтан Аллабергенов жастарды еріктілер қатарына қосылуға шақырды. – Біз әр жалынды жасты во­лонтерлер қатарына қосылуға шақырамыз. Ерікті болып, елге көмек еткен жақсы һәм маңызды! Әрі қоғам үшін көп пайда әке­леді. Мейлі, бір-екі сағатын қиса да, азаматтардың көмегі ел алдында абыройын көтеретіні анық, – дейді.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ